ПУБЛИЦИСТИКАЛЫҚ СТИЛЬ
Публицистика (лат. publicus — көпшілік, әлеумет) қоғам өмірі үшін маңызды мәселелерді талқылау деген ұғымда жұмсалады. Публицистикалық стиль қоғамға қатысты туындаған шығармалардың негізінде қалыптасады. Белгілі бір тілде публицистиканың өз алдына бөлек стиль болып қалыптасуы қоғамдық сананың өскенін, артқанын көрсетеді. Тілдің басқа стильдері сияқты публицистикалық стиль де бірыңғай болып келмейді. Бірқатар лингвистер публицистикалық стильдің жазбаша түріне саяси тақырыпта жазылған газет-журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды жатқызса, ал шешендік сөздер публицистикалық стильдің ауызша түрі екендігін айтады. Публицистикалық стильдің жазба түрінің ең алғаш қалыптаса бастауы халықтың жалпы мәдениеті мен саяси жағдайына байланысты. Яғни қазақтың жазба әдеби тіліндегі публицистикалық стильдің қалыптасуы 1905-1918 жылдар аралығында баспасөз құралдарының көбейе түсуімен байланысты. Осы тұстағы баспасөз беттерінен тіліміздегі публицистикалық стильдің қалыптаса бастағанын көреміз. «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Алаш», «Жас азамат» газеттерінен және «Айқап» журналынан т.б. баспасөз құрал дарынан қазақ сөзінің қоғамдық-әлеуметтік саланың әртүрін көр сететін лексиканың стильдік реңктерге ие бола бастағанын байқаймыз. Осы баспасөз беттерінде саяси-қоғамдық лексикамен бірге, мәселен, жаңа мазмұндағы салтанатты стильдің де ерекше үлгілерін аңғарамыз. Жазба публицистика баспасөз мәдениетінің өркендеп даму дәрежесін көрсетеді. Публицистикалық стиль жұртқа үндеу, үгіт айтуда пайдаланылады. Мұндай үндеуге, үгітке қоғам үшін және дәл сол кезеңде зор мәні бар мәселелер тақырып болады. Мысалы, саяси, экономикалық, экологиялық, мәдени, моральдық мәселелер. Үндеудің, үгіттеудің мақсаты — жұртшылықты қоғамдық мәні бар іске қатыстыру, жұртшылықтың санасына ықпал ету. Сонымен қатар публицистиканың басты қағидаларының бірі – шындық. Ал қазіргі таңда баспасөз беттерінде жалған ақпараттарды насихаттау жұмыстары немесе халыққа кері әсерін тигізетін публицистикалық мақалалар да көп. Бұл публицистикалық стильдің басты шарттарының сақталмай кеткенін аңғартады. Оның дұрыс бағытта дамуы журналистер қолында.