Шарықтап,
шыр айналып күнді асыға,
қалықтап шықты қыран шың басына,
Қояды қоразданып өзі-өзінен,
сұқтанып самұрықтай тұлғасына.
Қанаттың тең келер ме енді бұған,
құс қайда қызғанатын төрді бұған? –
деп те бір, асқақ қарап отырғанда,
жыланды жорғалаған көрді қыран.
Қарадай қайран болып, таң қалады:
– Қайдансың, құдіреттің қарғағаны?
Сен түгіл, бұл араға жетпеп еді
қанатты қарақұстар, қарғаң әлі…
(Тіленіп тірілерге ұрынардай –
жексұрын, жаман еді түрі қандай) –
– Жорғалап қайда бара жатырсың сен,
жотада жеті атаңның құны бардай!
(Бүйірден
бұғып келіп ұмтылардай,
сұмырай, суық еді сұрқы қандай!) –
– Жақпар тас сені қалай жолатып жүр,
қияда құйрығыңды қырқып алмай?
– Жалықпай, – деді жылан, – мен дегенің,
жорғалап жылдар бойы өрмеледім.
көргенде көлденеңін жақпар тастың,
ерінбей орағыта берген едім…
Көрмедім бас көтеріп, жерде – кеудем,
келемін әлі күнге өрмелеумен…
Сәкен Иманасов