«ЗІКІР» ҰҒЫМЫ

16. «Зікір» ұғымы

 

«Зікір» сөзінің тілдік әрі діни ұғым ретінде бірнеше мағынасы бар. Түркітілдес халықтардың ликсикалық қоржынына бұл сөз ислам діні мен өркениетінің таралуымен енген. Тілдік талдау жағынан алғанда, «зікір» ұғымы араб тілінде «еске алу», «жадына сақтау», «атап өту», сондай-ақ «мақтау», «мадақтау» секілді т.б. көптеген мағыналарды қамтиды. Дегенмен, бұл ұғымның өзге тілдер жүйесіне діни терминология құрамында кіргендіктен, оның қазақ тілінде қолдану аясы көбіне осы діни сарынмен шектелген.

Жалпы діни тұрғыдан алғанда «зікір» ұғымы – Жаратушыны еске алу және Оның көркем есім-сипаттарын ұлықтау әрекеттерінен тұратын құлшылықтардың бір түрі. Құран мәтіндерінде зікір етуге қатысты көптеген аяттарды кездестіруге болады. Оларға мысалы «Әй мүміндер! Алланы өте көп зікір етіңдер» деген үндеу және бұйрық түріндегі аяттар, сондай-ақ «Олар тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы зікір етеді» деген сипаттау сарынындағы аяттар жатады.

Зікір етуді дін ғалымдары ғибадаттың ең жеңіл әрі маңызды түрі деп санаған. Кез келген адам тамаққа және ұйқыға мұқтаж болғандай, зікір де рухтың азығы, қажеттілігі іспеттес. Ал діндар адам үшін ең абзал зікір әрине – «Кәлима-и шахадат» айту. Калима-и шахадат айту исламды қабылдаудың бірінші әрі негізгі шарты болып табылады. Яғни ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған сөйлей алатын адамның: «Лә илаһә иллаЛла Мухаммәдән расуләЛла» (Алладан өзге тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі) деп айтуы және осыған жүрегімен сенуі оның сөзсіз мұсылман болғандығын айқындайды.

Жаратушыны көркем есім-сипаттарын ауызға ала отырып еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау, яғни зікір ету дауыстап (зикр жәһри) немесе құпия (зикр һәффи) түрде орындалуы мүмкін. Алайда ислам ғұламалары Құдайды дауыстап еске алу құлшылығын рия болмайтын жағдайда орындауды құптаған. Бұл қөзқарас Мұхаммед пайғамбардың: «Құдіреті шексіз Алла айтты: «Мені құлым қалай ойласа, мені солай табады. Мені ол зікір етсе мен де оны ескеремін. Егер ол мені іштей есіне алып зікір етсе, Мен де оны іштей ескеремін. Егер мені көпшіліктің алдында еске алып зікір етсе, Мен де оны одан да қайырлы көпшіліктің құзырында ескеремін…» деген құдси хадисіне негізделген.

Сондай-ақ тағы бір хадисте Мұхаммед пайғамбардың заманында адамдар жамағатпен оқылған парыз намаздарынан кейін Аллаға дауыстап зікір айтқандығы баяндалады. Жалпы парыз намаздардан кейін «субһанаЛла», «әлһамдулиЛлә» және «Аллаһу акбар» деп әрқайсысын 33 реттен қайталап зікір ету, дұға жасау – сүннет. Бүгінде бұл сүннетті мұсылмандар күнделікті өмірінде орындауда.

Зікір белгілі бір уақыт немесе жерді қажет етпейді, жүрекпен жасалады және тілмен айтылады. Жүрек зікірі (зикр әл-қалб) – көңіл арқылы Жаратушыны әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну және ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүю. Ал тілмен айтылатын зікір (зикр әл-лисан) – зікір сөздерін «жария» және «құпия» айтудан тұрады.

Ислам ғалымдары осы зікірлердің ішінде жүрекке негізделіп тілге тиек етілген зікірді жөн санаған. Жүрекпен жасалған зікір Жаратушының шексіз құдіреті, көркемдігі, аяттары мен ұлылығы жайында ойландырады. Тілмен жасалатын зікір болса осы жүректегі зікірді сыртқа шығарады. Сонымен қатар пайғамбарларға салауат айтып, уағыз-насихат жүргізу де осы жүрек және тілмен айтылатын зікірге жатады және құлшылықтың бұл түрі дәрет пен ғұсыл алуды міндеттемейді.

Зікір жеке адам немесе жамағаттың қатысуымен орындалуы мүмкін. Жамағатпен бірлесе Құдайды еске алу құлшылығы адамның жеке дара отырып зікір айтудан артық саналады. Өйткені ғибадатта топтасу кезінде адамдардың арасында өзара бауырластық сезімдері күшейіп, бір-бірінің иманын қуаттауға әсер етеді. Жамағатпен бірге зікір айтуға қатысты бірқатар хадистер бар. Сол хадистердің бірінде Мұхаммед пайғамбар: «Егер жәннат бақшаларының жанынан өтсеңдер ләззат алыңдар» дейді. Ол кісіден: «Жәннат бақшалары дегеніміз не?» деп сұрағанда, ол: «Зікір айтылатын жиналыстар» деп жауап берді.

Осы хадиске қатысты Мұхаммад Әли ‘Аллян мынадай түсініктеме береді: «Алланы еске алып жатқан топтардың қасынан өткен кезде, сендер де солармен бірге Алланы еске алыңдар немесе олардың зікірлерін тыңдаңдар». Ал хадистегі «ләззат алыңдар» сөздерінің мағынасы: олардың «субһанаЛла», «әлһамдулиЛлә» және т.б. зікірлерді айтуы жәннатқа кірулеріне себепші болады деген.

Тағы бір хадисте пайғамбар: «Адамдар Алланы еске алу үшін отырған бойда, айналаларына періштелер жиналады, оларға Алланың рақымы түседі, жүректері тыныштық тауып, Алла оларды Өзінің қасындағылардың алдында еске алады» деп, жамағатпен бірге зікір етудің артықшылығын атап өткен.

Осы мазмұндағы хадис Ибн Хаджар әл-Аскалянидің «Булуг-уль-Марам» кітабында да келтірілген: «Адамдар бас қосып, Алланы зікір ете бастағанда, оларды періштелер қоршап алады, оларға Алланың рахметі жауады, Алла оларды Өзінің қасындағылардың ортасында еске алады».

Яғни адамдардың мешітте жиналып, қатты дауыспен зікір айтудың ислам шариғатына еш қайшылығы жоқ екендігін діни дереккөздерден келтірілген жоғарыдағы дәйексөздер айғақтай түседі.

Адамның оңаша жерде жалғыз отырып зікір айтудың өз орны бар. Жеке қалып зікір ететін адам өзінің күнделікті өмірде жасаған іс-әрекеттерін саралап, жасаған күнә-қателіктері үшін Жаратушысынан жарылқау тілейді. Сол арқылы жүрегін ғапылдықтан, құлқынның құлшығынан оятып, тәубеге келеді. Осыған байланысты Мұхаммед пайғамбардың: «Қиямет күні ешқандай көлеңке болмаған кезде Алла Тағала жеті адамға көлеңке береді» деген хадисінде, сол адамдардың бірі: «оңашада Алланы есіне алып, қорқыныштан көзіне жас алған адам» деп көрсетілген.

Исламдағы кейбір сопылық тариқаттар зікірді нәпсіні тазарту және рухтың дәрежесін көтеру үшін пайдаланады. Мысалы, нақшбанди тариқатын ұстанатындар «Алла» сөзіне зейін қойып, ұзақ уақыт бойы іштен қайталау зікірін Жаратушыға рухани жақындай түсу және оны толғана тамашалау әдісі ретінде қолданып келеді. Яғни сопылық ілімінде зікір – өзіндік діни ритуалдар арқылы Алланы еске алудың, рухани шабыт шақырудың әдісі болып табылады. Әрбір зікір жүректі шынайы ғибадат етуге тәрбиелеп, Алла мен адам арасындағы байланыс тірегін күшейтудің құралы, әдістемелік жүйесінің тұғыры.

Жоғарыда атап өткендей зікір ұғымының мағынасы көп, қолдану аясы кең. Оның мән-мазмұны исламды алғаш қабылдағанда айтылатын сөзден бастап, күйбең тіршілікте күнделікті орындайтын құлшылықтармен де сабақтасады. Мұсылмандардың бір жерге жиналып, иман және шариғат секілді діни тақырыптарда бір-біріне уағыз айтуы, пікір алмасуы, Құран оқуы немесе жеке адамның оңаша қалып, Жаратушысымен сұхбат құруы, осының барлығы зікір ұғымына саяды. Өмір сүру барысында пайғамбарлар мен тарихта өткен салиқалы жандардың ізгі қасиеттерін үйреніп, үлгілі істерін қайталау, сондай-ақ, Жаратушының нәсіп еткен нығметтеріне шүкіршілік ғибадаты арқылы ризашылық білдіру, қажеттіліктерді тілеу де зікір болып есептеледі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *