Кең байтақ Отаным,
Ыстықсың маған тым.
Шет жүрсем өзіңнен,
Таусылар тағатым.
Сағынсам жүрегім,
Жалындап жанатын,
Құстар да қиқулап,
Қанатын қағатын.
Тамаша табиғат,
Тамсантар жанымды.
Бақытқа балаймын,
Әр атқан таңымды.
Табамын Отанда,
Адалдап нанымды,
Аптығым басылар,
Жыр жазсам жалынды.
Қай өлке әлемде,
Көркейген өзіңдей.
Киелі елімсің,
Бабалар көзіндей.
Келбетің сендегі,
Тынық ай жүзіндей.
Жүректі өртеді,
Ғашықтық сезімдей.
Тәуелсіз ел болып,
Гүлденді аймағың.
Ажарың ашылып,
Құлпырып, жайнадың.
Халқың да тату боп,
Бұзылмай қаймағы,
Бірлікте өткізер,
Той, сауық-сайранын.
Егеменді ел болып,
Көтерді еңсесін.
Абат та нұр Отан,
Тек алға өрлесін.
Ырысты, байтақ ел,
Табысы көл-көсір.
Көгімде жарқырап,
Жұлдызы сөнбесін.
Қызыңа cанама,
Парызым өтелмей,
Қызыл тіл сүйексіз,
Сөйледім шешендей.
Сырғалы жыр жаздым,
Төгілген нөсердей.
Шашу боп тойыңа,
Жыр-кілем төселгей.
Боран Қыдыров,
Ташкент облысы,
Жоғарышыршық ауданы,