Қаншама ұрғанымен беттен де ызғар,
Артымызда асыл із, өткен құз бар…
Қайда жүрсем
Сендерді ұмытпаппын,
Көрінбей көптен бері кеткен қыздар.
Сендердің күлгендерің, сөйлегенің,
Түсіме де кіреді кейде менің.
Көз алдымнан, әйтеуір, кеткен емес,
Таңдай таза бейкүнә бейнелерің.
Бір бұтаның гүліндей көктеп тегі,
Бозбала шақ сендермен өтпеп пе еді,
Әлі де сағынамын
Қызықты да
Қылықты күндерді сол мектептегі.
Көрсеткіміз келгенде құрбылық қыр,
Кескестейтін тілдерің –
Құрғыр ұтқыр.
Арамыздан жырылып өтуші еңдер,
Торғайдай дүр-дүр ете дүрлігіп бір.
Қадірін сол шақтардың білдіргелі,
Зулап ағып өтіпті-ау жыл дүрмегі.
Шеттеріңнен сүйкімді-ақ қыз едіңдер,
Қандай екен халдерің бұл күндері?!
Қарайлатпай кейінгі ізге көбін,
Тартты ма алға тағдыры іздегенін?
Мен, әйтеуір, сендерді сол баяғы
Періштедей бүлдіршін қыз көремін.
Қылығына өздерің көп те күлген.
Естеріңе түсем бе өткеніммен,
Біріңнен-бірің артық сияқтанып,
Ғашық болып жүруші ем шеттеріңнен…
Бәрімізге құшағын айқара ашқан,
Сендерге менен хабар айта ма аспан?
Қырық дейтін киелі қыр астына
Келіп те қалдық па, осы, байқамастан?!.
Бірлесіп көл де кешпей, шөл де кешпей,
Жүрсіңдер көз алдымда соңғы елестей.
Тіпті де жаман бола қоймаспын мен
Көңілден, құрбы қыздар, сендер өшпей!
Сәкен Иманасов