Сынайсың, ә!
Сынайсың…
Сына, бала!
Кім сынап қарамай жүр бұл ағаңа,
Сыралғы достың өзі кешегі бір
Сығалайды сыртымнан шүбәлана.
Көріп тұрып көзіңнен, көмейіңнен,
Не дейін-ау саған да?
Не дейін мен?
Азын-аулақ осынау тіршілікте,
Түршігіп те көрмеппін өгей үннен.
Немді біліп қарайсың бұлай маған?
Бір жігіттей елге мен ұнай да алам,
Сынай да алам
Қаперсіз жүргендерді,
Тек риза болсын деп кіл айналам.
Тұрғандай-ақ онсыз таң атпай маған,
Өп-өтірік біреуді мақтай да алам,
…Көпе-көрнеу сондайға бармаймын деп,
Қайтейін-ай, көбіңе жақпай қалам.
Бар ма деп те тұрсың-ау торы құрған,
Суыртпақтап сыр тартқан порымыңнан!
Белгілі болды бетің,
Бар,
Бар, қалқам,
Қалдырмайын бекерге жорығыңнан.
Көре тұра,
Несіне түршігейін,
Кімге барып халімді білші, дейін.
Сен де сынап қарамай,
Қара бала-ай,
Жараламай жанымды
Тұршы кейін!
Сәкен Иманасов