Қартайған соң

Жөн сөзді білімдіден сұрамадық,
Ойға сап өмір жолын құрамадық.
Тосырқап соны ойдан жүрдік алшақ,
Жұқпады ұмтылғанмен ғұламалық.
Өмір өтті, қуатты жұқарды қоң,
Шыға келді иіліп томпайып жон.
Шідерленген аттай-ақ айналақтап,
Кете алмадық қазықтан қартайған соң.
Баяғы тау талқандар күшің қайда?
Күресіп көзге түсер топты жайда.
Тірлігіңе қазіргі көңілің толмай,
Тұрғаның масаттанып құр айқайға.
Шымыр денең таралып босағансың,
Жанар мен құлағыңды қоса алғансың.
Аяқтан дәрмен кеткен шойнаң басып,
Аттайсың кәріліктің босағасын.
Тоқтар деп сөз мазмұнын ұндай елеп,
Көріп ек, құр көтердік судан елек.
Оттығында шақпақ жоқ, шаршаған ба?
Сезім жоқ намыстанар оны елеп.
Күніне құжайрасы мыңдап өніп,
Ми шаршар тұрмаған соң ақыл еніп.
Әрекет аз қоразданар қуатыңнан,
Жатқаны көнбеске де шындап көніп.
Әйелің де көрінер жандай қалыс,
Көрпең сусып араны етер алыс.
Иығың да басыңды тік ұстамай,
Аяғың да кетеді алыс-шалыс.
Өз әйелің бұл күнде әжең болып,
Тірлігіңнің тұрады бәрін шолып.
Жүрісіңнің жақпайды тысыры да,
Қонақтайсың үйіңде жүрген қонып.
Балалар да жағында соның айтқан,
Көрінеді асырап сол байытқан.
Шешесіне болысып, олар шулап,
Тек демесін алжыған, теріс қайтқан.
Кешегі асырағыш мал табары,
Бөрідей жалмаң қаққан топ жарары.
Бүгінде жігер оты қоламта боп,
Үйдің нағыз болады мал бағары.
Азанменен тұрасың малды жайғап,
«Кім сауады?», – тұрғаның құр айқайлап.
Еміп қойса сол күні күнің құрсын,
Үзіп кетіп торпағың қойған байлап.
Ұрмағанмен кемпірің етер түртіп,
Шақырғанда келмейді тұрар үркіп.
Шай сияқты бірдеме келтіреді,
Тым болмаса кесесін қоймай сүртіп.
….Айта берсең өмірдің көп қой мұңы,
Көп сөз жүк, шұбыртпайық кетер құны.
Талай ақын өзінше ой тербетті,
Білгішсініп жазбадым мен де мұны.
Тұрғанында жанардың нұры таймай,
Дарымай-ақ мешелдік жүрек шаймай.
Кемпіріңнің алдында көсілсеңші,
«Алжып өлді» – дегенді жұртқа жаймай.
Қабыл болса осы ой, осы сертің,
Басқасының тәңірім берсін дертін.
Пенделікті доғару қандай жақсы,
Аумай тұрған кезінде келінге еркің.
 
Құлмахан Қалиұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *