Оған да енді…
қырық жылдай боп қалды-ау, –
жолдас едім бір баламен сотқарлау,
төбелеспей тұра алмайтын,
ал бірақ,
өзі бастап,
шығармайтын жоқтан дау.
Қиқардың да нағызы еді ол дейтін,
басын кессең, қиянатқа көнбейтін,
әмір-кеуде,
өркөкірек,
өктемдеу,
жолдасын да жәбірлеуге бермейтін.
Дарымайтын сырттан айтқан сес мүлде,
өлімжеттік жасатпайтын ешкімге,
саған қайтып жоламайтын, –
біреудің
қорқақтығын көпе-көрнеу кештің бе.
Өзгелерден иығы асқан ірі ме,
есімде жоқ тұлғасы да,
түрі де,
шүпірлеген жас балалар, әйтеуір,
маңайынан шықпаушы еді күніге.
Тұтқиылдан туа қалса ерегес,
басын қорғап,
баспалайтын ол емес,
тартып кетіп,
тұрушы еді қасқайып,
шарт-шұрт етіп басталғанда төбелес…
Мінезі жоқ кекірейіп,
кергіген,
қысылғанда маған да өзі берді дем,
соған ғана еліктеуді шығардым,
оқуда да, ойында да енді мен.
Қолдағысын аямайтын жолдастан,
алмасаң да –
алдыртатын,
болмастан,
жалғыз міні –
«ж»-ға тілі келмейтін,
сәл-пәл ғана сақау еді сол қасқаң.
Сақау еді
«жүр» – демейтін,
«зүр» – дейтін.
ызылдатып,
қасқа тісін үрлейтін.
Бір ғажабы, көре тұра мұнысын,
Ешбір бала мазақтауды білмейтін.
Оған ұқсап күлуге де құмармын,
соған ұқсап жүруді де шығардым.
сөйлегенде,
жасырынып «ж» біткен,
қаптағаны қайдағы жоқ «з»-лардың.
Ызылдатып,
тісті мен де үрледім,
сақауланып:
«жүр» – демедім,
«зүр» – дедім, –
өзіңді-өзің бүлдірудің –
осындай
еліктеуден шығатынын білмедім.
Кім біліпті – сорым ба,
әлде қатем бе,
«Ж»-дегеннің таптырмады аты емге.
…Ойда жоқта өз қасына шақырды,
бәрін байқап жүреді екен әкем де.
– Балам, шақшаң бар ма? – деді нар кісім,
– Зоқ! – дегенім есімде,
одан арғысын
айта алмаймын.
Жарқ етті де көз алдым,
ұшып түстім,
жасаған-ау, бармысың?!.
…Шапалақпен тартып қалып жағыма:
– Балам, миың бар ма? – деді тағы да.
– Жо-жоқ! – дедім, – жоқ! – дедім мен
қайтадан,
шүкіршілік айтып іштей барыма.
– Дұрыс! – деді, –
Шақшаң да жоқ, жоқ миың,
балам, онда кімге дәрі тоқ күйің,
сен егерде қоймасаң бұл әдетті,
менің берген өнегем де көк тиын!
Осылай бір ұшырды да зәремді,
– Бұдан әрі көрсетпе, – деп, – пәлеңді! –
Күле қарап,
жіберді әкем жөніме,
– Ұққан болсаң, ызылдамай, бар енді!
Содан кейін…
өзіме-өзім сеніп тек,
бір адамға көрген жоқпын еліктеп.
Өзің болып қалу керек екен-ау,
досың үшін жаныңды қи, өліп кет
Сәкен Иманасов