Бозбала шақ –
таңды таңға ұратын,
Көп еді онда жора-жолдас, жұратым,
Көршіміздің алма бағы бар еді
Көздің жауын алатын да тұратын…
Үздіктіріп,
үзілер шақ келді деп,
Алмалары тұрушы еді-ау мөлдіреп!
Таңдайымнан дәмі кетпей жүр әлі,
Татқаныма көп болса да соңғы рет…
Сараң ба,
әлде саудагерлік салты ма,
Қатал еді көршіміздің қарты да,
Алмасына қызықсақ та,
О жаққа
Аяқты біз басатынбыз тартына.
Қыдырыстап қайтар болсам таңда қай,
Мұрын жарып тұрушы еді-ау бар маңай,
…Еске түссе сондағы бір «қылмысым»,
Әлі күнге қызарамын алмадай.
Әрі-бері өтіп жүріп мың рет,
Қалай ғана байқамағам, құдірет!
Иісі жұпар аңқып өтті алдымнан,
Өн-бойымды шарпып өтті бір леп.
Көзім түсіп қып-қызыл бір алмаға,
Қалшиып та қалсам керек, таңдана.
Тостағандай томпиып-ақ тұр екен,
Жапыраққа жасырынып сәл ғана.
Қалай ғана байқамаған ел бұрын,
Көргеннен-ақ,
Кетті менің дегбірім.
Қайткенде де жеуім керек деп түйдім,
Ақысына төлесем де ер құнын.
Тәуекелге тіреле алмай бір бекем,
Әлгі жерден әрлі-берлі күнде өтем.
«Алтын көрсе періште екеш періштең,
Жолдан таяр» дейтіні елдің шын ба екен?
Бақты айнала биік қоршап тастаған,
Көршіміздің шалынан да жасқанам.
Ақыры бір тәуекелге будым бел,
Тірлігімде, қайтып аяқ баспаған.
Әкем өлген жоқ еді ғой алмадан,
(Әлі күнге өзім де оған таң қалам)
Жұдырықтай жеміс үшін
Бір іске
Белді будым бұрын-соңды бармаған.
Қызыл алма қуанышқа бөлердей,
Құмарттым да қалдым соған өлердей.
Тұрып алды көзіме оттай басылып,
«Енді қашан, енді қашан?» – дегендей.
Көз алдымда уылжып та нұрланып,
Күні-түні қызыл алма тұрды анық,
Қызықтырып қоймағасын мен бірде
Баққа кірдім баукеспедей ұрланып…
Содан кейін… Аз уақыт өткенде,
«Қызыл алма» хабары да жетті елге…
Әлі күнге жерге кіре жаздаймын,
Ауық-ауық еске түсіп кеткенде,
…Өмір мені осылай да «сынады»,
Енді, оқушым, еске сақта мынаны:
Содан бері қызыл алма кезіксе,
Аулағырақ зытқым келіп тұрады.
Сәкен Иманасов