Жүрші қырға

Шыр айналып тіршілік ұршығында,
шалдығатын шағы бар жыршының да.
Ат шалдырып, ауылдан аулақ барып,
аунап-қунап, қайтайық, – жүрші қырға!
Көмекейден ағытып әнді мүлде,
атырайық аулақта таңды бірге,
бұлақ күліп төменде, құлақ түріп
жатайықшы қырдағы бар дүбірге.
Ой жіберіп өткенге, алдағыға,
еңсеріліп өмірдің қалғанына,
от басында үндемей отырайық,
жылқышының оранып жарғағына.
Төбе жақтан естіліп неше дүбір,
тау басына біртіндеп көшеді іңір,
Оқта-текте мырс етіп қойсын құрбың,
еске түсіп қылығы кешегі бір!
Бізге ғана бұйырып бүгінгі нұр,
бара жатыр балбырап іңірлі қыр.
Қашып талға тығылған ғашықтар ма, –
айналаның барлығы күбір-күбір…
Қайдағыны есіңе салар қиыр…
(жасы құрғыр мұндайда жанарға үйір,
сағындым ба ат ізін салмай көптен,
ауыл жаққа, бұйырса, барам биыл!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *