Он сегізінші ғасырлар шамасында,
Ескі Ташкент қаласы сағасында.
Төле бидің бәйтерегі болған екен
Мына Шыршық өзені жағасында.
Теректің биік келіп аясына
Жұтқан-ау саф ауадан тоя, сірә?!
Жүз адам еркін сиып кетеді екен,
Сол алып бәйтеректің саясына.
Бұл бидің жазғы жайлау тұрағы екен,
Әкеліп киіз үйді құрады екен.
Саяда жүз адамға қымыз тартып,
Би бетті әңгімеге бұрады екен.
Бәйтеректің астына жиылған жұрт,
Сүйсініп сұңғылаға тұрады екен.
Ол күндер ұмыт, бізге жалған бүгін,
Дананың ел өрбітер арман, жырын.
Көз салсам сол дәстүрге көрсеткендей
Дана бидің көл-көсір дархандығын.
Одан бергі бір ғасыр санасында,
Шыршықтың сол байырғы жағасында.
Ташкент губернаторы фон Кауфман
Мәскеулік ұлы князьдар бастап келген,
(Генералдар легі бар арасында)
Жүзден астам қонаққа банкет берген.
Айтулы бәйтеректің саясында,
Ғажайып банкет күйі жанданыпты,
Фон Кауфман мұртын ширап паңданыпты.
Саясы кең алып ағаш қайдан келген?, –
Деп княздар бас шайқап, таңданыпты.
Жаныстың бір ұрпағы (арға – берік),
Тосаттан сөз қозғапты сонда келіп:
«Бұл біздің асқаралы бабамыздың,
Аузы дуалы Төле би данамыздың,
Саялап отыратын ағашы, – деп, –
Біз үшін қастерлі ағаш, бағасы асыл.
Бабамыз осы жерден ырыс терген,
Бәйтеректі баптауды дұрыс көрген.
«Күніне жүз адамды қонақ етіп,
Бәйтеректің астында қымыз берген…!»
Бұл хабар ауыр тисін қаншалықты,
(Көрмей кепті-ау дала жұртын онша құтты…)
«Шынында үлкен жүрек тұлға екен!» – деп,
Княздар дархандыққа қол соғыпты.
Байрақ етіп төбеңе тұт кемелді,
Сонда мұрат тұтасың діттегенді.
Сол княздар көшпенді жұрт өкілінен,
Дәл мұндай экзотика күтпеген-ді…
Даладан өрбіп еді сайын жатқан,
Даладан даналықтың жайын баққан.
Төле бидің төбелігі осы емес пе?
Кірпияз княздар мен ұлықтарға
Даланың дархандығын мойындатқан,
Болмысы бөлек болар нар алыптың,
О бастан алыбымды дара тұттым.
Төбеме – құт,
Төреге тұтқа болған
Төле би – бәйтерегі даналықтың
Бұл-дағы айтылмаған сыр ғой бөлек,
Кімге енді қажет деме мұндай дерек.
Рухы төбе бидің шалқымай ма,
Басына отырғызсам жыр-бәйтерек.
Халықтың жайы болып жақтағаны,
Алыптың көңілінде от борады.
Төле би алты алаштың жүрегінде,
Саясы зор бәйтерек боп қалады.
Наурызбай Жарбосынұлы