
ЕРІКСІЗ СӘУЛЕ ШЫҒАРУ, индукциялық сәуле шығару – кванттық жүйенің сыртқы (мәжбүрлеуші) сәуле әсерінен электрмагниттік сәуле шығаруы; еріксіз сәуле шығару кезінде шығарылған электрмагниттік толқындардың жиілігі, фазасы, полярлануы және таралу бағыты сыртқы толқындардың сәйкес сипаттамаларымен толықтай үйлеседі. Еріксіз сәуле шығарудың сыртқы әсерсіз пайда болатын өздігінен сәуле шығарудан принципті айырмашылығы бар. Еріксіз сәуле шығаруды 1916 жылы Альберт Эйнштейн (1879 – 1955) жылулық сәуле шығаруды талдау кезінде кванттық теория көзқарасы бойынша постулаттаған болатын, соңынан бұл ғылыми тәжірибе жүзінде дәлелденген.
Еріксіз сәуле шығару – жұтуға кері үрдіс: Эйнштейннің коэффициенттерімен анықталатын еріксіз сәуле шығару және жұту үрдісінің (процесінің) ықтималдығы өзара тең, ал шығарылатын фотонның еріксіз шығарылатын фотоннан ешбір айырмашылығы жоқ, сондықтан еріксіз сәуле шығару кейде т е р і с ж ұ т ы л у деп те аталады. Әдеттегі жағдайларда жұту еріксіз сәуле шығарудан артық болады. Бірақ та егер затта кез келген екі энергия деңгейінің толымдылық инверсиясы болса, онда бұған әсер етуші сәуленің жиілігі осы деңгейлер арасындағы кванттық ауысудың жиілігімен сәйкес болатын кезде, еріксіз сәуле шығару сәуле жұтудан артық және қарқындылығы өздігінен сәуле шығарудың қарқындылығынан едәуір күшті болады. Осы жайт кванттық электроникада пайдаланылған.