
КВАДРУПОЛДІК ӨЗАРАӘСЕРЛЕСУ – зарядталған бөлшектер жүйесінің квадруполдік моментінің болуы себепті осы жүйенің өзараәсерлесуінің пайда болуы. Егер жүйенің электр заряды немесе диполдік моменті нөлден өзге сан болса, онда квадруполдік өзараәсерлерді ескермеуге болады, себебі ол әсерлесу электрстатикалық және диполдік өзараәсерлесуден едәуір аз шама. Егер екі атомның квадруполдік моменті нөлден өзге болса, алыс қашықтықтағы атомдардың өзараәсерлесулері үшін квадруполдік өзараәсерлесу маңызды болады. Квадруполдік атомдардың (электрлік диполдік моментіне ие емес) энергиясы арақашықтықтың (R) артуына байланысты 1/R5 шамасына пропорционал кемитін болады, сол кезде диполдік моменттердің өзараәсерлерінің энергиясы өзара полярлануы салдарынан қашықтыққа байланысты 1/R6 шамасына пропорционал өзгеретін болады. Сондықтан атомдардың квадруполдік өзараәсерлесуі алыс қашықтықта басым болады. Электрлік зарядтарының сфералық симметриясы болмайтын атом ядролары квадруполдік моментке ие болады. Ядролық физикада квадруполдік өзараәсерлесудің зарядталған бөлшектердің нөлдік диполдік моменті болатын ядроларды кулондық өріспен «атқылап қоздыру» кезінде маңызы зор болады.