Ауыл

Сықырлап сырық,

сырғауыл,

Соқты ма сонда бір дауыл?..

«Кеттің бе сен де?» – дегендей,

Сүзіле қарап тұрды ауыл.

Оянып алып ақ таңнан,

арзыса, деумен, татқан дәм,

ағайын-жұртпен қоштаспай,

асығып, алыс аттанғам.

Сыртында сонау дөңестің

қимасым қалды демеспін…

Шығандап ұшқан ұлы едім,

шығарып салған жоқ ешкім.

Ұстартқан өзі тілді ептеп,

ұмсына түсіп тұр мектеп.

Жып-жылы жаңбыр астында

жөнеле бердім…

дірдектеп.

Қым-қиғаш сезім өкшелеп,

жылауға және жоқ себеп.

Қарайлай бергем артыма,

бір көлік қуып жетсе деп…

Қарайып қалған қырға анау,

қаншалық қиын бір қарау.

Шөп шауып жүрген шалдар да

мен жаққа мойын бұрмады-ау!..

…Жан емес едім жатбауыр,

жаныма бәрі батты ауыр.

Менсіз де бірақ күн көріп,

ұл беріп, өсіп жатты ауыл.

Тербеліп талай тал бесік,

менсіз де ауыл алды өсіп.

Далада туып, қаладан

бұйырды маған бар несіп.

Қамқадан киім кигемін,

қымбат бір қызы – сүйгенім.

қайтейін, бірақ ауылға

бұрды да тұрды бүйрегім.

Күйім де мұнда тәп-тәуір,

үйім де мұнда тәп-тәуір, –

Сағына берем,

тек сені

түтіні түгел тәтті ауыл!

Қарсы алып қысты, көктемді,

қаншама жылдар өтті енді.

Қағынып жүрмін, кетем деп,

сағынып шалғы, кетпенді.

Ашытып айран,

тері илер.

жұпыны тамдар,

жер үйлер,–

жасырып қайтем түбімді,

соларға мені тели бер.

Ауылым қалған дөңесте,

ала ма бірақ мені еске?

Ертерек ұшып ұядан,

ұмытты-ау ұлым, демес пе?

Осында мініп атқа мен,

осында өлең жаттап ем.

Шөмеле салып,

тырма айдап,

таң атпай дірдек қаққан ем.

Қол-аяқ түгел құс мүлде,

көженің суын іштім бе, –

Қораға түнеп,

қой бағып,

ұйықтаушы ем сабан үстінде.

Аяншақ ұлың емеспін,

аяп та көрген жоқ ешкім.

Аяғым талай тілініп,

таяғын талай жеп өстім.

Меншіктің бақтым бар малын,

қаншама отын жармадым.

Қалайша мені біреуің

қасыңда ұстап қалмадың?

Түңіліп тірлік, жалғанға,

қаладан көңілім қалғанда,

Тартам да кетем ауылға,

шөп шауып жүрген шалдарға.

Көгеріп өсіп көк шынар,

Шалдардың көбі жоқ шығар.

Жертөлем бар ма? –

Көршінің

табылар бірі от сұрар.

Қорам да қидан аршылар,

төбеден тамшы тамшылар.

Дастарқан бар ма?

Туыстың

табылар бірі хал сұрар.

Ысылдап таңда қамшылар,

өріске беттер малшылар,

Сәскеде келіп оятсын

Шалдардың бірі бар шығар!

Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *