Байырғы баллада

Еріксіз қаратқандай отты реңі,
Өзі де ер жігіттің өткірі еді,
Жарқылдап көрінгенге осы қырда,
Төбесі досының да көк тіреді.
Сұрамай жолды ешкімнен, төрді ешкімнен,
Аңқылдап жүруші еді өр кескінмен.
Жұрт одан жөн сұрасып жатпайтын да,
Кімдермен туыс еді, Жерлес кіммен.
Алаламай ананы-мынаны да,
Ілмеді қаңқу сөзді құлағына,
Тең тұтып та кететін кіші ініні,
Сәл-сәл бір кісілігі ұнады ма.
Ойы жоқ ешкімнен де оздым деген,
Кісінің кемшілігін көзге ілмеген.
Жолдастың жарасына жамау болып,
Тоқтығын, жоқтығын да сездірмеген.
Дос көңілін айтқызбай анық көріп,
Жадыратып кететін, жанып келіп.
Қамыққанның қасынан табылатын,
Тарыққанға – қалтасын қағып беріп.
Күні жоқ кісі десе тарығатын,
Бәріне де ағынан жарылатын,
Іздеп келіп жататын не қиырдан
Танысының танысы табылатын.
Өзі де жолдастарын көп іздейтін,
Ешкімге
«…Келмей кеттің!» – дегізбейтін.
Бір көргендер сүйсініп:
«Мынаның ба,
Жүрегі жақсылықпен егіз!» – дейтін.
Көз қырын да салмастан күңкілге кей,
Іздеуші еді достарын күн-түн демей.
Думандатып кететін жүрген жерін,
Отырғанда өзге бір жұрт үндемей.
Кеудесі қоймасындай жырдың да анық,
Жүргенін көрмейтінсің бір күн налып.
Қашан болсын, әйтеуір болбырамай,
Домбырадай тұратын күмбір қағып.
Не десек те…
Жігіттің төресі еді,
Құлағына кірмейтін ел өсегі,
Жақынға да, жатқа да еш күмәнсіз,
Тұмансыз көрінетін келешегі.
Әйтсе де…
Төрт аяқты ат емес-ті.
Пендешілік оған да жат емес-ті.
Өрттей жанып жүргенде
Осы жігіт
Ойда жоқта ойсырай қателесті…
Өмір оған әп-сәтте қырын келді,
Құдай-ау,
Қырын келді, сүрінді енді…
Жақсылыққа жаралған шоқтай жүрек
Қызыл-жоса қан бола тілімделді.
Не болғанын ел түгіл, өзі ұқпады,
Кеткені ме еңсесін езіп халі?
Жоқ,
Тағдырдың «сыйы» деп дара тартқан,
Қарсыласты бәріне төзіп тағы.
Ойлап па еді мұндайдың кез келерін,
Өмір шіркін осылай өзгерерін?
Ел іші де гу-гуге толып берді,
Күннен-күнге көбейіп сөз дегенің…
Сәл-сәл демеп жіберер жүдеу көшін,
Күтті ме әлде,
Кім білсін, тілеулес үн!
Өмір деген осы ғой…
Өмір деген
Біреулерге күлкі де, біреуге сын!
Көп көрген жан ерлікті, ездікті де.
Кім біледі,
Жанашыр сөз күтті ме?
(Басымызға түскенше, беу, жігіттер,
Кісі халін қайсымыз сездік, түге!)
Кешіре алмай кешегі өр кескінді,
Кім білсін,
Сыртынан бір жерлес күлді, –
Келушілер азайып бара жатты,
Іздемеді өзі де енді ешкімді.
Өмір оны оп-оңай илеп көрді,
Содан, бәлки, осылай күйректенді?
Шақырусыз баратын дос үйіне,
Баруды да ақыры сиретті енді.
Жігіт басқа не келіп, не кетпеген,
Өткел де көп шығар-ау ол өтпеген,
Өкіне ме кешегі күндеріне,
Көрінгенге орынсыз өбектеген?
Өкіне ме,
Өзіне өкпелі ме?
Кезіккенді дос санап кеткеніне?
Көңіліне үңілмей,
Көрінгеннің
Күлімдеген көзінен өпкеніне?
Жақсылыққа жеткендей арып-ашып,
Жүргеніне айнала жаның ашып?
Өкпелі ме осынау көңіліне,
Азаматтың бәріне әлі ғашық?!
Жарқылдап отыратын төрде күліп,
Бармайды дос үйіне енді ерініп,
Кешегі терезесі тендестер де.
Кеткендей келе-келе кем көрініп.
Жәбірі бардай-ақ бір, сірә, көрген,
Жүзін де сыртқа салып тұрады елден.
Өзгеріп-ақ шынымен кеткені ме?
Өмір ме әлде өзгеріп шыға келген?!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *