9. Ислам дініндегі және қазақ салт-дәстүріндегі «тәбәрік» ұғымының мәні
Ислам дінінде жиі айтылып, барша мұсылман қауымына айтылатын тілектер мен сөздердің бірі – «құт-береке» және «игілік» сөздері.
Араб тіліндегі «барака» (береке, игілік, құт) сөзі «қандай да бір нәрсенің үнемі ұлғайып-өсуі, көбейіп, азаймайтындығы, сондай-ақ игі жемістер мен нәтижелер беретін нәрсе, іс-әрекет» деген мағынаны білдіреді. Бұл аталмыш ұғымдар адамзат баласының Жаратушы тарапынан жақсылыққа кенелуін аңғартады.
Ислам шариғаты бойынша Жаратушы тарапынан белгілі мекендер мен мешіттерге, уақыттарға құт-береке (барака) дарытылған. Олар:
1. Белгілі бір мекендерге тән береке. Мысалы, Мекке мен Мәдина қалалары. Бұл қалаларда зәру болмаған жағдайды әскери іс-қимылдар жүргізуге, аңшылық жасауға, өсімдіктерге зиян келтіруге және т.б. әрекеттерге қатаң түрде тыйым салынғандығы сахих хадистерде кеңінен көрініс тапқан;
2. Белгілі бір мешіттерге тән береке. 1) Меккедегі «Әл-Харам» мешіті. Бұл мешітте орындалған намаз сауабы бойынша басқа мешіттерде орындалған жүз мың намаздың сауабына тең (Ахмад 4/5. Хасан хадис);
2) Мәдина қаласында орналасқан «Пайғамбар» мешіті (Мәсжид ән-Нәбәуи). Хадистерде: «Бұл мешітте орындалған намаздың сауабы (Меккедегі әл-Харам Мешітін есептемегенде) басқа мешіттерде оқылған он мың намазға тең» делінеді (Бухари 2/56; Муслим 2/1012);
3) Иерусалимдегі «әл-Ақса» мешіті. Аталмыш мешітте орындалатын намаз сауабы (екі Харам Мешіттерінен басқа) басқа мешіттерде орындалған мың намазға тең екендігі баяндалған (Хасан хадис).
3. Белгілі уақыт кезеңдеріне тән қасиеттер мен берекелер.
Мысалы, «Рамазан» айы мұсылман қауымы үшін қасиетті мәнге ие. Барша мұсылман ораза ұстап, зекет беріп, құлшылықтарын, яғни игі істерді барынша арттыруға тырысады. Қасиетті қадір түні (ләйләт әл-қадр) де аталмыш айға тиесілі. Қадір түнінің қасиеттері Құранда: «Ол артықшылығы бойынша мың айлардан артық, жылдың ең жақсы түні» (97-сүре, 2-3 аяттар), «Бұл түн берекелі болып табылады» (44-сүре, 3-аят), «Осы түнде келесі жылы жер бетінде және көктерде орын алатын нәрсенің барлығы тағдырға белгіленеді» (44-сүре, 4-аят), «Осы түнде жасалатын амалдар үшін берілетін сауаптар мың жылдан астам уақыт бойы жасалған амалдардың сауабына тең. Дәл осы түнде Құран түсірілді» (44-сүре, 1-3 аяттар) деген аяттар кездеседі.
Сонымен қатар, «зуль-ка’да», «зуль-хижжа», «мухаррам» және «ражжаб» айларының мән-мазмұны да айрықша. Ал күндерге келер болсақ, ислам дінінде зуль-хижжа айының алғашқы он күні, сондай-ақ ташриқтің үш күні ерекше белгіленген. Хадистерде мұсылмандар осы күндері игі амалдар атқарса, онда жылдың басқа күндеріндегі игі амалдарға қарағанда сауаптың көбірек уәде етілгендігі туралы мәліметтер кездеседі (Бухари 2/7). Зуль-хижжа айының тоғызыншы күні – арафа күні. Хадистерде: «Кім осы күні ораза ұстаса, ол адамның өткен және келесі жылдағы күнәлары кешіріледі» делінген (Муслим 2/819). Бұл күндердің қатарынан «Құрбан айт» күні де орын алады.
Апта күндеріне келер болсақ, олардың арасында жұма, дүйсенбі және бейсенбі айрықша белгіленген.
4. Зәмзәм бұлағының қасиеті мен берекелі екендігіне хадис шарифтерде бірқатар дәлелдер келтірілген. Хадистерде зәмзәм суының жер бетінде ең жақсы су екендігі, берекелді әрі тойымды, сонымен қатар ауруларға шипа екендігі жайлы мәліметтер кездеседі.
Сонымен қатар, Алла Тағала пайғамбарларға ерекше құт-береке мен шипа дарытқан. Мұхаммед пайғамбар тұсында сахабалар одан «тәбәрік» іздейтін.
«Табрик» сөзі – ислам шариғаты бойынша екі түрлі мағынаны білдіреді: 1) Бір адамның басқа адам үшін Алладан береке тілеуі. 2) Алла Тағала Өзінің қандай да бір жаратылысын игілік-берекеге бөлеуі. «Табаррук» (тәбәрік) сөзі – бұл қандай да бір нәрсе (зат) арқылы игілік-береке іздеу және оны қабылдап алуға ұмтылу.
Ал еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Тәбәрік» (теберік) сөзіне – естелік үшін алынатын не пайдаланатын қастерлі зат» деп анықтама берген.
Пайғамбарлар — Алла Тағала тарапынан көптеген мұғжизалар мен ерекше физикалық қасиеттерге ие жандар. Сахабалар Мұхаммед пайғамбардың тірі кезінде оның өзімен (ол арқылы), ал ол қайтыс болған соң одан қалған заттар (нәрселер) арқылы тәбәрік (Алланың Елшісі ауыра бастаған кезде алақандарына Құранның соңғы екі сүрелерін оқып, одан кейін алақандарына әлсін-әлсін түкіріп (үшкіріп), олармен өз денесін сүртетін. Ал оның ауыруы күшейген кезде, мен өзім оның алақандарына осы сүрелерді оқитынмын, одан соң оның қолдарының берекесі ауруды жеңілдетеді деп үміттеніп, оның денесін оның қолдарымен сүртетінмін» (Бухари 7/22; Муслим 4/1723).
Әнас ибн Мәлик: «Алланың Елшісі таң намазын аяқтаған соң, оның алдына Мәдинаның барлық жерінен келген қызметшілер жиналатын. Олар өздерімен бірге су толтырылған ыдыстар алып келетін. Әрі оған қандай ыдыс ұсынылса да, ол оған өзінің қолын салатын, тіпті таң қатты суық болса да» деп баяндаған (Муслим 4/1812).
Ал Абу Жухайфа риуаят еткен келесі бір хадисте былай делінген: «Бірде түсте Пайғамбар дәрет алып, екі ракағат бесін (зухр) намазын және екі ракағат екінті (аср) намазын орындады. Намаздан соң оған адамдар жақындап келді де оның қолдарынан ұстап, олармен беттерін сүрте бастады» (Бухари 4/165).
Сахабалар Мұхаммед пайғамбар қайтыс болғаннан кейін сахабалардың ішіндегі ең жақсыларымен, халифалармен де, жәннатпен сүйіншіленген он сахабамен тәбәрік (табаррук) жасамаған. Өйткені олар физикалық тұрғыдан құт-берекеге ие болудың тек пайғамбарларға тән ерекше сипат екенін білген.
Бұл мәселеге қатысты Имам Ибн Ражжаб: «Сахабалар мұндай тәбәрікті тек Пайғамбармен жасаған әрі мұндай тәбәрікті басқа сахабалармен жасамаған. Сондай-ақ сахабалардың ізбасарлары да сахабалармен тәбәрік жасамаған. Осының барлығы физикалық тұрғыдағы құт-берекеге ие болу – бұл Пайғамбардың айрықша сипаты екендігін нұсқайды. Сондықтан да олар оның дәрет алып болғанынан кейін қалған суын, сондай-ақ оның шаштарын т.с.с. пайдаланып құт-береке іздейтін еді» дейді («әл-Хикам әл-Жәдира» 55-бет).
Қазақ халқының дүниетанымы, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ислам шариғатымен өзара үйлесе дамыды. Қазақ тіліне араб тілінен бірқатар ұғымдар еніп, кейбір сөздердің мән-мағынасы кеңейе түскен. Ислам дінін қабылдағаннан кейін сөз қорына енген «тәбәрік» сөзі қазақ халқының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өз орнын тауып, бірнеше мағынада қолданылуда. Соның бірі — қайтыс болған адамның артынан жыртыс, тәбәрік тарату үрдісі. Марқұмның артында қалған жақындары қайтыс болған адамға сауабы тие берсін деген мақсатта садақа беру ниетімен «тәбәрік» таратқан.
Бір күні Мұхаммед пайғамбарға бір кісі келіп: «Менің әкем қайтыс болып, артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниені (пәлен жерге берілсін деп) өсиет етпеп еді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме?» деп сұрайды. Мұхаммед пайғамбар бұл сұраққа «ия» деп жауап береді. Ислам шариғаты бойынша марқұмның артында қалған туған-туыстарының садақа беруі құпталған, игі амалдардың қатарына жатады.
Қазақтар әйел адам қайтыс болған жағдайда 40 инеге жіп сабақтап, оған қоса бір салымнан шәй қосып, әйелдер қауымына жіп-шу деп тарқататын болған. Бұның мағынасы қайтыс болған марқұмның тірі кезінде қарыз алған жіп-шуы болуы ықтимал. Бұл үрдіс мойнына қарыз болып жүрмесін және садақа болсын деген ойдан туындаған. Ал жасы үлкен, өнегелі ісімен көпшілік алдында сыйлы болған, көзі тірі немесе қайтыс болған адамнан сол кісінің жасын және жолын берсін деп, киім-кешектері мен заттарын тәбәрік ретінде ырымдап алатын болған.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп халқымыз әрқашан жақсы сөз бен игі ниетке ұмтылған. Мысалы, келін түсіріп, той жасағанда немесе т.б. отбасылық қуаныштарға орай келген қонақтар шашылған шашудан «тәбәрік», яғни бізге де жұғысты болсын деп сарқыт алатын болған. Сонымен қатар, біреу ойын-тойда бәйге, жүлде алса немесе құдалық салт-дәстүрде кәде алса, сол кәдеден жанындағы адамдарға үлес беруі керек. Мұндайда жұрт одан «тәбәрік бер» деп сұрап алады. Олжалы адам әдет бойынша тәбәрік беруге міндетті, бермеуі ұят, сараңдық, дәстүр сыйламағандық болып саналады.
Бірде Мұхаммед пайғамбар Анас ибн Малик деген сахабасының үйінде ұйықтап жатады. Ұйықтап жатқанда оның жүзінен тері тама бастайды. Анас ибн Маликтің анасы Румейса өзінің иіс су құятын ыдысын алып, пайғамбардың терін әтірімен араластырып құйып алады. Мұхаммед пайғамбар оянып: «Румейса, мұсылманның анасы, не істеп жатырсың?», – дегенде: «Сіз терлегенде теріңізден хош иіс шықты, оның иісі өте жұпар екен. Соны иіс суыма араластырып «тәбарак» деп алып отырмын» дейді. Егер ислам дінінде тәбәрік алу, сарқыт алу әрекеті дұрыс емес болса, онда Мұхаммед пайғамбар бұл іске тыйым салған болар еді.