Теңеме мені өзгеге

Теңеме мені ағайын өзгелерге,
тойларда тост көтеріп,
сөз де берме,
жетеді ізеті де кіші інінің,
өзінің кісілігін сезген ерге.
Байлаусыз бақыт деген өтер демде,
Жүрмеймін күлкі болып бекер мен де.
Бар шыным –
қошаметке,
қолпашқа да,
қарсымын – көпе-көрнеу көтергенге.
…Шығарып жұрт алдына жеке мені,
ағайын көңілімді көтереді.
Өзінің қасиетін ұққан ерге
ағаның ілтипаты-ақ жетер еді!..
…Тұрайын оқта-текте мінбелерде,
қол соғып,
көтермелеп,
гүл де берме,
елінің ықыласы жетіп жатыр,
өзінің кім екенін білген ерге
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *