- Көне Қытай мәдениет аясындағы философия
Гегель уақытында айтқанында, Күннің өзі шығыстан шыққаннан кейін, біз де философияның тарихын Шығыс елдерінен бастаймыз.
Бірақ, мұның өзі «Шығыстық» тұжырымына әкелмеуі керек. Жоғарыдағы көрсеткеніміздей, философия бір уақытта Дүниежүзінің кемінде үш жерінде – Қытай, Үнді, Грецияда дүниеге келеді. Философияның мәселелері бір болғанымен, бұл үш цивилизация оларға үш түрлі жауап береді, ұқыпты оқырман оны оқыған кезде байқайды ғой деген үміттеміз.
Сол үш цивилизацияның бірі – ұлы Қытай елі. Ол – бүгінгі таңда заманның қойған Талабына сәйкес жақсы жауап тауып, өте тез дамып келе жатқан ел. Ғалымдардың айтуына қарағанда, XXI ғасырдың отызыншы жылдарында Қытай Дүниежүзіндегі ең дамыған елге, Дүниежүзінің экономикалық орталығына айналмақ.
Қытай елінде болып жатқан жаңару үрдістері сол елдің терең түп-тамыры – 4-5 мың жылға кететін мәдениетімен, сол халықтың дүниетанымы мен дүниесезімі, философиясымен байланысты. Синологтардың айтуына қарағанда, Қытайдың моральдық философиясының негізгі қағидалары бүгінгі заманның талабына сай келіп, реформаларды жеделдетуге өзінің зор ықпалын тигізуде.
Ендеше сол халықтың тудырған философиясын зерттеп,өзімізге керек жақтарын ойымызға түйейік.
Қытай философиясына кіріспестен бұрын бір – екі ауыз сөзді осы халықтың мифологиясына арнау керек, өйткені, қай халық болмасын, оның мәдениеті мен философисының түп тамыры, қайнар көзі сол көне аңыздарға барып тіреледі. Қытай аңыздарында Дүниенің жаратылуына көп көңіл бөлінген. Алғашқы тұңғиықтың ішінде үлкен жұмыртқа пайда болып, оның ішінен дәу алғашқы адам – Пань-Гу,- дейді Қытай мифологиясы. Содан кейін ол оң қолымен сермеп қалғанда, хаос қаққа жарылып, жер мен аспан пайда болыпты. Әрі қарай оның тынысы желге айналып, дауысынан – күн күркірейді. Бір көзінен күн туса, екіншісінен ай пайда болады. Дүниенің төрт бөлігі – оның екі қолы мен екі аяғынан, өзендері – оның қанынан, жаңбыр – шыққан терінен пайда болыпты.
Қытай мифологиясында Дүниенің екі бастауы – еркектік жағы – ян – ол жеңіл, ақшыл бөлшектерден, ал әйелдік жағы – инь – керісінше, ауыр, қараңғы бөлшектерден тұрады. Олардың бір-бірімен әр-түрлі өлшемде қосылуы – бүкіл болмыстағы барлық заттар мен құбылыстарды құрайды.
Б.ғ.д VI-V ғ.ғ Қытай елінде мифологиялық дүниетанымнан философияға көшу үрдістері басталады. Сонау көне заманнан бастап, Қытай философиясында үш негізгі ағым пайда болды. Олар: даосизм – бұл ағымды Қытайдың натурфилософиясы деуге болар еді. Екінші ағым – Кон-фу-циандық – ол Қытай халқының моральдық философиясы, үшінші – Фа-цзямектебі – ол Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы. Бұл ағымдар сонау көне заманда пайда болып, рсы уакытқа шейін осы халықтың дүниетанымында елеулі орын алады.
- a) Даосизм ағымы
Даосизм бағытының негізін қалаушы – Лао-Цзы VI-V ғ.б.ғ.д Даодецзин деген кітапта бұл кісінің айтқан ойларын оның оқушылары мен ізбасарлары 6-б.з.д. ғ.ғ жинақтаған.
Даосизмнің онтологиялық болмыс мәселелері.
Лао-Цзы философиясының негізгі ұғымы – Дао – Қытай тіліндегі көп сөздер сияқты өзінің бойына әр түрлі мағына сіңірген ұғым.
Дао – бір жағынан, Дүниенің қайнар көзі, алғашқы негіз ретінде түсіндірілсе, екінші жағынан ол – аспан заңдылықтары, бүкіл Дүниедегі заттар мен құбылыстар оған бағынышты.
Дүниенің негізінде жатқан Даоны біз мәңгілікті, өзгермейді, бітімсіз, танылмайды, — дейміз. Оған қаншалықты мұқият қарағанмен ол көрінбейді, зер қойып тыңдасақ – естілмейді, оған ат қояйық десек, қалай атарымызды білмейміз – оның аты жоқ. Ол – ешнәрсе, бейболмыс. Дао – бүкіл өмірге келетіннің терең қақпасы.
Ал біз өмір сүріп жатқан нақтылы Дүниеге, бізді қоршап жатқан сан-алуан заттарға келер болсақ, олардың әр-қайсысының аты бар. Олардың бәрі де қозғалыста, өзгерісте, олар – уақытпен шеңберленген – бұл Дүниеге келіп, аяғында Даоға айналып мәңгілікке кетеді.
Дао тудырған болмысты, заттар әлемін Лао-Цзы Де деген сөзбен береді. Дао заттарды тудырса, Де – оларды асырайды. Денелік заттардың бітімін құрайды, инь мен янның күштері арқылы зат қалыптсады. Сондықтан бұл Дүниеде Даоны құрметтейді, Дені бағалайды.
Дао – мәңгілік және аты жоқ. Солай бола тұра оны ешбір бұл Дүниедегі нәрсе өзіне бағындыра алмайды.
Сонымен, Бейболмыс бірінші, нақтылы дүние болмыс – екінші. Дүниедегі барлық заттар болмыстан шығады, ал болмыс бейболмыстан туады. Қазақстанның философ-ғалымы Хамидов А.А атап көрсеткендей “Шығыс философиясында” бейболмысқа креативтік күш беріледі. Сондықтан Батыстағы белгілі тұжырым “Ех nihilo nigil fit”,- лат. жоқтан барлығы пайда болады.
Даосизмде дүниенің қайшылығы, қарама-қарсылықтың бір-біріне айналып жатқаны айқын көрсетіліп, адам өзінің жүріс-тұрысында, іс-әрекетінде оны қалай ескеру керектігі айтылады. “Сұлудың сұлулығы білінген кезде, түрсіздік те пайда болады. Жақсылықтың жақсылығы білінген уақытта жамандық та пайда болады… Сондықтан болмыс пен бейболмыс бірін-бірі тудырады, ұзын мен қысқаны бір-бірімен майысады, әр-түрлі дыбыстар бір-біріне қосылып, гармонияны тудырады. Қарама-қарсылыққа айналу – даоның қозғалысы”. “Мінді мінсіздікті сақтайды” – бұл бос сөз бе? Ол – адамның жетілуінің жолын көрсететін қағида. Сондықтан қиындықтан өту үшін жеңілден бастау керек, ұлы нәрсе кішіден басталады, көп нәрсе аздан тұрады, бақытқа жету үшін бақытсыздықтан өту керек… кім көп жинаса, соншалықты көп жоғалтады. Кім өлшемді сақтаса – қауіптен құтылады. Егер жеңілдікті іздесең, қиындықтар өз-өзінен пайда болады.
Даосизмнің жоғарыда көрсетілген нақыл сөзлері өзінің терең даналығымен бізді таңғалдырады. Онда Дүниенің терең мәні, адамның өмір сүруіне қажетті қасиеттер көрсетілген. Тек оқы да бойыңа тоқы. Аз күнде ұлылық дәрежеге көтерілем деп, беліңді шойыртып алма, күнбе-күн аз-аздап шаршамай-талмай еңбек ет, сонда ғана белгілі нәтижелерге жетуге болады.
Даосизмдегі дүниетанымдық мәселелер.
Даоны тану жолына сезімдік, іңкәрлік бізді оған ешқашанда жеткізбейді. Адам сезімдік жолымен тек қана шектелген нақты заттарды ғана тани алады. Сондықтан, адам іңкәрліктен арылып, тыныштық жағдайға келгенде ғана Дүниеге тереңдей алады.
Дүние әр түрлі заттардан тұрғанмен, олардың бәрі де гүлдейді де, соңынан тамырына қайтып оралады. Оны біз тыныштық дейміз, ол бізді мән-мағынаға жеткізеді, мән-мағына тұрақтылыққа әкеледі. Тұрақтылықты білген адам жетілудің шыңына жетеді. Жетілген адам – іңкәрліктен айырылады. Іңкәрліктен айырылған адам – мәңгілік. Даоны түсінген адам қауіптен құтылады.
Дүниетану жолындағы жасалған ұғымдарды сараптап, олардың біртекті мән-мағнасын анықтау қажеттігін даосизм асыра көрсетті. “Тәртіпті орнатқан кезде аттар қойылды. Заттардың аттары пайда болғаннан кейін, оларды шектеу қажет. Ол қателіктерден құтылдырады”.
Өзіңді танысаң басқаларды да білесің. Бір жан-ұядан басқалардың бәрін де тануға болады. Бір елді танып білсең, бүкіл жер бетіндегі елдерді білгенің,- дейді даосизм.
Әсіресе, жастарға ой салатын иынандай нақыл сөзбен аяқтайық Дана адам білімі бола тұра, оны көрсетпейді, надан адам білмесе де, білімді сияқты болып көрінгісі келеді.
Даосизмнің моральдық, әлеуметтік-саяси көзқарастары.
Даосизмнің моральдық ілімі Кон-фу-Цзы іліміне қарама-қарсы. Кон-фу-Цзидің адамдарын бір-біріне жақсылық жасау керектігі қағидасын сынға алып, олар оны “мен – саған, сен – мағанға” теңеп, оның ешқандай моральдық мәні жоқ тек қана пайда табушылыққа итереді,- деген ойды айтады.
Даосизмнің этикалық идеалы – жақсылық жасауға ұмтылмау. Сондықтан ондай адам – ізгі адам. Мұндай идеяға оларды итерген өмірде көп кездесетін жақсылықтың жамандық болып оралуы болса керек. Сондықтан, даостардың ізгі адамы ешнәрсе жасамай жеңіске жетеді. Күреспей-ақ жеңіске жетеді – дейді даостар.
Даосизм ілімі адамдарға білім беруге, оларды ағартуға қарсы, ал білімді адамдардың өзін іс-әрекет жасауға жібермеу керек,- деген пікір айтады. Өйткені, әрекет жасамау, барлық заттардың өзінің мақсатына лайықты өзгеруіне, өзіне-өзі жеткілікті болуына әкеледі.
Ал енді басқару мәселесіне келетін болсақ, онда олардың пікірінше ең жақсы ел басын тек оның бар екенін ғана халық біледі. Ал халық сүйетін және көтеретін ел басы – екінші дәрежеде. Содан кейін халықты қорқытып ұстайтын ел басы келеді. Егер халық ел басынан жиіркенсе – онда ол ең жаманы.
Даосизм ел әділеттік арқылы басқарылады, соғыс,қулық арқылы жүреді,- дейді. Елді басқару дәрежесіне көтерілу ешнәрсе жасамау арқылы болмақ.
Егер елбасы ешнәрсеге килікпесе, онда қоғам өмірінде тыныштық, барлығы да өз орнымен келе береді. Егер үкімет тыныш болса, онда халықтың көңілі де жайлы. Бірақ, үкімет неше түрлі іс-әрекетке барса, онда халық бақытсыздыққа ұшырайды.
Даостар — соғысқа қарсы. Соғыста болған жеңісті мадақтау – адамдарды өлтіргенмен тең. Сондықтан ізгі басшы көршілерімен тату тұруға, егер қайшылықтар пайда болса, оны бейбіт түрде жол беру арқылы шешу керектігін айтады. Сондықтан, қашанда соғысты бірінші болып ашудан бас тартқан жһөн деп есептейді.
б) Кон-фу-Цзы ілімі – Қытайдың моральдық философиясы.
Кон-фу-Цзы (551-479 б.ғ.д) – Қытай халқының ұлы ойшысы, саяси қайраткері, тәрбиешісі, осы уақытқа дейін өзінің ықпалын тигізіп келе жатқан философиялық ағымның негізін қалаушы. Негізгі еңбегі “Лунь-уй”.
Кон-фу-Цзы философиясында қойылған онтологиялық мәселелерге келер болсақ, ойшы өзінің болмысқа, дүниеге деген жалпы көзқарасында сол кездегі қалыптасқан ой-өрісінің шеңберінде болған. Аспандағы дао заңдылықтарына табынып, тағдырға сенген. Мысалы, “Лунь-уй” кітабында ол кісі былай дейді: Аспан жөнінде не айтуға болады? Жылдың төрт маусымының ауысуы, болмыстың дүниеге келуі. Басқа не айтуға болады, Егер кімде-кім тағдырды мойындамаса, оны нағыз ерте жатқызуға болмайды,- дейді ұлы ойшыл.
Моральдық мәселелер.
Кон-фу-Цзыдың адамзат тарихында ұлы ойшыл ретінде осы күнге дейін сақталуы – оның моральдық-этикалық көзқарастарында. Оның әлеуметтік-саяси көзқарастарының өзі осы моральдың тиістілік шеңберінде қаралады.
Кон-фу-Цзы еңбектерінен біз “бес тұрақтылықты” табамыз. Олар адамгершілік, адамды сүю, әділеттілік, әдеттілік, даналық, ақыл-оймен тоқулық, сенімділік. Осы бес тұрақтылық арқылы адам дао жолына шыға алады.
Кон-фу-Цзы өзінің моральдық ілімінде “адамдардың өзаралықтығына”, “алтын ортаңғылыққа”, әке-шеше мен аға-апаны сыйлауға, адамдарды сүюге шақырады. Ол кісі жақсылықтың жақсылық болып қайта оралуына сенген.
Біздің баса көрсеткіміз келетін тұрақтылық – ол ли әдеттілік. Кон-фу-Цзыдың айтуына қарағанда, халық өзінің ғасырлар тарихында қалыптасқан әдет-ғұрыптарын сақтап, сыйлау керек. Әдет-ғұрпынан айырылған халық тарап кетеді,- деген ой айтады.
Расында да, қазақ халқы бодан болған өзінің тарихында, әдет-ғұрпынан толықтай айырылып қала жаздады. Әсіресе, кеңес заманында әдет-ғұрпын сыйлаған адамдарға ұлтшылдық таңба тағылып, қудаланған болатын. Сондықтан халықтың мәңгүрттенуі де көбінесе, осыған байланысты болды.
Кон-фу-Цзыдың айтуына қарағанда, адамдарды екі түрге бөлуге болады. Олар “ізгі адам”(цзюн-цзы) және “ұсақ адам”(сяо-жень).Ізгі адам өз алдына үлкен талаптар қояды, ал ұсақ адам талапты басқалардың алдына қояды.
Әлеуметтік-саяси көзқарастар.
Кон-фу-Цзы өзінің әлеуметтік көзқарастарында әрбір топтың тарихи қалыптасуында өз орны болуы керек және олардың арасындағы қарым-қатынстары – әдет-ғұрыптың негізінде ретке келіп отыруы керектігін көрсетті. Ел басыел басы орнында, қызметші – қызметші орнында, әке-әке орнында, ұл – ұлдың орнында – дейді ұлы ойшыл.
Сонау көне заманда Кон-фу-Цзы заң мен моральдың арасын айқын ашып, өзінің таңдауын моральдық нормаларға, адамдарды заңдардың талабын орындауға мәжбүр еткеннен гөрі адамның сана-сезіміне ықпал жасап, керекті талаптың әділеттілігіне көзін жеткізу арқылы қоғамды басқарған ұтымды деген пікір айтты.
Мемлекеттік істерді қалай жүргізуге болады? – деген оқушыларының сұрағына Кон-фу-Цзы былайша жауап береді: Азық-түлік молынан болуы керек, қару-жарақ та жеткілікті болуы керек және қарапайым адамдардың үкімет басындағыларға сенімі болуы керек.
Егер мемлекет басына күн туса, онда қайсысын құрбан етуге болады,- деген келесі сұраққа, ол бойынша жауап береді: қару-жарақты құрбан етуге болады. Ал, тағы да құрбан етуге керек болса? Онда азық-түліктен бас тарту керек. Сонау көне заманнан осы уақытқа шейін адамдар аштықтан өледі. Бірақ халықтың жүрегінде үкіметке деген сенім азайса, онда ол мемлекет тұрақты болуы мүмкін емес,- деген ғажап терең пікір айтты. Бұл пікірді біздің қазіргі заманымызға таратып, реформаларға баға берсек, Қытай реформаларының алға басуы халық пен үкімет басындағы адамдардың арасындағы берік сенімдіктің болуы.
c)Фа-Цзя мектебі – көне Қытайдың әлеуметтік-саяси философиясы.
Көне Қытай философиясының тағы да бір ерекше ағымы,- ол “фа-цзя” мектебі. Бұл ағым, негізінен алғанда, Конфуциандық ілімге қарсы бағытталған ілім..
Фа-Цзя мектебінің негізін қалаушы Хань-Фей-Цзы(280-233 б.ғ.д.) Ол өзінің болмыс ілімінде Даоны бүкіл дүниедегі барлық нәрселердің табиғи заңы ретінде қарады.
Фа-Цзя мектебінің ел басқару мәселелеріне келетін болсақ, олар адамның табиғатының өзімшілдігіне негіздеп, оны шешті. Мысалы, Хань-Фей-Цзы, халық тек қана пайда мен жалақыны жақсы көреді де, жаза мен дарға асуды жек көреді. Ал оның бәрі е басының қолында. Сондықтан, ел басы қоғамда тәртіп орнатуы үшін бәрін заң арқылы ретке келтіруі керек. Заң қысқа, әрбір адамға түсінікті болуы керек. Қоғамда жаза көп, құрметтеу аз болса – жақсы. Қайсыбір заңды бұзушылық қатты жазалануы керек. Бірақ, кімнің заңды орындамағаны, бұзғанын қалай білуге болады?,- деген сұраққа, фа-цзя мектебі өз айлаларын алға салады. Ол үшін адамдар өзара бірін-бірі бақылап жүрулері керек. Оны қалай істеуге болады? Ол үшін адамдардың жүрегіне қорқыныш сезім кіргізу керек. Сондай жағдайда адамдардың өздері-ақ бірін-бірі көрсете бастайды.
Осы фа-цзя мектебінің талаптарын үкіметтің саяси идеологиясына айналдырып, Қытай императоры Цинь-Ши-Хуан өз елінде аса қатыгез басқару жүйесін орнатқан болатын.
Сонымен, Қытай халқы көбінесе моральдық жолмен тәрбиелнгенмен, заңдық басқарудың да барлық қиыншылықтарын өз басынан өткізді. Соңында моральдық тәрбиені заң жолымен қоғамдық қатынастарды ретке келтірумен ұштастырды.
Фа-Цзя мектебінде ашылған саяси технологиялар мыңдаған жылдар өткеннен кейін тоталитарлық диктаторлық тәртіптер орнаған жерлерде кеңінен пайдаланылды.
Материалистік ұғымдар.
Әрине, Қытай философиясында материалистік ағымдар да болды. Мысалы, “ци” ұғымы Демокриттің атом ұғымымен тең, олар көзге көрінбейтін, әр түрлі салмақты ұсақ бөлшектер. Мысалы, Сюнь-Цзы Қыйтайдың аспанға табынуы әдетіне қарсы шығып, былай деді: Аспанға соқыр сенімдіктің негізінде табынғанша, заттарды көбейтіп, аспанды неге бағындырмайсыз? Біреу сұрады: Егер рух болмаса, онда Құдайға табынып сұрағаннан кейін неге жаңбыр жауды? – Мұнда ешқандай таңғалатын нәрсе жоқ, өйткені жаңбыр Құдайға табынғанға дейін де, кейін де жауады т.с.с
Дегенмен, Қытай философиясында идеалистік ағымдар басым болып, негізгі философиялық толғаулар адам мәселесіне, қоғамның әлеумттік-саяси жақтарына, басқару жүйесіне, моральдық сұрақтарға арналды.