Жыр Кеме

Кеме соқшы, жыр мұхитта жүзейін,
Желдің бетін жырға қарай түзейін.
Жырға тұрмай шашыраған толқынын,
Асау құлқын келістіріп күзейін.
Жырдан- Сырға, Сырдан-жырға кезейін,
Теңіз жырын өз жырымдай сезейін.
Маржан етіп тамшыларын мұхиттың,
Жырдың сылқым нәзіктігін безейін.
Мейлі толқын аударам деп уласын,
Алып Кальмар аямасын, уласын.
Көрсетеді жыр алдында әлсіздік,
Көкшіл Киттер тоқтатам деп қумасын.
Сағындырмай алыстағы жағаны,
Ақ дельфиндер достық отын жағады.
Таң атырмай каютамның есігін,
Альбатрос ұшып келіп қағады.
Асығып тым теңіз таңы атады,
Әнге мүлгіп, кешкі жырға батады.
Құлмахан Қалиұлы
Палубаға шағалалар кеп қонып,
Қуаттанып қайта ұшып жатады.
Алатындай боз кемемен жыр ұрлап,
Жақындайды су мысығы борт тырнап.
Ақ аюлар риза болып томпаңдап,
Көріседі адамдай-ақ қол бұлғап.
Алатындай пингивиндер жыр үңгіп,
Кеме соққан толқындарға жүр сүңгіп.
Жыр сағынған содыр жыртқыш Акула,
Алысырақ жақындамай тұр мүлгіп.
Десем-дағы құрсауланып бекінді,
Ғасыр мұзын қаусатты жыр екпінді.
Айсбергі жол береді алыстан,
Жақындасам еріп кетер секілді.
Ауасынан сол мұхиттың жыр еме,
Құшағына толқындардың тұр ене.
Ақ жаңбырымен араласып малшынған,
Келе жатыр жыр мұхитта жыр-кеме.
 
Құлмахан Қалиұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *