Жамылып күзгі аспанның бұлтын қалың,
Сыңсыдың сонша неге, сұңқылдадың?
Тобыңмен тізіле ұшқан ерке күннің
Еске алып барамысың, шіркін,бәрін?
Топ түгіл… қасында жоқ сыңарың да,
Барады-ау кеудең толып, сірә мұңға.
Кім екен сені жалғыз шырылдатқан,
Жайлатпай
жаздайғы ыстық тұрағында?!
Шыққандай көмейіңнен қыстығып үн,
Басыңа қандай бейнет түсті бүгін?
Осылай оқта-текте қоя ма әлде,
Көрсетіп
көк те
өзінің күштілігін?
Жаным-ай, жетпегендей жылауға әлің,
Жүрегің суырыла тырауладың, –
Баяндап барамысың
баршамызға,
Басыңнан бақытты шақ бір ауғанын?!.
Біз жақта бұрынғыдай ән қызбай ма,
Барасың бебеу қағып жалғыз қайда?
Кешегі қызыл қырман, қыз дәуренің,
Еріксіз еске түсіп, қан мұздай ма?
…Көтеріп өзі көрген бар азапты,
Бетке алып беймәлімдеу дала жақты,
Жамылып қалың бұлтты жалғыз тырна,
Сұңқылдап, сыңси ұшып бара жатты!.
Сәкен Иманасов