Тұратын аспаны да бүркіп өлең,
Осы, дос, Жансүгіров жұрты деген.
Анау ғой асау өзен Ақсу атты,
Алқынып,
Алыс барып күркіреген.
Басталып баяғыдай Демікпеден,
Айтудан ақын әнін зерікпеген.
Бұ жердің балауса әуен бұлағы да,
Арынды Ақсуына еліктеген!
Шетінен – аруы ма, нар ұлы ма, –
Шалдыққан Ілияс-жыр «шалығына»,
Естіліп тұрғандай-ау Матай жақтан
Молықбай қобызының сарына да.
Балқаш болып бар арман, барлық үміт,
Бас бұрмай бұрқыраған, жарға ұрынып
Ақсудың суында да, нуында да
Жатады ақын даусы жаңғырығып.
Көптен-ақ көрсем деуші ем кезігіп бір,
Ақсуым, ендігісін өзің ұқтыр!
Әйтеуір, Ілиястай әулие леп,
Айнала әрбір үннен сезіліп тұр!
Көңілге дауаң қайсы көп тілесе.
Жүрегім шымырлап та өтті неше,
Сенуім сөзсіз еді…
Ілиясты
Дәл қазір қалғып қана кетті десе..
Сәкен Иманасов