Қыс ішінде қыдырып,
қырға барып,
құшақтаса қырқадан сырғанадық.
Көптен бері көрмеген
Алатаудың
басына да алыстан бір қарадық.
Бастала да қоймаған бораны әлі,
домаладық төменге –
доланалы,
жалт қарады таулар да,
иығынан
сусып түсіп ақ жібек орамалы.
Әппақ көйлек кигізіп үстіңе бір, –
қар ма жауған,
қаңтарда түсті ме гүл?
Шаңқай түсте түс көріп тұрғандай-ақ
саған қарай құс болып ұшты көңіл.
Аяқ асты жадырап сол күні қыр,
көкірекке топырлап толды дүбір.
Кетіп едің өзің де, айналайын,
қызығыма айналып ендігі бір.
Қызығым деп ендігі жеке көрген,
қызғанбаса бола ма, бөтен елден, –
жасты ұмытып,
ағарған шашты ұмытып,
бозбалаға айналып кете бергем!
…Қыс ішінде қыдырып,
қырға барып,
құшақтаса
қырқадан сырғанадық.
Мінгізгендей бір асау атқа мені,
жатқан еді төңірек жырлап анық…
Сүйіп тұрып,
сыбырлап құлағыңа,
сұрақ қойдым
шыбықтай шырағыма:
тұнып тұр ғой табиғат,
«Айтшы маған
айналайын, өзіңе ұнады ма?»
«Айналды ма шынымен биыл басым,
келіп едім, – деді, – өзің қиылғасын.
кешір мені,
бірақ та сенен басқа
түк көрінсе көзіме бұйырмасын!..»
Сәкен Иманасов