Осы күні қиын боп тұр жағдайым,
Тақылдап-ақ тұрғанменен таңдайым.
Сәл ертерек ойланыңдар, ағайын,
Кеш болады тасқа тисе маңдайың.
Жамандықтан, сірә қолды үзбейміз,
Шын алтынды қолға алып мыс дейміз.
Көп күнәні жасап қойып өзіміз,
Күнәкар ғып біреулерді іздейміз.
Жағымпаз жүр бұл өмірде тарықпай,
Ақымақтық іс етеді жалықпай.
Қиянат қып жақсыларға күн бермей,
Төбедегі Құдайдан да қорықпай.
Қайран дүние қадіріңді білмейміз,
Табиғаттың құбылысын тілдейміз.
Жамандарды биік шыңға көтеріп,
Жақсыларды тұқыртамыз, тілдейміз.
Жамандарды аспандағы күн дейміз,
Ал оларды мақтауға да үндейміз.
Жақсылардың айтқан сөзін тыңдамай,
Жамандардың өтірігін шын дейміз.
Кейбіреу жүр ойлап бір күн тойымын,
Әлсіздерге көрсетіп өз ойынын.
Жақсыларды жүрген жерде жамандап,
Ақымақтың жүр ғой соғып сойылын.
Жақсыларды ол көзіне ілмейді,
Еш айыбы болмаса да күндейді.
Сол көтерген сойылының бір күні,
Өз басына соғыларын білмейді.
Жамандарға ақымақтар еріп жүр,
Ай мен күнді әперердей сеніп жүр.
Масаттанып қылығына ол бейбақ,
Көкірегін көкке тіреп керіп жүр.
Керек емес бұл өмірде тегі мұң,
Шықпай қалад егіп жатқан егінің.
Тәкаппарлық іс етпеңдер, ағайын,
Кигізеді кедейліктің кебінін.
Оқыс тартып бейшараны жалаға,
Біреулерді душар етпе налаға.
Бас сауғалар шақ туғанда бір күні,
Шындық-шіркін кезігер айдалада.
Рүстем Жангелдіұлы