Осы ма маңдайыма бұйырғаны –
тірліктің қалмағандай түйір мәні,
әлі де көкті іздеймін,
отты іздеймін,
қайдағы жоқты іздеймін қиырдағы.
Серіппедей ширатылып нервілерім,
ырқыма қашан ғана көнді менің,
Күштіге, қарап тұрмай, қарсы барып,
үстіме қара аспанды төндіремін.
Шақырып қайдағы жоқ жолға дүбір,
бәрінен төңірегім болған ығыр,
Жерідім ағадан да, ініден де,
көңілім өзіме де толмады бір.
Өлең де оңайлықпен алдырмады, –
жоқ екен айызымды қандырғаны,
Талай бір тамылжыған тәтті әуеннің
Ішімде күйіп-жанған,
қалды ырғағы.
Білмеймін,
ергенім кім,
сенгенім кім, –
келсе де арғымаққа мен де мінгім,
бір ауыз шындық үшін
шаштым бәрін
тірнектеп,
түндер бойы тергенімнің.
Қызды да,
қызығын да көрдік тағы,
көңілім біріне де орнықпады.
Шындық деп,
шыр-шыр еткен жүрегімнің
келмей-ақ қойды-ау, шіркін, зорлыққа әлі.
Біреулер –
туа сала жанған бағы
менің бұл тірлігіме таң қалмады.
Балайды дуанаға енді бірі,
қарайды кекесінмен қалғандары.
Қарадай қорқып бәрі енді менен,
кілең бір үркіп тұрған елді көрем.
маңдайға осы болса бұйырғаны,
апыр-ау,
бұдан артық немді берем!..
Сәкен Иманасов