Айтайын тыңдасаңыз жақсы кептен,
Көп адам бізден бұрын өтіп кеткен.
Дін мұсылман адамның падишасы,
Мұхаммед пайғамбар мен төрт шаар да өткен.
Ер Ғали жаһан кезген дүлдүлімен,
Жаһанға жаман аты білінбеген,
Кәпірді қисапсыз көп қырып өткен,
Көзіне шыбын құрлы көрінбеген.
Жаһан кезіп жүруден ерінбеген,
Иә, Мұхаммед бабамыз пірім деген,
Ер Ғали қаһарланып, ақырса егер,
Дария тасып, қара жер дірілдеген.
Көп жардамдық сұраған Мұхаммедтен,
Жарандар ғибарат ал жақсы кептен.
Өлмеймін деп дүниеде қалма қапыл,
Құдайдың сүйген құлы солар да өткен.
Жарандар, бұл сөзіме құлағың сал,
Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал.
Өзім білген кітаптан оқып, білдім,
Жарандар, һарам дейді зекетсіз мал.
Иллаһи құдреті көп пәруәрдігер,
Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр, зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар.
Сөзіме құлағың сал алуандас,
Кей адам дәулетіне болады мас.
Біреудің ұрлап алып малын жесең,
Қарныңнан таңда мақшар шығарар тас.
Бар екен бір бай адам аты Қарын,
Қисабын айтып болмас оның малын.
Малынан қайыр-зекет бермей өткен,
Құдайдың құдіретіне болған мағлұм.
Бар екен бір пайғамбар Мұса деген,
Ол тақсыр сөз сөйлейді қысаменен.
Қарын байға зекетті бергізгін деп,
Мұсаға бір Алладан өмір келген.
Қарынның малы артық тәмам елден.
Қарынға барып қонақ болайын деп,
Бір күні Мұса тақсыр жетіп келген.
Үйіне қонақ болып отырды енді,
Қарынға сансыз малды құдай берді.
Мал союға қимастан мысық сойып,
Қазанға ас пісіріп әкелді енді.
Алдына табақпенен қоя берді,
Тақсырдың сол уақытта қаһары келді.
«Мыш-мыш» деп айтып еді Мұса каллам,
Табақтағы ет мысық боп тұра кепті.
Мұса каллам Қарынға ашу етті.
Мысық сойған күнәңді кешірейін,
Малыңнан енді зекет бергін депті,
Мұны естіп Қарын үйден шығып кетті,
Малым жоқ беретұғын саған депті.
Малынан зекет бермесе бұл Қарынды,
Қара жер шапшаң мұны тартқын депті.
Ақырып тақсыр Мұса айтады енді,
Періште жер кіндігін тартады енді.
Қара жер қаһарланып тартып еді,
Қарын бай белуардан батады енді.
Мұса тақсыр Қарынды тұтып тұрды,
Бересің бе зекетті деп жауап сорды.
Енді зекет бермесең Қарын байым,
Көрдің бе, жұтқалы тұр қара жерді.
Сонда тұрып Қарын бай сөйлейді енді,
Шыбын жаны сіркедей көрінбейді.
Бір қой берсем жұлынар төбе шашым,
Өлтірсең де бермеймін енді дейді.
Мұса тақсыр бұлайша сөз есітті,
Бермеймін деген сөзін ол зекетті.
Малыңа зекет бер десем, тіл алмайды,
Тартқын деп қара жерге әмір етті.
Қара жер ол Қарынды тағы тартты,
Мұса тақсыр ақырды қаһары қатты.
Қара жер қаһарланып тартып еді,
Қарын сонда иектен жерге батты.
Қарынға айтты: зекет бересің бе?
Зекет бермей хақ жүзін көресің бе?
Жаһаннамға кетесің кәпірлікпен,
Ібіліс лағынат тіліне ересің бе?
Мұса тақсыр насихат сөз айтады,
Жаны ашып сол жерде көп айтады.
Қарын айтты: ешнәрсе бере алмаймын,
Сөзіңе сенің айтқан ере алмаймын.
Өлтірсең өлтіре бер, мал сұрама,
Мал бер деген сөзіңді еб алмаймын.
Мұнша әуре мені сен қылмасаңшы.
Мал бер деп аузыңа сөз алмасаңшы.
Бұл тіліңді алмаймын неғылсаң да,
Мал беретін жолыңа салмасаңшы.
Мұса тақсыр қарайды мойнын бұрып,
Сөз айтады: Қарынды ұстап тұрып,
Өз обалың өзіңе барғын дейді,
Малымен бірге кетті жерге кіріп.
Ол Қарын кетті дейді жерге кіріп,
Кәпір боп кетті ақымақ құдай ұрып.
Заман ақыр болғанша тоқтамастан,
Барады малыменен әлі жүріп.
Малымен кетті Қарын жер астына,
Көмілген жоқ өзгедей көр астына.
Қарын кірген жерінен қырық күндей,
Қайнап-қайнап қан шықты жер үстіне.
Жер үстіне қан шықты қайнап, қайнап,
Қарын кетті зекетсіз малын айдап,
Қылған жоқ оған рақым сансыз малы
Қара жер бара жатыр қинап, қинап.
Малымен жер астына кетті Қарын,
Түбіне зекетсіз мал жетті әне.
Мінеки, зекет бермей осы Қарын,
Түбіне зекетсіз мал жетті әне.
Мінеки, зекет бермей осы Қарын,
Бақиға айдап кетті дүние малын.
Жер бар осы күні Қарын кірген,
Қарынға қадыр Алла лағнат берген,
Қарын көрген қысымын жан көрген жоқ,
Иә, Алла, аман қылғын ондай жерден.
Көзіне көрінбеді сансыз малы,
Қысылды зекет бермей шыбын жаны,
Жарандар, қызықпаңыз дүние, малға,
Бір күні көшіп кетер дүние пәні.
Қарынның сыйған жері кеседей жер,
Барлығы рауаяттар осылай дер.
Сыйғызған кесе аузындай жерге ғана,
Осындай қысым етіп пәруәрдігерім.
Қабан (Қабылиса) Асанұлы