Түйе шешкен келіншек

Шоқан Уәлиханов жазып алған«Манас»эпосының бір эпизодын Баянғалидың жаңғыртып жырлаған нұсқасы.

Хан Көкетай асына

Жер-жаһаннан жиылған

Халайықтың бәрісі,

Жасы менен кәрісі.

Жалпы жұртқа жар салған

Жаршыға қарай бұрылды,

Ыраманның ыршы ұлы

Ылашындай жарқылдап

Ақ сұңқардай саңқылдап,

Қыздыра түсті дүбірді:

«Хан Көкетай асында

Қайнатып ой мен қырыңды,

Қай-қайдағы жыныңды,

 Байырғының салтымен

Бабадан қалған бұрынғы,

Жалаңаш қатын түйені

Көпшіліктің алдында

Қолын қойып төбеге,

Тісіменен шешеді,

Шығармай қара дымыңды!»

Жалаулаған жаршының

Алаулаған сөзінің

Тоқетерін тобықтай

Толқыған тобыр ұғынды.

«Қуырдақтың көкесін

Көресің түйе сойғанда»

Дегенніңкері келді деп,

Майданға қарай шұбырды.

Санатты елден сескенбей,

Сыпырып тастап киімін,

Сымпиып шығар сылқымдар

Шыныменен бар ма деп,

Ауыздары аңқиып,

Таңдайлары тақылдап,

Демдерін алып ішінен,

Тоқтатты қыбыр-жыбырды.

Күл сабаған көкайыл,

Қамшыдан қайтпас көкдолы,

Ымды баққан ырыңды,

Жымды баққан жырынды,

Небір қасқыр қатындар

Қанша бетпақ болса да,

Тыр жалаңаш тоңқайып,

Топ алдында түйенің

Бұйдасын тіспен шешуге

Дәттері бармай тығылды.

Қаймықпайтын кім бар деп,

Қоздатып тұрды күбірді!

Айкөл Манас бас болып,

Батырлар тұрды топтанып,

Бітер деп қалай бұл істі?

Түзге отырған жерінде

Байы түгіл,үстіне

Бөтен келіп қалса да,

Бетінің қаны қашпаған,

тегін жиып саспаған,

Сазбет қатын бұл елде

Қалмапты-ау деп күлісті.

Осы кезде ортаға

Орғып шықты оқтаудай

Қатын балуан Ораңқы,

Ерлерге салып жұмысты.

Анасынан туғандай

Айдай ашық әйелге

Қарауға тіктеп қалың жұрт

Бір-бірінен қымсынып,

Бетін басып тұрысты.

Біраздан соң емініп,

Көздерімен ішіп-жеп,

Қадалса да қыңған жоқ,

Қатын балуан Ораңқы

Құшақтап өскен қылышты,

Қаптап келген ерлермен

Қайқайтып салған ұрысты!

Сансыраған сан қолмен

Сайысқалы шыққандай,

Айбарланып алыпты,

Марғасқаны майдалап,

Майысқалы шыққандай

Жайраң қағып алыпты.

Қалмақ, манжу, қытайды,

Қырғыз, қазақ, ауғанды

Бөксесіне қаратып,

Майданды сызып келеді.

Өкшесіне қаратып,

Мойын қандай, төс қандай,

Жота қандай, жон қандай,

 Жоннан арғы жол қандай,

Жан рахаты жалғанның

Осы жолға қонғандай.

Оны көрген ерлердің

Естері ауып қалғандай,

Ессіздік оты жанғандай.

Сөйткен елді Ораңқы

Нар екенсің деген жоқ,

 Шал екенсің деген жоқ,

Өзінен басқа адамды

Бар екенсің деген жоқ,

Бурабайдай тұлғасы,

Ақша бұлттай көктегі

Желп-желп еткен шудасы,

Алтын, күміс бұйдасы,

Қалы кілем жабуы,

Жампоздың жанға қимасы

Түйеге жетіп барғаны,

Екі қолы төбеде

Шиелеп төмен байлағанТ

үйініне бұйданың

Еңкейіп тісті салғаны,

Абайлап тұрған қалың жұрт

Ойран-асыр қалғаны!

Ескіден қалған бұл бір жол

Көрмеген әзір ел тиып,

Түйені шешіп алам деп,

Тартса қатын тоңқиып,

Сақалдары шошаңдап,

Шалдар отыр шоңқиып.

Атаңның көрі дүние

Қалай өтіп кетті деп,

Ойға батып омпиып.

Батырлар тұр тықыршып,

Қандары қызып қомпиып.

Оның бәрін Ораңқы

Ойына да алған жоқ,

Көз қиығын салған жоқ,

Қас-қағымда қайқайып,

Жетелеп алып түйені,

Қалың топты қақ жарып,

Бұраң белі былқылдап,

 Бура саныбұлтылдап,

Тоқпақтай қара бұрымы

Тоқ балтырға сартылдап,

 Қарыс түкті құндызы

Күн сәулесі шағылып,

Құбылып ойнап жалтылдап,

Келе жатқан кезінде

Қарылар қалды қалтылдап.

Қаһармандар қасқайды,

Қайрат қысып қалшылдап,

Назар салмай біріне,

Өте шықты Ораңқы

Қара көзі жарқылдап,

Қатын-қалаш, қыз-қырқын

Қиқулады қуанып

Аққу-қаздай қаңқылдап!

Анда Манас қабылан

Қатқырып күліп алғаны,

Қайырып кетпен салғаны:

«Ой, атаңның көрі,Ораңқы,

Жалаңаш топқа барғандай,

Түйені шешіп алғандай,

Не күн туды басыңа?

Адыртола жылқың бар,

 Аңғартола түйең бар,

Қора толықойың бар,

Жетпеді ме асыңа?

Үңірейтіп бәтеңді,

Көрсетердей не болды

Досың менен қасыңа?

Бәтеңе сенің қарасам,

Қарауытқан үңгірдің

Сұлбасындай көрінед,

Үш Меркенің үрейлі

Жылғасындай көрінед!»

Анда Ораңқы кеп айтад,

Кеп айтқанда деп айтад:

«Жұрт алдына жалаңаш

Бармайтұғын несі бар?

Қараша қаймал, ту інген

Алмайтұғын несі бар!

Жауды жеңген батырлар

Ауда қандай өшің бар?

Өшің болса бәтемді,

Қолыңнан келсе,кесіп ал!

Малың үшін шыққам жоқ,

Баю үшін шыққам жоқ,

Ерде намыс болғанда

Қатында намыс болмай ма?»

Жарқ-жұрқ етіп Ораңқы

Жалтылдатып бөксесін

Шапаттап тұрып бәтесін,

Деді: «Ерлерім,мұнымен

Ерегесіп нетесің,

Манас пенен Алмамбет,

Шуақ пенен Сырғағым,

Сені де тапқан бұ көтім.

Ер Көкше мен Қосайым,

Ағыш пенен Қырғылшал

Аузы-мұрныңды қан қылып,

Сені де тапқан бұ көтім.

Бақай менен Төстігім,

Мұзбұршақ пен ер Үрбі,

Сені де тапқан бұ көтім.

Осы көтім болмаса,

Найза ұстаған ерлерім,

Көктен түстім деймісің,

Жерден шықтым деймісің?!»

Келтіріп сөздің жүйесін,

Жетелеп алып түйесін,

Қатын балуан Ораңқы

Жайына кете барғаны.

Айкөл Манас бас болып,

Батырлардың бәрісі

Әбден күліп алғаны.

Қайтпас қайсар қатынның

Сөзі менен ісінеРазы болып қалғаны!

      Б.Әлімжанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *