Қара таппай жүргендей ұрынарға,
қарашаның желі де жұлынар ма,
үздігеді іш тартып,
әкесінің
алынбаған, апыр-ау, құны бар ма?!
Қабырғадан қаптатып сұр тұманын,
қабақ түйе бастады бұлты қалың,
Таңда тұрып сезесің
сүйегіңнің
күні бойы себепсіз сырқырарын.
Даң-дұңы ма,
лайсаң жаңбыры ма,
ауа райы күніге сан құбыла,
бітірте де қоймайды бір ісіңді,
тітіркене қарайсың барлығына…
Күлгін тартар күннің де беті кілең,
көшелерден кешегі кетіп рең,
шу ете ме бір тұста қара қарға,
су өте ме сұлудың етегінен.
Төңірегің біржола бүліне ме,
құбылады құданың күні неге?
Құламай-ақ көңілің қойды-ау, тегі,
қиқуласқан қызықтың біріне де.
Алма пісіп, алшаңдар кезімізде
Көресіні көрсетер көзімізге.
Бәрі соның күзден бе бүрістірген,
бара жатқан бүрісіп өзіміз бе?
Сәкен Иманасов