Қожамқұл асып туған ер болыпты,
Бар ма екен одан асқан елде мықты?
Етігінің размері–елуекі,
Жүз алпыс килограмм шоң болыпты,
Түйедей жартастарды жерге шөккен
Ырғап-ырғап, ылақтай өңгеріпті,
Қажымұқан екеуін күрестіріп,
Қызықтауды қырғыздар жөн көріпті.
Бішкекте қонақ болған ағасына
Қожамқұл құрметпенен қол беріпті,
Бәсеке жараса ма бауырларға,
Бойы да, ойлары да тең келіпті,
Шаңдатпай жердің бетін, елдің ішін,
Қожамқұл Қажымұқанға жол беріпті!
107Көңілін Қажымұқан бөлді дейді,
Ерлігін Қожамқұлдың көрді дейді,
Құшақтап,арқасынан қағып тұрып,
Ағалық ақ батасын берді дейді,
Жүлдесін жоқ-жітікке үлестіріп,
Алыптар разы қыпты елді дейді!
Не таппақ қазақ-қырғыз жағаласып,
Қалмай ма жағаласса,қара басып!?
Бақытқа бақталастық жеткізбейді,
Жүрейік сіз-біз десіп бағаласып.
Әзілдеп, мен үлкен деп, сен үлкен деп,
Бірімізді біріміз ағаласып,
Егіздей бір-бірінсіз тұра алмайтын,
Айтысып, ойнап-күліп араласып!
Б.Әлімжанов