«Қазақты өзбектен,
өзбекті қазақтан ажыратуға болмайды»
Н.Ә.Назарбаев
«Біз – бір алып шынардың бұтақтарымыз»
И.А.Каримов
Біз күндей күркірерміз,
Дүние төрінде бір дүркірерміз.
Себебі, біздер мына: өзбек, қазақ –
Түбі бірге туысқан Түркілерміз!
Біз деген – тіліміз бір, дініміз бір,
Көгінде қалықтаған жырымыз бір.
Бағзыдан көрші қонған қоңсы елміз,
Шығады түгендесе түбіміз бір.
Түбі бір түркілерміз, тілегі бір,
Тілегі бір халықтың – жүрегі бір.
Өзбектің езуінде күлкі ойнаса,
Қазақтың көңілінде күледі күн…
Бірлік пенен елдікке негіз салып,
Бабалар кетті-ау мұны өріс танып.
Өзбегім мен қазағым –
Қатар аққан
Әму менен Сырдайын егіз халық.
Қазақтың дара шықса батыл әні,
Өзбегім қалай тыншып отырады?!
Біз деген – күнге қарай бір жайқалған,
Алып шынар ағаштың жапырағы.
Туыс ел бүгін бірге үн қосқандай,
Тұра ма бір қайғырып, бір шаттанбай.
Өзбектің көңіліне түскен қаяу–
Қазақтың жүрегіне мұз қатқандай!
Айтқанда ғазал, жырды азынатып,
Бауырлардың бауыры – қазына, құт.
Өрісі, қонысы бір қос халықты
Бола ма бір-бірінен ажыратып?!
Қазақты өзбек келген «қардошим» деп,
Өзбекті қазақ айтқан «қандасым» деп.
Бабалар дана сөзді дарытқан ғой,
Ұрпақтар ынтымақты жалғасын деп.
Осынау өрнек алып мәнді жайдан,
(Елдік жоқта табамыз жолды қайдан?)
Қос елдің Президент-көшбасшысы,
Достық жайлы бітімге қолды қойған.
Оған да нақ он бес жыл болғандай ма,
Дос халықтың бағы бір жанғандай ма?!
Өзбек, қазақ туыс ел бірге дүрлеп,
Он бестегі айдайын толғандай ма?!
Қос елдің қабыл тұтқан пәк тілегін,
Алланың ұлық сыйы деп білемін.
Ақсарай құшақ жая ұмтылғанда,
Ақорда ұсынады ақ жүрегін.
Қазақ десе – өзбегім елжірейді,
Өзбек десе – қазағым мөлдірейді.
Бүгінде Америка, Еуропада
Қос елдің туы қатар желбірейді.
Дәстүрін бабалардың сүйіп, тасып,
Екі бауыр келеді биікті асып.
Әлемдік ассемблея, саммиттерде
Қос Елбасы жүр бүгін иықтасып.
Бір-бірін сыйлап іні-ағасындай,
Халықта қалыптасты-ау жарасым жай.
Өзбектің меймандостық ақ пейілі –
Қазақтың жазиралы даласындай.
Қос халық қосарланып бірге жүргей,
Өрінде өркениеттің бір көсілгей.
Қазақтың кең құшағының ыстықтығы –
Өзбегімнің
Тандырдан жаңа шыққан күлшесіндей.
Бабалар даңғылында тоғыстық кеп,
Біздің ұлы достықта оқыстық жоқ!
Қазақтың «сары алтыны» импортта жүр.
Өзбектің «ақ алтыны» экспорт боп…
Бүкіл жұрт бізге бүгін тамсанады,
Өбер кеп бізді бірге таң самалы.
Шымғанға шығып алып мен шырқасам,
Алатау ана жақтан қол соғады.
Бұл достық мәңгі үзілмес ән құрасын,
Қос халық ұйып соған балбырасын.
Өзбегім дутарын кеп толқытқанда,
Қазағым күмбірлетсін домбырасын!
Бұл-дағы жәйт емес пе ғажаптанар,
Жанымыз бірге біздің жанаттанар.
Мейлі, енді күнге де бар, айға да бар:
Қазақтың көршілесі өзбек болар,
Өзбектің еншілесі қазақ болар.
Біз бүгін бір шаттанып, бір күлерміз,
Достықты мәңгі жырлап күркірерміз.
Себебі, біздер мына, өзбек, қазақ –
Тамырын балта шаппас түркілерміз!
Ғасырлар керуенінде дүркірерміз!
Наурызбай Жарбосынұлы