Ақындардың жолдасы аз болады

Қатар жүрген тарланым,
танымалым,
қырыңның да,
сырыңның бәрі мәлім:
Көрген жоқпын өз басым
бір ақынның
тірісінде жолдасқа жарығанын…
Дара самғап ұшатын көкте кілең,
қыран еді деу қиын шеттерінен.
Сөйте жүре дем беріп бір-біріне,
қайтармапты
пенделік беттерінен.
Жалғыз барып ұрынар жемтігіне,
Жолбарыс та дей қоймас ел тіріде,
Ақындарың
дос болам дегендерге
еріп кете беріпті жер түбіне.
Еріп кете береді «есерге» де, –
(Онысын да балайғы ел кешер деме!)
Біреулерге арайлы таңдай болып,
біреулерге қарайды кеселдене.
Көрсем деумен кескекті ерді күнде,
Күйкілерді көзге ілмей келді мүлде.
Біреулерге бұртиып баласындай,
Қыртия да қалады енді бірде.
Ымырасыз мінезбен ерге біткен,
Жеріп сала береді пенделіктен.
Содан барып…
кінәлап өнегесін,
Не демесін сыртынан ел деміккен.
Әрі сынау оңай ма, әрі шыдау,
берісі – ұнау өтірік, әрісі – дау…
Өрт ішінде жүретін осындай бір
ақын қайдан жолдасқа жарысын-ау!
Қатар жүрген тарланым,
танымалым,
сыртқа жаймас сырыңның бәрі мәлім:
Көрген жоқпын өз басым
тірісінде
бір ақынның жолдасқа жарығанын!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *