ПУНКТУАЦИЯЛЫҚ НОРМА
Пунктуация (лат. punctum — нүкте) – әдеби тілдің тыныс белгілерін зерттейтін тіл білімінің саласы. Пунктуациялық норма — ережеге байланысты тыныс белгісін қоймау немесе қажеттілігіне қарай қою. Тыныс белгісі – жазуда қолданылатын графикалық тәсіл. Пунктуациялық нормалар орфографиялық, орфоэпиялық нормалар сияқты тіл мәдениетін меңгертуде ерекше орын алады. Тыныс белгілерін дұрыс қоймау адамның тіл мәдениетінің төмендігін көрсетіп қана бермейді, мәтіннің мағынасын дұрыс түсінуге де кедергі келтіреді. Қазақ тілінде нүкте (.), нүктелі үтір (;), үтір (,), сызықша (–), дефис ( — ), қос нүкте (:), сұрақ белгісі (?), леп белгісі (!), көпнүкте (…) т.б. да тыныс белгілері бар. Бұл тыныс белгілердің ең көп кездесетін жері – көркем әдебиет. Сонымен қатар ғылыми стильдегі еңбектерде де жоғарыда аталған тыныс белгілер жиі қолданылады. Пунктуациялық норманы меңгеру үшін пунктуациялық іскерлікті қалыптастыратын пунктуациялық білімнің болуы шарттылық. Пунктуация: логикалық, синтаксистік және интонациялық принциптерді басшылыққа алады. Қазіргі пунктуация негізінен семантика-грамматикалық принципке негізделеді. Тыныс белгісі нақты бір ережеге сай қойылады. Әрбір пунктуациялық ережеге тыныс белгісімен бөлінетін мағыналы бөлшек сәйкес келеді. Тыныс белгісін қоюда позитивті және негативті жағдайлар болады. Мысалы: бірыңғай мүшелердің арасына үтір қойылу керек (позитив). Алайда олар шылаулармен байланысса, үтір (негатив) қойылмайды. Пунктуация – сөйлемді және мәтінді коммуникативтік бірліктерді жазуда мағыналық бөліктерге бөлудің графикалық тәсілі. Осыған орай пунктуациялық норманы теориялық тұрғыдан меңгерудің маңызы зор. Тыныс белгілерін дұрыс қоя білу – сауаттылықты арттырады, әрі синтаксисті жете меңгеруге көмектеседі.