Жалықтырып бұйығы бақ, бұла түн,
Алматыға сыймағанда бұл ақын,
арғымақпен аққысы кеп жұлдыздай,
ауыл жаққа тартқысы кеп тұратын.
Алыс кетіп Алматының шуынан,
ақ бұлаққа, дейтін еді, жуынам.
Алып ұшып, барсам, дейтін, ел жаққа,
қанып ішіп Қаратұма суынан.
Көңілі бір құлазып-ақ кеткенде,
барып алып бауыры ыстық шеткі елге,
бал қызыққа батсам дейтін, баяғы,
жатсам, дейтін, бөденелі бөктерде.
…Ауылдың да өз қызығы, мұңы бар,
бұрынғыдай шуағы жоқ жылынар.
Қазанат та көрінбейді белдеуде,
азамат та азайыпты тіл ұғар!
Қарайсың да – қожыр-қожыр өңірге,
қоңырайып қалады екен көңіл де.
Тілді үйірген дәм де азайып бұрынғы.
ән де азайып кеткені ме, тегінде!
Қалмаған ба атанда қом, атта бел,
құлады ма қырық жылдық тақтан ер, –
көрінбейді, сірә, құшып, сағынып,
сен келді деп құрық ұшып жатқан ел!
Бұрынғыдай көңілі жас, бой да тың,
өткенімен думандатып тойда түн,
ауыл жаққа тартсам дейтін, қымс етсе,
қылығын да бірте-бірте қойды ақын.
Алағызып, аңсағаны ілдірмей,
түнере ме қабағынан күн күлмей, –
ақбоз мініп ақсам дерін, немесе,
қайда ғана тартсам дерін… жүр білмей.
Сәкен Иманасов