Көрініп бәрі қызық мұндағының,
Көзің де үйрене алмай тұр ма, күнім?
Елең ете түсесің.
Шауып өтсе,
Күлдір-күлдір кісінеп қырда құлын.
Кешеден таңсық болып жатыр бәрі,
Таң алдында тауықтың шақырғаны,
Тынымсыз қытықтаған танауыңды
Иісі де көк шалғынның ақырдағы.
Қорғақтап жылқыдан да, сиырдан да,
Үркесің
Ұйтқып өткен құйыннан да.
Бұзау қуған балаға қосыла алмай,
Қорқа қарап тұрудан қиын бар ма!
Тұрғанмен әжелердің сөзі ұнап та,
Маңайламай қойдың-ау қозы-лаққа.
Атты кісі көрінсе
Қопадайсың,
Міне шауып кете алмай өзің атқа.
Қызық-ау, саған бәрі бұ күндері,
Ауылдың у-шуы да іңірдегі.
Өзіндей балалардың
Жүрексінбей,
Шалғында жалаңаяқ жүгіргені.
Кек тұтып құрдастарың күлкі еткенін,
Несіне осыншалық үркектедің?
Тұрсың ғой ата-анаңның жұртында сен,
… Үйренесің бәріне…
Бүлк етпегін!..
Сәкен Иманасов