Кім білсін кез болғанын мұнда қалай,
бұрылып былайғыға бір қарамай,
теңселмей дауылға да,тіп-тік болып,
ішінде дүт орманның тұр қарағай.
Назары шынымен-ақ шыңға ауып па,
құмары қырқа ма еді,
құмдауыт па, –
жанына жақпай тұр ма, сая мына,
оралған аяғына шырмауық па…
Жібек жел күні-түні әлдилеген,
жанында жүз бұралып тал билеген,
Ақырын айнала бір қарап қойып,
аш көзін ашып-жұмып қалғиды емен…
Сыбырлап, сыпсың қағып шілік, тегі,
сусылдап, қолтығына кіріп пе еді, –
қаумалап қалар емес, қайдағы бір
томары – домаланған
шіріктері.
Қалыңға қызыл қайың әрең еніп,
Қарайды анадайдан…
дәмеленіп.
Қасына, қамыт аяқ қара ағаш та,
талтайып тұра қапты және келіп…
Кім білсін, кез болғанын мұнда қалай,
бұрылып, барлығына бір қарамай,
ішінде дүт орманның тіп-тік болып,
жабырқап, жалғызсырап тұр қарағай!..
Сәкен Иманасов