
Қазақша ғылыми-көпшілік стилінің пайда болуы және оның жай-күйі
Өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде көпші- лікке (ең болмағанда сауатты оқырманға) арналып, жалпы ғылым-білімнен де, кейбір ғылым салаларынан да мәлімет беретін, баяндайтын, түсіндіретін, насихаттайтын сипаттағы әдебиет жанры пайда болады. Зерттеуші Б.Әбілқасымов мұндай әдебиеттің тұңғыш үлгісі деп Н.И.Ильминскийдің «Самоучитель русской грамоты для киргизов» деген кітабының соңында берілген қазақша үлгілерді атайды178. Ол текстер география, тарих, табиғаттану салаларынан мағлұматтар береді. Бұл стиль үлгілерін шағын мақалалар түрінде сол кезеңдегі қазақша мерзімді баспасөз беттерінен де табамыз.
Медицина, ветеринария, шаруашылық мәселелеріне арнал- ған жеке кітапшалар да жанры жағынан көрсетілген әдебиетке жатады. Бұлардың дені – орыс тілінен аударылған дүниелер болғанымен, осы күнгідей дәл аударма ретінде қарастыруға келмейді, өйткені өткен ғасырдағы аударма ісінің принциптері қазіргіден бөлек болатын. Түпнұсқа текстің мазмұны ғана беріліп, сөздігі мен синтаксистік құрылысы жағынан дәлмедәлдік сақталмайтын.
Бұл әдебиеттің алдында хат танитындар арқылы қалың көпшілікке білім-ғылымның әр саласынан хабар беру және оны сол кездегі жұрттың сауаттылығы, білім дәрежесімен санасып, түсінікті, жеңіл, «жалпақ» тілмен білдіру мақсаты тұрды. «Оқұмұстардың (ғалымдардың – Р.С.) айтқан сөздері (жазғандары – Р.С.) қандай анық, қандай түсүнүкті, көптүрмей, семдірмей, дұрұсұн түсүндүреді де қойады, оқудың байдасы бұ» деп жанр авторларының бірі жазғанындай179, өздері де ғылыми шындықты біршама дәл («көптірмей», «семдірмей») беруді және түсінікті етіп баяндауды көздейді.
Қазақ тіліндегі алғашқы ғылыми көпшілікқолды әдебиеттің осы мақсаты оның тілі мен стиліне мейлінше әсер етті: мұнда баяндаумен қатар, түсіндіру сипаты кең орын алады. Мұны осы үлгідегі әдебиеттің стилъдік белгісінің бірі деп тануға болады.
- Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың IIжартысындағы… — 65-б.
- 1897 жылғы қазақ үшін шығарылған календарь. — Орынбор, 1898. — 35-б.
Түсініктеме текстің өз ішінде түпнұсқада болуы мүмкін, сонымен қатар кейбір зат, ұғым, құбылыстардың не мәнін ашып немесе қазақша баламасын келтіріп түсіндіру де орын алады. Мысалы, 1897 жылғы қазақ үшін шығарылған календарьдағы планета туралы материалда: Осы күннен айналып жүретүн томалақтарды планета деп атайды. Оның мәні жүретүн жұлдұз дегені. Мұнда соңғы сөйлем түсіндірме ретінде келті- рілген. Осы календарьдан тағы мысалдар келтірейік: Көзге қойып қарағанда алыс нәрсені жақындатып, үлкейтіп көрсе- тетін телескоп деген құрал бар… Бұл жарқыраған жұлдызды комета дейді, құйрықты жұлдыз дегені, бұлар бөтен күннің қауымынан келеді… Мәскеуде кәзір күндіз болса, Америкада (бір Америка деген жер бар) түн… Бұл мысалдарда білімғылымнан таным дәрежесі әлі төмен көпшілік оқырманға сол білім-ғылымның әр саласынан хабар (информация) берумен қатар, сол хабарды түсіндіріп отыру принципі көзге түседі. Ол түсіндіру әртүрлі жолмен жүзеге асырылған. Көбінесе «деген құрал бар, деген жер бар» деген сияқты қосалқы баяндау амалы пайдаланылған. Айталық, Америка сөзі көпшілік қазақ- қа түсініксіз: ол заттың аты ма, адамның аты ма, іс-әрекеттің атауы ма, сондықтан жақша ішіне оның материктің аты екенін қазақтың «жалпақ тілімен» бір Америка деген жер бар деп түсіндірмені қыстырады.
Бұл стильге тән белгілердің басты-бастылары мыналар:
- Жартылай ғылыми мазмұнды болғандықтан, мұнда алғашқы ғылыми-техникалық терминдер қолданыла бастайды. Сөз жоқ, қазіргідей әр ұғымға сай орныққан, әр ғылым саласына қарай сараланған терминдердің жүйесі әлі жоқ. Бұл кезең – қазақ тілінде терминдерді жасаудың (немесе қабылдаудың) принциптері мен жолдары айқындалмаған, тіпті ол жөнінде сөз болмаған дәуір. Дегенмен білім-ғылымға қатысты тер- минологияның алғашқы нышандары осы кезде, аталған стильде көріне бастады деуге болады.
Ол терминдер екі түрлі: көбі – түпнұсқадан – орыс тілінен – дайын түрде алынғандар: планета, комета, компас, телескоп, трахома, календарь, адрес, почта, телеграф, миллион, спирт т.б.; бірсыпырасы – қазақша баламасымен берілгендер: дәрігершілік (медицина), құрғақ жер, қара жер (суша), дома- лақ жер (земной шар), ойпат (впадина), жел (воздух), арал (остров), ауру (болезнь), науқас (больной), Жер (Земля), оқымыс (ученый), Күннің тұтылуы (затмение солнца), Айдың тұтылуы (затмение луны), Таң жұлдызы (Венера), Құс жолы (Млечный путь), ереже (положение), көшпелі халық (кочевой народ), Күннің қауымы (солнечная система), ем (лечение).
Ғылыми-техникалық терминдерді калька жолымен жасау нышандары XIX ғасырдың II жартысында сөз етіп отырған стильде басталады. Мысалы, бұрын қазақ ұғымында Айды планета – Жердің серігі ретінде тану жоқ болатын, сондық- тан «жердің серігі немесе жолдасы» деген тіркес те қолда- нылмайтын, енді «спутник земли» деген ғылыми термин (ұғым) орысшадан калькаланып, «жердің жолдасы»деген тіркес түрінде берілген. Күн өту (солнечный удар), үй иесі (кибитковладелец), темір жол (железная дорога), жандық (живое, животное) дегендер де осы іспеттес.
- Ғылыми-техникалық ұғымдардың бірқатары жеке сөз – терминмен (не кірме, не қолтума) аталмай, суреттеме (яғни аналитикалық) жолмен беріледі. Мысалы, ағач-су ғылымы (ботаника), жан-жануарлар ғылымы (зоология), көктен түс- кен тас (метеорит), көп қауымға тиішлі кітапхана (публичная библиотека), жүз жыл (век), егін салу шаруасы (хлебопашество), от арба (поезд) т.б. Бұл да – осы жанрдың стильдік ізденісінің жемісі: бұл сәтте қазақ қауымының әлі де білімғылымнан хабарсыз қалың көпшілігіне айтпақ мағлұматты неғұрлым түсінікті етіп жеткізу амалы көзделіп отыр: зоология сөзінің сол кездегі қазақтар үшін мағынасы да, құрамы да, яғни оның зоо+логос деген латын сөздерінен тұратындығы түсініксіз, ал жан-жануарлар ғылымы деген тіркестен бұл ғылымның нені зерттейтін сала екені өз-өзінен айқын танылады.
Сол сияқты «век» деген терминді жүз жыл деп суреттеме тәсілмен беру әлдеқайда түсінікті, от арба (поезд) – отпен жүретін арба (көлік), дәрі сақталатұғын үй (аптека), үлкен теңіз (океан), теңіз ішіндегі бөлек-бөлек аралдар (океания) дегендер де – осындай.
Бұл кезеңдерде ғылыми-техникалық ұғымдарды қазіргідей жеке терминмен атаудан гөрі, оларды түсіндіру ниеті басым екені байқалады, яғни лингвистикалық мақсаттан гөрі, ағартушылық мақсаты жоғары тұрған сияқты. Бұл – заман талабы.
- Ғылыми-көпшілік стилі әуелден-ақ кірме сөздердің ішінде орыс тілінен алынатындарына жол берген. Мұнда арабпарсы сөздері ұғым атауы – термин ретінде қолданылмайды, яғни жаңадан сөз жасауда бұл тілдерге иек артпайды және кездесетіндерінің өзі жалпы ұғымда бұрыннан енгендер болып келеді. Мысалы, хайуандар, жануарлар (животные), әдет (обычай). Тіпті араб-парсы тілдерінен енген атаулардың өзін қолдана отырып, не орысша, не қазақша баламаларын келтіру фактісі көзге түседі. Мысалы, компасты сартша (яғни түркіше) құбыланама дей отырып, компас сөзін келтіреді, осы күнгі ғасыр, ауа (воздух), хайуанат (животные) сияқты шығыс сөздерінің орнына көбінесе жүз жыл, жел, жандық дегендей қазақ сөздері келеді. Ғылыми-көпшілік мазмұнды әдебиеттің өзге стильдерден айырмашылығы да – осы тұста. Ал ғылымитехникалық термин-атаулардан өзге сәттерде араб-парсы сөздері бұл стильде де еркін қолданылған және олардың көпаздығы әрбір кітапша-мақалада әртүрлі болып келеді.
- Терминдердің тұрақталу, нормалану процесі өте әлсіз: көпшілігі екі-үш вариантта келеді. Мысалы, осы күнгі ғалым сөзінің мағынасын оқымыс және білім иелері сөздері бере- ді. Мұның оқымыс варианты жиірек қолданылған, бұл сөз Ыбырай тілінде де, өткен ғасырда түзілген бірқатар екі тіл- дік сөзідіктерде де кездеседі, соған қарағанда, «ғалым» ұғы- мын қазақтың өз сөздерімен беру тенденциясы болғаны байқа- лады. Бұл жалғыз осы ұғымға келгенде емес, жалпы бағыт екені жоғарыда көрсетілді. Сол сияқты жарыспалылық (вариант- тылық) қатарын хайуандар ~ жандықтар, құрғақ жер ~ қара жер, комета ~ құйрықты жұлдыз, метеорит ~ аққан жұлдыз, қақ ~ жал ақы ~ жалованье т.б. түзеді.
- Бұл стильде орыс сөздері, олардың ішінде терминдік мәні жоқтары да едәуір мол қолданыла бастайды. Табитат пен техника жайларын баяндау үстінде астрономия деген сияқты ғылым тарауының атауы да минут, формы, почта, телеграф, награт, мүллион, іспірт, доктыр, насатыр (нашатыр), соды (сода), адрес сияқты жай (термин емес) сөздер де батыл қолданы- лады. Әсіресе бұл жанрдағы шет жұрттық мемлекет аттары, топонимдер, адам есімдері, тіпті планеталардың аттары (Марс, Нептун, Юпитер) кездесе бастайды. Мысалы, Н.И.Ильмин- скийдің материалдарында материктер аттары: Еуропа, Азия, Америка, Аустралия сөздері, Еуропа мемлекеттерінің аттары толық келтіріледі жене олар араб жазуымен мүмкіндігінше орысша атауларына жуықтаттырылып беріледі. Бұлардың кейбіреулері «деген жер», «деген ел», «деген адам» деп олардың жер-су, ел, адам аттары екені түсіндіріліп те отырады, бұған сол кездегі оқырманның білім дәрежесімен санасу қажеттігі мәжбүр еткен. Мысалы, 1897 жылғы календарьда: белгілі Дарвин деген оқымыс айтады (49-б.). Пассау деген қаланың (653-бет). Бұл құбылысты да қазақ тіліндегі ғылыми-көпшілік әдебиеттің алғашқы кезеңіне тән стильдік белгілердің бірі деп қарауға болады.
- Жартылай ғылыми-көпшілік әдебиет үлгілердің бірқатары орыс графикасымен жарияланды, олар: «1897 жылғы қазақ үшін шығарылған календарь» (158 б.) және Қазан университеті баспасынан шыққан медицина тақырыбындағы «Трахома деген жаман көз ауру» (1898), «Егіншінің қызмет аты жайында» (Орынбор, 1899) сияқты кітапшалар. Бұлар орыс жазуын қазақ тілінің фонетикалық жүйесіне мүмкіндігінше сәйкестендіріп, қолдану принципін ұстады: сол тұстағы орыс графикасына қосымша о—, у— н— (оң жақ шекесіне кішкене сызық қойылған), у’ а’ таңбалары енгізілді, олар осы күнгі ө, ұ, ң, і, ә әріптерінің орнында. Бірақ у мен у’ таңбаларының қолданылуында қатаң бірізділік жоқ тәрізді: у’ таңбасы барлық орындардағы і дыбысын таңбаламайды (бұл дыбыс бірде е, бірде и әрпімен берілген: бирдей, женишке, билдиреди), ол 2-4-буындардағы ү дыбысын беруге қолданылған сияқты: у’сту’ндогу, оргу’зду, бу’ту’ндой, ку’ну’. Дауыссыз қ, г, дауысты ұ, і дыбыстарының таңбасы жоқ, олар к, г және у, и (е) әріптерімен берілген.
Бұл кітаптардың арабша жазылған мәтіндерден тағы бір айырмашылығы бар: 1) мұнда қазақ тілінің жуан-жіңішке болып келетін буын үндестігі сақталған: Ағаштардың у’сту’н сонша коп курттар, ту’рлу’ залалды жандыктар бек ко’бо’йуп жабылып жемисти тауса жеп жана жапрақ та қалдырмаған.
- Сөз соңында б, д сияқты ұяң дыбыстардың әріптері жазылмай, қатаң п, т әріптері жазылған: кобойуп, жеп, награт,
- Бас әріптерді қолдану, мәтінді абзацтарға бөлу, тыныс белгілерін қою арқылы бұлар орыс жазуының үлгісін ұстаған (ал арабша жазылған басылымдарда бұл кезеңде көрсетілген жазу тәртіптерінің жоқ екендігі белгілі).
- Грамматикалық тұлға-тәсілдердің көрінісі жағынан бұл стильге қатысты екі жайтты көрсетуге болады. Бірі – морфо- логиялық тұлғалардың таза қазақ тілінікі екендігі, мұнда «түркілік» элементтер кемде-кем, әсіресе Н.И.Ильминский материалдары мен «Календарь» мәтіні тек қана қазақ тіліне тән тұлға-тәсілдерді қолданады. Газеттердің беттеріндегі жартылай ғылыми мазмұнды мақалалар тілінде ғана бірді-екілі «кітаби» тұлғалар кездеседі. Екіншісі – синтаксис саласында бұл стиль қазақша жазба проза тілінің қазіргі нормаларының бастамасын көрсететіндігі.
Ең алдымен, сөйлемнің дұрыс құрылуы көзделген, яғни сөйлеу тіліне тән еркіндік едәуір тежелген. Атап айтқанда, бастауыштың баяндауыштан бұрын орналасуы, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш мүшелердің өздеріне қатысты сөз- дердің алдында келуі сақталған. Мұнда құрмалас сөйлем компоненттері де көбінесе дұрыс орналасқан: бағыныңқы сөйлем басыңқыдан бұрын беріледі: Суда желсіз күні қайыққа мініп жүргенде, бізің көзімізге судың жағасы, жарлар… кейін кетіп бара жатқандай көрінеді (Календарь, 34). Бұл – өз тұ- сындағы прозамен келетін өзге стильдерден ерекшеленетін белгі: өзге әдебиетте, айталық, публицистикада әлі де «төң- керіліп жүрген» конструкциялар аз кездеспейді, әсіресе құр- малас сөйлем құруда олақтық күшті сезіледі (мысалы: Газет шығарушылар һәркімге білдіреді кімде-кім қазақ халқының үйдегі һәм халық арасындағы мінез рәсімлерін біліп түзеуге ойласа соны басмаханаға білдіріп болыстық қылуға хат менен жіберіп солайша қылып қырдың нені керек қылып қалайша қылса тәуір болатыны турасында білдіріп тұрсалар («Дала уалаятының газеті», 1889, 7 январь).
Дегенмен осы стильдің өз ішінде синтаксистік құрылым жағынан бір-бірінен бөлектеніп тұратын үлгілер бар. Н.И.Иль- минский ұсынған материалдарда, 1897 жылы қазақтар үшін жазылған календарьда сөйлем құрылысы әлдеқайда қатаң тәртіппен дұрыс беріліп отырады, мұндағы жүйелілік, реттілік, бірізділік – ғылыми, білімділік тұрғыдан дәлдікті талап ететін стиль үдесінен шығады. Ал баспасөз беттеріндегі және кейбір жеке кітапшалардағы аударма мәтіндерде синтаксистік нор- малар қатаң сақталмайды, кейде тіпті түпнұсқаның (орыс тілі- нің) синтаксистік құрылымын, яғни сөйлем мүшелері мен құрмалас сөйлем компоненттерінің орналасу тәртібін бұлжыт- пай көшіреді: Мысалы, «Дала уалаяты газетінің» 1891 жылғы 17 майдағы 19-нөмірінде «Табылған ескі нәрселер» деген ат- пен археология саласынан хабар берілген. Осында алғашқы сөйлем былай басталады: Қазақ сахарасында күн шығыс жақтан Алтай тауына шейін, оңтүстік жағы Тарбағатай тауына қарай, күн батысы Каспи теңізіне һәм Орынбор губернасына шейін һәм сол түстік жағынын, Тобыл, Том қаласына шейін көп жолығады бұзылып қалған қорғандардың орны неше жылдардан бері шала бұзылып жатқан. Солардан іздеу- шілер тауып алады өткен заманның таңсық бұйымдарын… Әрі қарай да сөйлемдер көбінесе осылайша баяндауышы алдында, бастауышы кейін, толықтауыш, анықтауыштары да өздеріне қатысты мүшелерден соң орналасқан болып келеді, қысқасы, олар орыс тілінде қалай орналасса, аудармада да сол жерлерде беріледі.
Сірә, газет беттеріндегі ғылыми-көпшілік мазмұнды мате- риалдардың тілі көбінесе заңдылықтан гөрі, яғни стиль талабын өтеу мақсатынан гөрі, аудармашының немесе автордың шеберлігіне, қаламына байланысты болған тәрізді. Өйткені осы газеттің 1895 жылғы 2 апрельде шыққан 13-нөмірінде «Жер, күн һәм жұлдыздар турасының баяны» («Беседы о земле и небесных светилах») деген материал әлдеқайда жатық тілде, сөйлем конструкциялары түзу түрде жазылған.
Сөйтіп, қазақ тіліндегі жартылай ғылыми-көпшілік әдебиет өзінің қалыптаса бастаған кезінен-ақ өзге жазба стильдерге (публицистикаға, ресми-қатынас қағаздарына, эпистолярлық әдебиетке) қарағанда, бірден «қазақы» сипат ала дамыды деуге болады, яғни оның лексика-грамматикалық құрылымы қазақ тіліне негізделді. Жоғарыда айтылды, бұл стильдегі үлгілер қазақ түсінігіне бейтаныс ғылым-білім ұғымдарын атауда көбінесе қазақ сөздеріне жүгінеді немесе орысша түрін алады. Тіпті осы күні километр, поезд, фунт деп орысша түрінде атап жүрген есімдер қазақша шақырым, от арба, қадақ деп беріледі. Эпистолярлық стильде көбінесе орысша берілетін ай аттары мұнда қазақша вариантында келтіріледі (қамал, мизам). Табиғат құбылыстарын, аспан әлемін, аң-құстар дүние- сін суреттеуде мүмкіндігінше қазақ тілінде бар атауларды пайдалануға ұмтылады: темір қазық жағы (северная сторона), күн батыс (запад), оңтүстік жағы (южная сторона), құйрықты жұлдыз (комета), аққан жұлдыз (метеорит), томалақ (небесное тело, шар), күн ату, ыссы өту (солнечный удар), қара жер (суша), Құс жолы (Млечный путь), Үркер (Плеяда), Жеті қарақшы (Большая медведица), Темірқазық (Полярная звезда), күн тәулігі (сутки), күннің тұтылуы (солнечное зат- мение) т.б. Ал қазақша баламасы жоқ ұғымдарды атауда көбінесе орысшасына жүгінеді: високосный жыл, астрономия деген кітап. Кейде қазақша баламалары бар сөздердің өзін орысшалап жіберу де жоқ емес, мысалы, жан-жануарлардың пайда-зияны туралы материалда көртышқан немесе крот сөзі алма-кезек кездеседі, енді бір жерде бақ дегеннің орнына сад сөзі жұмсалады (Календарь, 53-б.).
Тек атаулар саласында ғана емес, жалпы баяндау үстінде қолданылатын етістік, үстеу, сын есім, тіпті шылауларға дейін қазақ тілі қорынан алынып жұмсалған. Осы стильде әсіресе қазақша шылауларды қолдану активтенген. Бірыңғай мүшелер мен құрмалас сөйлем компоненттерін бірақ, себебі, не үшін десеңіз, неге десеңіз, біресе, жа, жа болмаса, немесе деген жалғаулықтар арқылы байланыстыру едәуір жүйелі түрде іске асырылады. Мысалы, 1897 жылғы календарьда: «Күн жерден миллион жарымдай үлкен, бірақ жердей тығыз, нық қатты емес» (31-б.), «Ол бұлттар бір жерде тұрмай, біресе бар болып, біресе жоқ болып жүреді» (32-б.), «Жердің қараңғы жағы мен жарық жағы бірдей, не үшін десеңіз күннің жарығы әр уақытта әр минутта жердің қақ жартысына түсіп тұрады» (32-б.).
Сонымен қатар түркі жазба дәстүріне тән уа, уа һәм, лекин, аның үчүн («өйткені» мағынасында) жалғаулықтары да қолданылады, бұлар көбінесе баспасөз беттеріндегі мәтіндер мен араб әрпімен шыққан кітапшалар тілінде кездеседі.
Р.Сыздықова