Ашамайлы Керей жайында

Ашамайлы Керей жайында
Абақ—ұлы жүз—үйсіндегі Сарымырза деген адамның қызы, Керейдің немересі Дана бидің келіні еді. Абақ тұрмыстанып, бір балалы болғанда күйеуі қайтыс болыпты, Шымыр атты бір баласымен Абақ жесір өтіпті. Бірқанша уақыт өткеннен кейін жесір отырған жас Абақты сол кездегі қазақ салты бойынша әмеңгерлік жолмен уақтың немерелерінің біріне қаратпақшы болыпты. Бірақ Абақ Керей шаңырағын сақтап, баласын ержеткізетіндігін, Керей түтінін өшірмейтіндігін, сол үшін басқаға некеленбейтіндігін айтыпты. Сонымен уақ ұрпақтары мен Абақ ортасында енжарлық туылыпты. Абақ уақ ұрпақтарының қағажуы мен қақпайлауына шыдай беріпті. олардан ізгі ниет, туысқандық көре алмапты, ақыры Абақ баласын алып, төркіні ұлы жүзге көшіп кетіпті. Абақ және жас Шымыр үйсін елінің жанашырлық қамқорлығына ие болыпты. Әсіресе Шымырды нағашы жұрты бетіне қақпай, еркелетіп өсіріпті. Нағашысы өзі барған той-думан, топты жерлерге жиенін бірге алып баратын, сөйтіп, ел-жұртпен таныстыратын болыпты. Бұны көрген бұрын Шымырды танымайтындар: «Мына балаңызды танымадық қой, сізде осындай бала жоқ сияқты емес пе еді?»—деген сұрақ қойғанда: «Бұл менің «Ашамайлы керейім ғой»,—деп жауап береді екен нағашысы. Сөйтіп, жүріп күндер өте келе Шымыр ержетіп, сол елде сыйланып, Шымыр аты ел есінен көтеріліп кетіпті де, оның ұрпақтары «Ашамайлы Керей» атаныпты.
Сол елде медіресе ашып, бала оқытып жатқан заты түрік пе, жоқ өзбек пе, белгісіз Нәзір атты молда бар екен. Абақ ана жалғыз ұлын оқыту үшін медіресеге апарып, молдаға баласын жақсы тәрбиелеп беруді өтініпті. Молда Абақтың кім екенін ұғыса келіп: «ислам діні, шәриғаты жолында жас әйел сөзсіз некелену керек. Ері жоқ некесіз отырған жас әйелдің қолынан тамақ ішуде харам, тіпті сол әйел су алған бұлақтың аяқ жағындағы ел сол сумен дәрет алуға болмайды. Сондықтан сіз біреумен некеленгеніңіз жөн»,—деген пәтуа айтқан екен. Діннің шырмауына тап болған Абақ ана ұзақ ойлана келіп, Нәзір молдаға келіп: «Мен төркін жұртымда отырмын, менің некеленетін әмеңгерім алыста қалды. Егер бұдан кейін мен туған ұрпақты «Керей» деп айтуға мақұл болсаңыз, сізбен некелесем!»—деген тілек қойыпты. Нәзір Абақ ананың бұл тілегіне келісім беріп, Абақпен некеленіпті де, Абақ ана одан бір ұл көріпті. ұлының атын Құттықожа қойыпты. Құттықо жадан Майқы туыпты. Майқының кейінгі ұрпақтарынан он екі абақ керей тараған екен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *