Дүние шіркін

Дүние шіркін қарасаң: аққан сынап,
Арудай жан-жағыңды тұрған мінеп.
Қоятын тот басарды жарқылдатып,
Шын жарқылды жұтатын бейне қынап.
Болғанды болдырам деп одан әрі,
Күні-түні маңдайынан жүрген сылап.
Көрсе де көрмегендей міз бақпайды,
Пендені бишарасыз тұрған жылап.
Дүниеге түсінбеген: тірлік қызған,
Біреу шыңда, біреу жүр шықпай құздан.
Шыншылдың еңбегіне есе бермей,
Адамды еселеген дінін бұзған.
Жайлы сөзді ағадан аулақтатып,
Үйір қылған кісіге тілі тұздан.
Жеңіл қызға жол беріп желпілдетіп,
Жақсыларын үйінде отырғызған.
Селтеңдеген серінің жолы боп жүр,
Мейлің ойлан, мейлің өл, мейлің қызған.
Ақ пейілді өтеді жүзі сынық,
Шығарғанды қолдайды озбыр қылық.
Білімдімен жүргенді сүріндіріп,
Жасағанды сүйеген күнде былық.
Бұзақының бұзау тіс ісі озып,
Шеттеу қалар асқақтап талай жырық.
Осылайша кете ме бұл дүние,
Ыржаңдаған содырға беріп ырық.
Аз нәрсені көргеннің көңілі тоқ,
Талаптыны тыңайтар қолдаушы жоқ.
Талай талант талпынып жанбай қалды,
Үрлеуші аз, шалаға айналды шоқ.
Неге мұнша құтырды мәңгүрттілік,
Сені ме!… деп қол безеп еді доқ.
Жығылардай шалқайып күледі кеп,
Жаман келіп жақсыға жамаса боқ.
Осылардың көбісін сөгетіндей,
Кім жонады сан қырлы, сұр жебе оқ.
 
Құлмахан Қалиұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *