Жиенім, жыр жүйрігі Естемесім,
Өнерден аямаған ештемесін,
СССР, қазақ, қырғыз ел әртісі,
Жүздірген жыр мұхитта дос кемесін.
Манасты айтқан қазақтың баласы деп,
Өзімді әрқашанда хош көретін!
Жалғасы жорғалардың Зәмірбегім,
Өлеңде аса соққан дауыл едің.
Алымқұл, Оспанқұл мен Халық ақын,
Аталарың ардақты тәлімгерің.
Екеуміз Алматыда айтысқанда,
Мен сені бір көргеннен бауыр дедім!
Аяулы ақын ағам Әшірәлі,
Жайлауда «Жылқышы әні»жосылады,
Назарқұл Манасты айтса күңірентіп,
Ыстықкөл айлы түнде тасынады.
Ұрқаш пен Асанханым жырлағанда,
Маржандай асыл жырлар шашылады.
Базарбай, Әлімбай мен Сәлімбайдың
Дауысы ұраныңа қосылады.
Қаба мен Шабай атам қатар келсе,
Көненің тірілгендей ғасырлары.
Сапарбек,Қуанышбек ақсақал мен
Жастары –осы күнгі асылдары,
Үн қосса дарындары, ел қырғыздың
Атағын жұлдыздан да асырады!
Бір бөлек тау көремін Туғанбайды,
Ақпейіл, қазақпен бір туғандай-ды,
Оразбек –актер,ақын, бізге жиен,
Тұлғасы маң-маң басқан бурадай-ды.
Қарыстан сүйем жақын дегенді айтып,
Қазаққа нағашы деп қалжыңдайды,
Өзімді Көкшетауға іздеп келген
Анарбек сүйіп еді Бурабайды.
Абылда, Амантай мен Абдыбали,
Болоттың әуендері жанға жайлы.
Бұрынғы ақындардың бір жақсысы
Жақсылық бір-бірінен қызғанбайды.
Мен сенен артықпын деп кеуде соғып,
Кекетіп кейбіреудей сұрланбайды.
Ақындар дос болмаса,
Тоқтағұл мен Жамбылдың дәстүрлері жалғанбайды!
Танытып ақындықта мықтылықты,
Үшкіріп өлеңімен үскірікті,
Астана аязымен аймаласып,
Елші боп абыройлы іс қылыпты.
Қазаққа бауыр болған, тәуір болған,
Сағынамыз біз Әкбар Рысқұловты!
Ақындар сөйлесін деп топта шалқып,
Айтысқа өз үлесін қосқан артық.
Ақтаңдай –тоқсан үште төс қағысқан
Ардақты Ахун аға Тоқтасартов!
Күйлері «Қырғыз көші», «Қазақ елі»,
Асанбек қомызшы ағам ғажап еді.
Жоланның Долан асқан өр дауысы,
Заманмен алға қарай озады енді!
Қайраткер аяулы жан Шерімбегім,
Танытқан асылдықты тегіндегі.
Ең алғаш Ақтаңдайдың айтысында
Манасты айтқанымды көріп еді.
Құшақтап, мыңжылдыққа шақырам деп,
Жаныма жан жылуын беріп еді,
Өткізіп Манас тойын кете барды,
Ол күндер ыстық болып көрінеді,
Жақсылардың жүрегі жанып тұр ғой,
Жұлдыз болып қырғыздың көгіндегі!
Б.Әлімжанов