Ардағым-ау

Ардағым-ау,
жауып тұрған тағы да қар ма мынау?
Үйірілді көңілге нала демде –
Алакөлге биыл да бармадық-ау!
Тірлік шіркін бұрғызбай мойнымызды,
көзден бір-бір ұшырды-ау той, қымызды…
Бүгін тағы құданың күні ысқырып,
бүрістіріп біржола қойды бізді.
Жасағаннан жеткендей жарлық ала,
жапалақтай жөнелген қарды қара, –
қарымтасын қайтарып уақыттың,
кешегіңнің өзіне зар қыла ма?!
Жылы күлген
жылғалардың өшті де үні бірден,
бозбаладай асыққан ғашығына,
жасырына бастады Күн іңірден!..
Ардағым-ау,
Алакөлге биыл да бармадық-ау!..
Талда – қырау,
төгіліп таңда қылау,
жауып тұрған тағы да қар ма мынау?.
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *