18. «Сопылық» ұғымы туралы
«Сопылық» немесе «тасаууф» (араб. التصوَف) – ежелден қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым. Ол діни термин ретінде Жаратушыны тану әрі Оған жақын болу мақсатында нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол немесе методологияны білдіреді. Жалпы, бұл ұғымның мағыналарын бір ауыз сөзбен түсіндіріп жеткізу мүмкін емес. Сондықтан әр заманның мұсылман ғалымдары бұл ұғымға әр түрлі түсініктемелер берген.
Жаңа ғасырдың әйгілі ислам ғалымдарының бірі Саид Рамазан әл-Бути өзінің «Фиқһ ус-Сира» кітабында тасаууфқа қатысты өз ойын былай білдірген: «Барлық мұсылмандар жүрегінің ахуалын кемелдендіру үшін еңбектенуі керек. Ислам ғұламаларының басым бөлігі жүректі кемелдендіру әдіс-тәсілдерін зерделейтін ілімді тасаууф, яғни сопылық деп атайды, кейбірі оны ихсан, ал кейбірі сулук деп біледі».
Тілдік мағынасы жағынан алғанда, «суфи» және «тасаууф» сөздерінің шығу төркініне қатысты бірегей бір пікір жоқ. Бұл сөздердің шығу тегі мен тілдік мағыналары жайында түрлі хабарлар бар. Солардың бірі Мұхаммед пайғамбар дәуіріндегі тақуа жандардың «асһаб ус-суффа» деген атауымен байланысты. «Асһаб ус-суффа» Мұхаммед пайғамбардың Медине қаласындағы мешітінде өмір сүрген кедей сахабалар еді. Олар дүниелік істерден алшақтап, тек ілім үйренумен және дәріс берумен шұғылданатын.
Ибн Халдун өзінің «Муқаддима» кітабында тасаууф атауы – «суф», яғни жүн немесе иленген тері деген сөздерден шығуы мүмкін деген. Өйткені дүниелік істерді тәрк етіп, өмірін толығымен Жаратушыға құлшылық жасауға арнаған заһид (аскет) адамдар жүннен тоқылған немесе иленген теріден тігілген киімдерді киюді жөн санады. Ибн Халдун оларды мұнымен дүниеқұмарлықтан арылтатын өмір сүру салтын өздеріне лайық деп табатындықтарын жеткізген.
Ал «суфи» атауы әлі танылмаған кезде тасаууфты ұстанғандар әр жерде әр түрлі атаулармен аталатын: «ғураба» – елін тастап, ілім іздеп кеткендер, «сайияхин» – ілім үшін бір мекеннен екінші мекенге барғандар, «фуқара» – айналадағы және қолдағы барлық нәрсенің иесі Алла деп, одан басқа ешкімнен ештеңе сұрамайтын пақырлар, «нурия» – жүрегін нұрмен толтыруға әрекет етушілер, және т.б. Сухрауарди «суфи» ұғымына қатысты «муқаррабун» (Жаратушыға жақын жандар) деген атауын қолданған.
Сопылық – ислам дінінің үш ұстынының бірі – ихсан мәселелерімен айналысатын ілім. Ихсан – сопылық дүниетанымда ең жоғары құлдық мақамы. Алланы көрмесең де көріп тұрғандай құлдық ету. Бұл мақамда адам Алланың көркем есімдері мен сипаттарын тануға ынтасын жинап, рухани шабытқа қауышады.
Сопылық Мұхаммед пайғамбар заманында жеке ғылым ретінде әлі қалыптаспаған еді. Өйткені оған қажеттілік жоқ болатын. «Асру саада», яғни алтын дәуірдің адамдары пайғамбарға жақын болғандықтан, табиғи түрде жүректерін тек Жаратушыға арнаған, құлшылығы көп, шынайы тақуа жандар болған. Сол үшін оларға рухани мақамдарды бағындырған ұстаздар мен арнайы жүйеленген тәрбие ережелері қажет болмады. Олардың өмірлері пайғамбар мен кемеңгер сахабалардың қоғамында өткендіктен, олар табиғи түрде тақуа болатын. Бұл адамдардың аты «сопы» болмаса да, заты сопылыққа сай еді.
Тасаууф методологиясы бойынша ғибадаттарға мұқият болу, нәпсіні тәрбиелеу және жүректі жаманнан тазалап, жақсымен толтыру арқылы ғана адам ихсан дәрежесіне жете алады. Сондықтан сопылық «илми тазкия» (жүрек ілімі) және «илм ул-ахләқ» (мінез-құлықты түзейтін ілім) деп те аталатын болған. Себебі жүрек түзелсе, адамның ниеттері мен іс-әрекеттері де түзеледі. Осыған орай, сопылық тариқаттар жүректі нәпсінің тізгінінен азат етудің өзіндік жолдарын қалыптастырды. Нәпсіні бағындыру әрі көңілді пәк ету үшін олар көптеген машақаттар шегеді. Дегенмен, тасаууфтағы машақат шегу тек сабырлы болу немесе қиындықтарға төзімді болу деген мағыналармен шектелмейді. Бұл машақат – Хақ жолында адам өзіне саналы түрде ұлы мақсатты белгілеп, оған қол жеткізу үшін ерікті түрде мойнымен көтерген ауыртпашылықтарды жеңу машақаты. Шынайы сопылар Жаратушының мейірім-шапағатына бөлену мақсатында тәнін де, жанын да қинап, қиын сынға түсті, шыдады. Сопылар адамның нәпсісі мен көңілін машақаттармен шынықтыруды темір ұстасының болатты лаулаған отпен шыңдауымен теңейді.
Тасаууфтың мақсаты – адамның рухы мен нәпсісінің үйлесім табуы, жүрегін тазартуы, әдептілігі мен мінез-құлқын көркейтуі, ақыл-парасатын кеңейтуі арқылы «кемел адам» дәрежесіне жету. Сондықтан кейбір сопылар тасаууф ілімін «тахаллуқ және тахаққуқ» деп те атаған. Тахаллуқ (تخلَق) – исламдағы мінез-құлық нормаларын үйрену, ал тахаққуқ (تحقَق) деген – сол көркем мінез-құлықты адамның өз бойында іске асыруы, сіңдіруі, соның нәтижесінде рухани кемелдену арқылы кейбір ақиқаттарды меңгеруді білдіреді. Яғни тасаууфты ұстанған адам айналасындағы қоғамға көркем мінез танытады, әрі Құдайды тану арқылы оған жақындай түседі.
Сопылық жолына түскен адам сөзі мен ісінде пайғамбардың мінезін танытып, шариғаттың әмірлерін орындайтын әрі тыйымдарынан тыйылатын, Жаратушының тағдырына бойсұнған жан. Шынайы сопы – шариғатта ұнамсыз және тыйым салынған істерден бойын алшақ ұстап, тіпті барлық күмәнді нәрселердің маңына да жоламайтын тақуа адам. Сондықтан сопылықты ұстанатын адам шариғатты, фиқһ ілімдерін жете меңгеруге әрекеттеніп, амалдарды алған біліміне сәйкес орындап, исламдағы әдеп нормаларын бұлжытпай орындайды, әрі тақуа және салиқалы жандармен қарым-қатынасын үзбейді.
Егер де аталмыш шарттардың бірі орындалмаса, бұл адамды шынайы сопы деп тануға болмайды. Жинақтай келгенде, исламдағы сопылық – момынның Жаратушыға деген иманын әрекетпен қуаттайтын, кез келген ісін Алланың өзін көріп тұрғанын сезіне отырып жасауға үйрететін, адам рухын нәпсі үстемдігінен құтқарып, өзінің «мендігін» ұмыттырып, Жаратқанның қалауына толықтай бойсұынуға тәрбиелейтін мектеп.
Сопылық ислам дініне ориенталистер мен кейбір шығыстанушылар айтқанындай үнді, грек немесе христиан діндерінің ықпалымен енген жат дүние емес. Сопылықтың негіздері мен ережелері пайғамбардың ғибратты ғұмыры мен тағылымға толы тұлғасынан, саңлақ сахабалардың өнегеге толы өмірінен, исламның негізгі қағидаттарынан алынған дүниелер.
Шынайы сопылықтың келбетін ежелден қазақ даласында алғаш болып ислам дінін таратқан әулиелер мен пір-ұстаздардың тұлғасынан көруге болады. Өмірін толығымен дінге, Хаққа қызмет етуге арнаған бұл жандар исламды халыққа сөзімен, ісімен, әдебімен танытты. Мұндай тұлғалар дін тарихында Нақшбандия, Қадария, Руфаия, Яссауия, Шазилия секілді көптеген сопылық тариқаттардың (мектептер) негізін салған.
Сопылықты, тариқатты ұстанатын адам ең әуелі шариғат ілімін жақсы меңгеруі тиіс. Түркі әлеміне белгілі Қожа Ахмет Йассауидің хикметтері адамдарды тазалыққа, адалдыққа, қанағатшылдыққа, кісі ақысын жемеуге, қиянат жасамауға үндейді. Қожа Ахмет «Мир’ат ул-қулуб» (Жүректердің айнасы) атты еңбегінде алдымен шариғатты, одан кейін ғана тариқат, мағрифат және ақиқат деп сопылық жолының мәртебелерін сатылап көрсетті. Сондай-ақ ол білімсіз сопылықты:
«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің
Шайтан келіп, имандарын алар екен»,
деп мінеген.
Сопылықтың ілімсіз болмайтындығы туралы өз ойын Әубәкір Кердері де:
Сопылық жолы ауыр жол,
Ұстап көрсең тәуір жол,
Сопылықты ұстансаң,
Оқыған көп ғалым бол,
деген өлең шумақтарымен жеткізді.
Ислам дінінің қазақ даласына емін-еркін таралуына сопылық елеулі ықпал еткендігі белгілі. Қазақ зиялылары мен дін қайраткерлері сопылық ілімінің шынайы мақсаттарын жақсы түсінген, әрі оларды жүзеге асыру үшін өздері де көп тер төкті. Сол мақсаттардың бірі – парасатты, кемел адамды тәрбиелеп шығару. Абайдың: «толық адам – өзінің қасиетіне, қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Ол – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиетке ие болған адам» деп айтқаны сопылық іліміндегі кемел адамның тұлғасын білдіреді. Ұлы Абай кемел адамның сипаттары ретінде сыддық, кәрам, ғақылды көрсетеді. Мұнда сыддық – әділетпен, кәрам – шапағатпен, ғақыл – ғылыммен астасып кетеді.
Қорыта келгенде, шынайы сопылық ілімі қазақ халқының мұсылмандықты ұстанатын ұлт ретінде қалыптасуына, әрі діни-рухани құндылықтардың күнделікті өмір салтында берік орын алуына ықпал етті. Мұны Яссауидің жырларынан бастау алатын абыздар мен жыраулар поэзиясындағы және Қорқыттан бергі ән-күйлердегі сопылықтың сарынынан байқауға болады. Ислам дінінің қазақ даласында орнығуына үлкен ықпалы болған сопылық жол қазақ халқының дәстүрлі, рухани құндылықтарының қалыптасып, мәдениеті мен өркениетінің дамуына да орасан көп ықпал жасады.