ҚАЗАҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ«ӘУЛЕ» ҰҒЫМЫ

17. Қазақ дүниетанымындағы «әулие» ұғымы

 

«Әулие» сөзі негізінен араб тіліндегі– «жақын», «дос», «көмекші» ұғымдарын білдіретін «уәли» сөзінен шыққан. Бұл сөздің шариғаттағы мағынасы күнә істеуден бойын алыс ұстайтын, Аллаға шынайы бойсұнушы, Оған деген махаббаты жалындап, Одан қатты қорыққан және Мұхаммед пайғамбардың сүннеттерін мұқияттылықпен орындаған, иманына берік кісі дегенді білдіреді. «Уәли» сөзінің көпше түрі — «Әулие» (достар). Ал Құран мен хадисте «уәли» және «әулие» есімі Алланың сүйікті пенделері, құлдары, достары деген ұғымды білдіреді.

Әйгілі ғұлама Тафтазани «уәли» түсінігіне: «Алланы және Оның сипаттарын біліп, күнәлардан қашып, итағатпен (бойсұнып) жүруші, ләззәт пен шахуаттарға берілмеген адам» деп анықтама береді.

Қазақ тілінде әулие-әнбие түрінде қосарланып та айтылады, мұндағы әнбие – арабша нәби, яғни пайғамбар деген сөздің көпше түрінен келген. Әйткенмен бұл тіркес ел түсінігінде тек қана әулие деген бір ғана мағынаны білдіреді.

Қасиетті Құран аяттарынан «Әулияуллаһ» (Алланың достары) деген сөзді көптеп кездестіруге болады. «Біліңдер! Расында Алланың достарына қауіп-қатер жоқ әрі олар қайғырмайды. Сондай иман келтіріп, тақуа болғандар. Оларға дүние тіршілігінде де, ақиретте де қуаныш бар. Алланың сөздерінде өзгеріс жоқ. Міне, ірі қол жетушілік осы» делінген («Юнус» сүресі, 62-64 аяттар).

Сайд ибн Жубайрдың риуаяты бойынша, Мұхаммед пайғамбардан: «Алланың уәли (әулие) құлдары кімдер?» деп сұрағанда, пайғамбар: «Олар сондай кісілер, оларды көрген кезде Алла Тағала еске түседі» деген. Демек, Алла Тағала достарының болмысынан олардың әдепті, адамдық қасиеттері мол, парасатты, жүзінен нұр тамған иман жүзді, инабатты, кішіпейіл әрі Жаратушыдан қатты қорқа білетін жандар екендігін аңғарамыз.

Әулие адамдарға тән үлкен қасиеттердің бірі — Жаратушының өздеріне берген кеңшілігі мен артықшылығы арқасында керемет (карамат) көрсетуі. «Керемет» (карамат) – Алланың пайғамбарына шын ықылас ниетімен сенген және Аллаға құлшылық етуде алдына жан салмаған әулиелердің табиғат заңдылықтарына қайшы көрсеткен іс-әрекеттері.

Ислам діні бойынша мұғжиза да, керемет (карамат) те – төтенше болатын жағдай. Мұғжиза пайғамбарға берілсе, ал керемет қасиеті сол пайғамбардың жолын ұстанушы әулие кісілерде болады. Бұл жайында Имам Ағзам Әбу Ханифа «Әл-Фиқһул әкбар» атты еңбегінде: Әулиелердің көрсеткен кереметі (караматы) хақ» дейді.

Ислам тарихында есімдері ел арасында әулиелігімен танымал болған Хасан Басри, Малик ибн Динар, Жунейд Бағдади, Абдулқадир Ғейлани, Ахмед әр-Рифай, Абдулхалқ Гуждевани, Мәулана Желаледдин Руми, Баязид Бистами, Бахауддин Нақшибанди, Ахмед Иассауи сынды тұлғалар көп болған.

1148 жылы Нишапурда дүниеге келген Фәрид-әд-дин Әттар шектен тыс тақуа, көріпкел болып бейнеленетін әулиелер жайлы кітап жазып қалдырған. Әттар жазған 66 түрлі деректі-шежіре, әңгіме дастандар бүгінгі күнге дейін жеткен. Сол кітаптардың бірі – «Тазкират әл-әулийе», сопылық жолдан өтіп әулие атанған жетпіс екі сопы тақуаның өмірбаяндық шежіресі. Кітапта осынау әулиелер көрген, кездескен немесе өздері көрсеткен тылсым оқиғалары баяндалады. Онда әулиелер асқан қанағатшыл, Жаратушыға жан-тәнімен берілген тақуа, кемеңгер ойшыл, тартымды да қисынды сөйлейтін шешен, тылсым әлеммен байланыса алатын аномальды адам ретінде бейнеленген.

Тарихи-әлеуметтік себептерге байланысты қазақ даласында да әулие туралы түсінік ислам дінімен бірге дамыды. Халық жадындағы әулиелік туралы молынан таралған аңыз-әңгімелер осының айғағы. Көпшілік санасында әулие адамдар дінді берік ұстанған, аса тақуалығымен небір тылсым, кереметпен байланысты адам әрі Алланың досы ретінде ерекше құрметтеледі.

Базар жырау Оңдасұлы «Әулиелер» жайлы былай дейді:

Мына бір шолақ дүниеден

«Әулие өлмес» дер едім;

Отқа салса, күймеген,

Залымдардың өмірі

Бір шарпуы тимеген,

Арамды көңілі сүймеген;

Дін мұсылман баласын

Кереметпен билеген…

Оңтүстік Қазақстан, Сыр бойы мен Маңғыстау өлкелерінде әулиелер өмір сүрген қасиетті мекендер, яғни үңгірлер мен жер асты мешіттері — өткен күннің белгісі ретінде тарихымызда қалған асыл мұралардың бірі.

Аңыз-әңгімелерге жүгінсек Қаратау бөктерінде Ысқақ баб, Құш ата, Укаша ата, Жылаған ата, Ғайып ата, Үйрек ата, Мұқым ата, Көк тонды ата, Қарабура ата, Алатау қойнауында Темірші баба, Әлхан баба, Бәдір-Садыр бабалар, Ер Дәуіттің төсі, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен, Ыбырайым ата және т.б., Сыр бойында Арыстан баб, Ұзын ата, Асық ата, Жабай ата, ал Маңғыстау өңірінде 362 әулие өмір сүрген. Әулиелер көрсеткен кереметтер ел аңыздарында сақтылып, олардың мазарлары зиярат жасап келетін қасиетті орынға айналды.

Кейбір әулие адамдар лақап есімге ие болған. Мысалы, Құсшы ата әулие кезінде құсбегілік өнермен елге танымал болса, Қазаншы ата ежелден келе жатқан ел дәстүріндегі кәсіптердің бірі қазанды құюымен Қазаншы аталған.

Жоғарыда есімдері аталған әрбір әулие адамның өзіндік қасиеті болған деседі. Сонымен қатар әулиелер халықтың рухани немесе тұрмыстық қажеттеріне орай қызмет еткен. Мысалы, қазақ ауыз әдебиетінде кездесетін Баба түкті Шашты Әзиз батырлықтың, көзсіз ерліктің, адуын қара күштің пірі әрі жақсылық хабарды жеткізуші әулие болған деседі. Келесі бір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Иассауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді.

Қожалар әулетінің шежіресі «Насабнама» еңбегінде Ысқақ баб жайлы мәліметтер келтірілген. Еңбекте Ысқақ бабты Мұхаммед пайғамбардың қызынан тараған ұрпағы ретінде баяндаған. Ысқақ баб әулие ауызекі аңыздарда Баба түкті Шашты Әзиз әулиемен байланыстыра еске алынады және Баба түкті Шашты Әзиздің кереметінің басым екендігі айтылады.

Соның бірінде «қырық нарға теңдеп әкелген сексеуілді өртегенде, сол сексеуіл шоғының астына керемет көрсету үшін көмілген Шашты Әзиз әулие бір жері күймей аман шығады».

Ел аузында жүрген бойына қасиет дарыған әулиелердің бірі – Укаша ата. Укаша ата ел аузындағы аңыздарда түрліше сипатталады. «Мұхаммед пайғамбардың тапсыруымен қазақ даласына келген Укаша ата ислам дінін тарату жолында басы алынады. Бірақ кесілген бас ешкімге ұстатпастан домалап қаша жөнеледі. Сәлден соң Құдайдың кереметімен жер жарылып, қуысқа түскен бас көзден ғайып болады. Сонда әлгі қуыстан сарқырап су ағып, денесіз басы Меккеден бір-ақ шығыпты. Меккеде сахабалар бастың Укаша екенін танып, Меккеге жерлейді. Ал денесі қазақ даласына жерленеді».

Қазақ халқының мифологиялық сеніміндегі төрт түлік малдың пірі болған – Зеңгі баба. Көшпенді өмір салтын ұстанған халқымыз сиыр малының қамқоршысы Зеңгі баба деп түсінген.

Дерек көздеріне жүгінсек, Зеңгі бабаның шамамен 12-13 ғасырларда өмір сүрген әулие делінеді. Зеңгі баба түрік-ислам дүниесінде исламды уағыздаушы данышпан ойшылдың бірі болған. Зеңгі Баба Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті Сүлеймен Хакім Ата Бақырғанидің тәрбиесінде болып, Иасауи ілімінің мағрифатын, тариқатын, шариғатын, ақиқатын үйреніп, Аллаға жақындасудың қиын да азапты жолдарынан өтеді делінеді. Хакім Атадан терең білім алып, данышпандық пен керемет көрсету дәрежесін меңгергеннен кейін ол халықты ілімге, әдептілікке тәрбиелейді.

Зеңгінің күнделікті өмірі сахарада пада бағумен өткендіктен ол намазды да қыр-адырларда оқитын болған. Намаздан кейін зікір айтумен шұғылданған екен. Сол кезде сиырлар жайылуын тоқтатып тұратын болған. Зеңгі Атаға жергілікті халық үлкен құрмет көрсетіп, Зеңгі Баба деп атаған екен. Зеңгінің көптеген мүридтері (шәкірттері) болған. Олардың ішінде төртеуі — Ұзын Хасан ата, Сайид ата, Садр ата (Садриддин) және Бадр ата (Бадриддин) атақты машайықтар  дәрежесіне жетеді. Зеңгі Баба  1258 жылы өмірден өтеді.

Сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетінде кейбір әйел адамдардың өте тақуа болғандығы әрі олардың да әулиеге жақын қасиеттерінің бар болғандығы айтылады. Ел аузында даналығымен, парасаттылығымен көзге түскен Домалақ, Бабажүн аналар және т.б. биік дәріптелген.

Ислам әлемінде асқан тақуалығымен көзге түскен Рабия әл-Адауия есемі көпке танымал. Өмірбаяндық еңбектері, сопылық дүниелері көбіне көп ел аузына тарап кеткен хикметті әңгімелерімен, өлеңдерімен бүгінгі күнге жеткен.

Бір жолы Рабия діндар қауым бас қосатын жиналысқа келеді. Ондағы ғалым, діндарлар Рабияны сынамақ болып, «Керемет пен ұлылық ерлерге ғана берілген. Қараңыз, әйелден пайғамбар шықпаған ғой, неге олай екен?» дейді. «Айтқандарыңыз бек ақиқат. Бірақ тәкаппарлық пен өзімшілдік те ер азаматтарда көп кездесетіні тағы да шындық қой. Ал есесіне әйел аналар «Мен жоғары мәртебелі пәруардигармын!» деп ешқашан айтпады. Кейбір азаматтар сынды кеудемсоқтық көрсетіп Иесіне бағынбаушылық танытпады!» деп жауап беріп, көнбіс шыдамдылықты Алла сүйетінін паш етеді.

Халық жадында кейбір әулие адамдардың мазарлары есте қалғанымен, сол әулиелер көрсеткен керемет қасиеттер жайлы мәліметтер еміс-еміс қана есте қалған.

Қазақ халқының кейбір аңыз-әпсаналарында ерекше географиялық аймақтар қасиетті саналып, әулие деген түсінікпен ұштастырылған. Мысалы, Жылаған ата аңызы осының дәлелі. Жылаған ата делінуінің мәнісі Құрыш хан мен Шаш ана екі аймақта өмір сүреді. Бір күні ай-күні жеткен Шаш ана еріне келе жатып, жолда босанып қалады. Бірақ мес (перделі) бала табады. Бірақ Құрыш ханға жеткенінше мес жарылып, ішіндегі бала тұра қашады. Анасы соңынан қуады. Ақыры жетуге айналғанда бала: «Қара тас жарыл!» деп айқай салады. Сол кезде тауда үңгір пайда болып, бала соған кіріп жоқ болып кетеді. Осылайша мес бала Жылаған ата әулиеге айналыпты-мыс.

Халық санасында жер-су атаулары мен тарихына байланысты әулие, қасиет ұғымдарына телінген осы сынды аңыз-әңгімелер көптеп кездеседі.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *