Кәрісі бар,
Жасы бар өр кескінді,
Жиында бір
Жиналып жерлес түрлі
Қауқылдасып,
Кеу-кеулеп,
Көтермелеп,
Әйдә келіп
Біздерді белдестірді.
Ондайда түру қайда көп бөгеліп,
Омыраулай
Ортаға өктем еніп,
Белбеуге тиді ме қол,
Тимеді ме –
Шарт та шұрт жағаласа кеткен едік.
Балалардың күші де, «өнері» есте,
Қойып кетпей тұрам ба мен егеске,
Жүрген де едім, көбіне жер иіскетіп,
Күндегі қызылшеке төбелесте.
Қала алмадым дүрмектен шетте мен де,
Қоймады оған
Дүрлігіп кеткен ел де,
Сынамақ –
мықтымын ба, осалмын ба,
Дос алдында сыналмақ бет-бедел де.
Басым түсер бәрінен бет-беделім,
Көңілім де ол кезде көкте менің,
Көзді ашып-жұмғанша алып ұрып,
Абыройын айрандай төкпек едім.
Шаңыма да келмейтін күнде менің,
Шамасы да белгілі бүл неменің,
Әлін білмей әлекке түскен екен,
Қызыл көрген бүркіттей бүрмек едім.
Ә, дегенде күші де кем көрінген,
Кетсем дедім қаусатып мен де бірден.
(Көп алдында
Жер құшып жатқаннан да,
жақсы емес пе құдай-ау, жерге кірген!)
Деген оймен…
Ықтырып тастамаққа,
Қарамауды ойлап ем қас-қабаққа.
Қарсыласым,
Кенеттен белді қойып,
Жармасқаны жағама,
шаш, балаққа.
Құрбы ішінде денелі, ептісі де
Мен сияқты ем беделді, беттісі де.
…Шала бере,
Жамбасқа ала бере
Әлгі неме оңдырмай тепті ішіме.
Ыңқ еткенім есімде…
Құмды құшып,
Аунап барып арқама,
Тұрдым ұшып,
«Қапы кеттім!» – дегенге қаратпады ел,
Дүрілдесе жөнелді,
Дүрлігісіп.
Жүрген едім өзімше жігітпін деп,
Жер еткені-ай шетінен
күліп,
тілдеп,
«Қайраты бар,
амал не, айласы жоқ,
Айласы жоқ бос белбеу шіріктің!» – деп.
Болмасам да алдында еш кінәлі,
Кекетеді,
Зіркілдеп,
сес қылады.
«Қара күштен құдай-ау, не шығады,
Әдіс керек мұндайда!» – десті бәрі.
Қандай ғана албасты басты мені?
Қарап тұрған досымның қашты реңі.
«Әдіс керек шынында!» – дегенде
Оның
Көздерінде тама алмай жас тұр еді…
«Әдіс керек!»
(онысын біліпті кім?)
Жүрегім бар,
білегім,
жігіттігім,
Қапы кеттім бір рет,
Оқасы жоқ,
Оқасы жоқ,
Алдымнан үміттімін.
Деп жұбатып досымды,
өзімді де,
Ұмытып ем әлгі ащы сезімді де,
Айлалы қу алдымнан шыға берді,
Қапыда жер соқтырар кезін біле.
Айланың да сан түрлі сырын біліп,
Кім ойлаған (Біздікі бұрынғы үміт) –
Сол баяғы қарсылас қара бала
Қанша жерде кетерін сүріндіріп.
Отты берген тағдырым,
бетті берген,
Кезіктірді тексіз де,
тектілермен,
Игілермен итжығыс түсе жүре,
Таяқ жедім ергежей ептілерден.
Өмір, шіркін, аяусыз илеп те алып,
Айқасқа да,
шайқасқа үйретті анық…
Қаншама рет жығылып тұрдым екен,
Қанша жерде қабырғам күйреп барып.
Құрдымға да кезігіп құламалы,
Қайтсем екен дегенде бұдан әрі.
«Айла-тәсіл білмейсің,
амал қанша,
Айлаң жоқ», – деп ағайын кінәлады.
Үйретпекке азырақ айла маған,
Ағайын жоқ айнала қайрамаған.
Аңғалдықтың пайдасын көрмесем де,
Дарымаған айласын қайдан алам?
Сәкен Иманасов