Келіп-ақ қалғаның ба, қырық бесім,
алқынба,
ару қыздар үрікпесін,
тұра тұр,
шошымасын шабытым да,
түріңнен түңілмесін тұнық кешім.
Келдің деп өкінбейін ерте неге,
сабыр ет,
сәл тұра тұр,
ентелеме,
көрейін таныстырып достарыма,
берейін жөніңді айтып еркеме де.
Кешікпей келетінің белгілі еді,
қуырмай
қоя тұршы енді мені.
Алдыңа айдап бәрін салмақ едім,
жастықтың,
желіктіріп,
көнді ме елі!
Кешегі отызым да өндір еді,
ырқынан шығармай-ақ келді мені,
Қызық та сол ауылда көрінеді,
қыздың да қылықтысы,
өңдірегі…
Ауылы қырықтың да тұнған бақыт,
жіберді мені біраз бұлғаңдатып.
Енді-енді керегіңді іздемек ем,
келіп-ақ қалғаның ба жылдамдатып?
Келді деп өкінбейін ерте неге,
сабыр ет,
Сәл тұра тұр,
ентелеме.
Алайын таныстырып достарыма,
қалайын жөнімді айтып еркеме де…
Ұялмай қарайтындай ертең елге,
бұл жүрек баяғыдай өртенер ме?
Жігіттер жолығар ма батыр талай,
жақсы қыз жатырқамай…
еркелер ме?
Жар қасы жіпсіз байлай мені кеште,
жалыным бұрынғыдан кемімес пе.
Алысты жақын еткен отызым да,
Қырықтың қапы кеткен белі де есте!..
Әйтеуір,
бұлғаңдадым,
бұлаңдадым,
айтылған уәдемде тұра алмадым.
…Қырық бес,
қылшылдап-ақ тұрсың,
тегі,
табармыз,
таяу жерде жүр арманың!.
Сәкен Иманасов