Ақ қалпақ киіп ат мінсе
Таудай болған қырғызым,
Кәдімгі біздің қазақтан
Аумай қалған қырғызым,
Жайлауда желмен жарысып,
Мыңғыртып малды баққансың,
Көкпар тартып, қыз қуып,
Тау, далада бәйгеге
Дүрсілдетіп шапқансың.
Қомыздан күйді төгілтіп,
Саба, саба қымызды
Саптаяқтан татқансың,
Самалға төсеп кеудеңді
Киіз үйде керіліп,
Жомоғыңды айтып жатқансың.
Азаттықтың ақ орда
Қазығын мықтап қаққансың,
Іргесін берік жапқансың,
Өнерің өсіп өрелі
Аспанда жұлдыз жаққансың,
Мұхитқа құяр өзендей
Әлемге даңқың жайылып,
Айбынданып аққансың.
Қиындардың түйінін
Ақылмен ойлап тапқансың.
Міне, біз мындай елміз,
Мақтанса қырғыз мақтансын,
Өйткені бізге тартқансың!
Ақ қалпақ киіп, ат мініп,
Алатауды айналып,
Ән сап жүрген қырғыздың
Біздер де дәмін татқанбыз.
Әпесер болыпәскерде,
Әнжияннан асқанбыз.
Оштың жерін армансыз
Керзі етікпен күн-түні
Күрпілдетіп басқанбыз,
Ать-дваны айтқанбыз,
Ала-Арчаны тартқанбыз,
Аптабына шыдамай,
Аспанға қарап жатқанбыз.
Қыздарына қырғыздың
Өлең айтып жаққанбыз!
Енді бүгін қарасақ,
Біз жүрген жерде бір кезде
Алшаңдап жүр ғой басқаңыз.
Басқалар басып кетті деп,
Бауырым, бірақ саспаңыз,
Аманат қалған Манастан
Қырғыздың атамекенін
Аман-есен сақтаңыз!
Б.Әлімжанов