Қалды ма ұнамай-ақ бір қылығым,
түсіме әкем кіріп жүрді бүгін:
сұсы да баяғыдай,
баяғыдай
ұшы да шұбатылып шылбырының;
Қатулы қабағы сәл,
салқын өңі,
қасымда қара мұртты шал тұр еді…
Бой қыла қарағандай, құдайым-ау,
мойныма қандай міндет артып еді?
Кигені кебін бе еді, кебенек пе –
жатпады жақын тартып,
мені елеп те,
тек қана қабағынан аңғарылды,
«Ұлым-ай, болмапсың-ау!» – деген өкпе…
Кейіді әкем неге,
қатем неде?
Кеңімей қойған құрғыр пәтерде ме?
Айналам азулы ақын санап еді,
Айтқаным тарап еді жат елге де.
Қарақан құр басымды қорымаппын,
өзендей өз арнама толып ақтым,
төрін де жұрт ұсынды,
бұл түсімді
апыр-ау, енді қалай жорымақпын?
Апыр-ау, арманым бір аласармай,
артыма кетпек едім қара салмай,
Әлде сен,
жүр дедің бе азға алданып,
ауыл-үй арасынан әлі аса алмай?
Ұлың ем үміт күтіп,
мәпелеген,
Түңілдің осыншама, әке, неден?
Жасымда бұла болып өскеннен бе,
басымда жетеді, рас, қате деген.
Сен болсаң –
осы өңірдің қожасындай,
сабырлы ең –
сексеулдің қозасындай,
Мен болсам лапылдап та жандым, рас,
басымнан құс ұшырып, сөз асырмай.
Сен болсаң –
айналаңа құрметті едің,
басқарақ бізден гөрі міндеттерің.
Мен болсам –
дауылда да,
жауында да
жаурадым,
жалғызсырап,
дірдектедім!
Тартпады саған, әке, көп мінезім,
оған да өсе келе жетті көзім,
қанатым қатайғанша қарайламай,
қалдырып орта жолда кеттің өзің.
Тірнектеп тірлігіңде мал жинаған,
Кісі едің
кісі үйінде шалжимаған.
Деуші едің: «Жаным – ардың садағасы, –
алтынның буына да алжиды адам!»
Ұстанып, қартым, дәйім соны берік,
Көңілге түйген едім бері келіп.
…Содан да селк етіп бір ояндым-ау,
Түсімде салқын қабақ сені көріп.
Үлбіреп жүрегінің дірілімен
атыңа кір келтірмес бір ұлың ем,
біреуге билігімді берген жоқпын,
пір тұтып көрген жоқпын тіріні мен.
Қайыспай баяғы сол балғын иық,
ұстадым,
өзің айтқан, арды биік.
Табылды кектенгендер,
жек көргендер,
қаншама өзегімді жарды күйік!
Әр тұстан аңдып келген түнгі ұрыша,
Кеуледі көкіректі түрлі құса,
«Әкенің жоқтығы-ай! – деп жүрдім де мен, –
Тілейтін тілеуіңді тым құрыса?!»
Менікі болмады деп көмбе біткен,
Қартым-ай, қабақ шыттың сен неліктен?
Күлген де шығар, бәлкім, жауларым да,
Жүргенде аулағырақ пенделіктен.
Ұядан өзің салған ұшып едік,
көрген жоқ көкіректің құсы кеміп,
Ұнайды нұрлы күн де,
тірлігім де,
бекерге бас шайқама,
түсіме еніп.
Ақиқат –
ата жолын таңдар ұлға,
асқақтау еді менің арманым да.
Ұланың орта жолда шалдықты деп,
Қартым-ай, қауіптеніп қалғаның ба?
Күндеумен өрдегіңді,
төрдегіңді,
таққыштар табылады ерге мінді.
Сондықтан сыйынып бір аруағыңа,
айтайын не бітіріп келгенімді…
Жүрсе де жеткізбей-ақ көп тілегім,
сүрмедім жаман өмір деп білемін.
аз емес құшқаным да,
дұшпаным да,
күндерім сұсты ағында өтті менің.
Қаратпай жәутеңдетіп әр танысқа,
тірлігім жатыр өтіп арпалыста,
дүние дүбіріне алаңдадым,
қалтырап, қала алмадым қалтарыста.
Жүрген жоқ тілеуімді тілеп ешкім,
жылпостау жігіттің де бірі емеспін,
күдерлі күндерім де,
түндерім де
өтеді ортасында кіл егестің.
Өзімді ес білгелі дауда сынап,
келемін жамандықпен жауласып-ақ.
Ермедім ағайынның арбауына
көрмедім қу жаныма сауға сұрап.
Жоқ еді сенісер дос,
сенімді ағам,
тегінге бермеді өмір төрін маған,
келеді,
ұры тістей болмайын деп,
кісіге күні түспей сенің балаң.
Алдырмай,
алдап қашып қанша арманым.
аз емес сабылыс пен сарсаңдарым.
Көтердім өзім ғана
тағдырымның
түсірген иығыма бар салмағын.
Қаншама төгіп маған кәрін аспан,
күндерім болса да, әке, арып-ашқан,
түсірмей адам деген атқа да кір,
келемін баққа да бір жарымастан.
Жер жарып жатпаса да даңқым менің,
жырладым туған өлке бал түндерін,
Алдында бір ағаның жыламадым,
айтар деп, ақыры бір, нарқымды Елім!
Бар шығар ұнатқаны,
жек көргені,
болмадым ағайынның текке ермегі,
«Шекеңді ісірем!» – деп жүр біреуі,
«Тәубеңе түсірем!» – деп көптен бері.
Жағынып шендісіне,
шекпендіге,
күлімен шыққан жоқпын,
отпен кіре,
Әйтеуір, ел қатарлы көріп келем,
бұйырған,
бұлыңғыр қыс,
көктемді де.
Алар деп қарсы алдыңнан тосып елің,
алапат аламанға қосып едің,
Көңілге толмасам да,
қолдасаң да,
әзірге тіршілігім осы менің!
Сәкен Иманасов