Кімнен ғана дарыным кем,
күшім кем, –
деп бір жырды жүз қайталап ішімнен,
ойға батып,
тұрдым ұзақ бейуақта,
көзімді алмай қасиетті мүсіннен.
Ұлылықты көрмесем де сәл күндеп,
бір пенделік болар емес жанды үрлеп, –
қарай бердім қызығып та қызынып,
қазір барып,
қатар тұра қалғым кеп!
Қабақ шытып,
қасиеттім, болма тар,
кім біліпті,
түсе қалса жол қатар, –
Туған елім тастан өріп тұғырын
маған да әлі бір ескерткіш орнатар.
Көкжиекке құлағанда батар күн,
мен де таудан түсіп келе жатармын.
Тұрпатыма тұрар қарап,
халқы да
төрт миллион тұрғыны бар шәһардың.
Төңірегін күнде қызыл гүл басар
дәл осындай ескерткіштен кім қашар!
Сұлу қыздар жиылып кеп түбіне,
жырымды оқып,
түні бойы сырласар.
Бірте-бірте түсінер де нарқымды ел,
өтер талай балбыраған бал түндер…
…Күбір-күбір етуі де мүмкін-ау,
соның өзін көре алмаған әркімдер.
Қимайтындар –
ызғар ойнап көзінде –
табалар-ау тас тұғырдың өзін де.
Ұрыншақтың ұрпағы жоқ деймісің,
жатып атып жаралаған кезінде!
Көңіл бөліп қайте қоям ондайға,
жеткізгенін көрді таза жол қайда.
Туған елім
түбі келіп түсініп,
бір ескерткіш орнатқаны болмай ма?
Қарап қойып жұрағатқа жыр ұқпас,
тұғырымда тұрса болды күліп тас.
Мен дегені келіп-кетіп қасыма,
ел де мені…
көпке дейін ұмытпас!..
Сәкен Иманасов