
Ресми іс-қағаздар стилінің әрі қарай дамуы
XIX ғасырдың II жартысында қазақша ресми іс-қағаздардың өз алдына стилі болды, ол бұрынғы ресми құжаттар мен ресми хат-хабарлар тілінің жалғасы ретінде танылады. Бірақ едәуір өзгерісі де бар. Ең алдымен, бұл стильді көрсететін үлгілердің түрлері мен адресаттары өзгерді. Бұрын сөз болып отырған жанр материалдары көбінесе ресми хаттар, арыздар, «донесениелер» және патша өкіметі тарапынан жергілікті билеушілерге жіберілген бұйрықтар түрінде болған болса, енді бұл аталғандармен қатар көбінесе орталық үкімет тарапынан жазылған бұйрық-жарлық, циркуляр, указ, үндеу сияқтылар көбейе түседі және олардың барлығы дерлік аударма материал болып келеді.
Ресей империясының билеуші органдары мен әкімшілік кеңсесінің қазақ жеріне қатысты ресми құжаттары енді қазақшаға үзбей аударылып, көпшілігі баспа жүзінде жарияланып отырды. Бұл – екінші ерекшелігі (бұрынғы ресми қағаздар көбінесе қолжазба түрінде болып келгені белгілі). Үшіншіден, ендігі үкімет тарапынан жазылған ресми қағаздардың бір- қатары хан, аға-сұлтан сияқты жеке адамдарға емес, көпшілікке жариялайтын мазмұнды болып келетіндіктен, мерзімді баспа- сөз беттерінде немесе жеке басылып жарияланатын болды.
Ресми іс-қағаздар стиліндегі материалдар мазмұнына және адресаттарына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Ең алдымен, патша үкіметі (ең жоғарғы органынан бастап, жергілікті әкім- шілік кеңселеріне дейін) тарапынан жазылған бұйрық-жар- лықтар (указы, распоряжения, приказы), ережелер (положения) өздерінің терминологиясымен, стильдік құрылымымен және қалыптасқан сөз орамдарымен өзге ресми құжаттардан біраз бөлек тұрады. Екінші топты заң, сот істеріне байланысты ереже, бұйрық, анықтама т.т. құрайды. Бұлардың да өздеріне тән терминдер жүйесі, сөз орамдары бар. Үшінші топта ресми органдарға жеке адамдар жазған арыз, хабарлау сияқты материалдар қаралуға тиіс.
Үкімет орындарының ресми құжаттары көбінесе террито- риялық (Түркістан, Степной) генерал-губернаторлардың, об- лыстық әскери губернаторлардың бұйрықтары болып келеді. Олардың мазмұны да әр алуан: «бұларда почта қатынасын ашу» (Түркістан генерал-губернаторының бұйрық намесі – «Түркстан уалаятының газеті», 1870, 61-саны), «паспортсыз адамдарды тексеру» (Сырдария облысының военный губер- наторының істерін басқарып тұрушының Ташкен қаласының әкімі менен оязной бастықтарға бұйрығы. Сонда, 1874, 6-саны) сияқты мәселелерден бастап, ел билеу тәртіптері, қоғамдық зиянды іс-әрекетке тыйым салу, алым-салық төлеу жайларына дейінгі мәселелер сөз болады.
Заң-законға қатысы бар бұйрық, ереже, циркулярға 1885 жылы Қарамола съезінде жасалған заң ережесінің қазақша мәтіні және сол кезде мерзімді баспасөз бетінде жарияланған бірқатар құжаттар жатады (мысалы, «Дала уалаятындағы облыстардың тергеуі турасынан». «О судопроизводстве в степных областях» деген іс қағазы).
Ресми іс-қатынас, кеңсе қағаздарының барлығына тән стильдік, тілдік ерекшеліктері болды. Олардың бірі – қазақ қолданысындағы осы стильдің бұрыннан келе жатқан дәстүрін сақтау, яғни ортаазиялық жазба тіл элементтерін молырақ пай- далану болды. Бұл – осы стильдің өзге стильдерден ерекше- ленетін басты белгісі. Мұнда стандарттық күштірек сақтала- ды. Әсіресе «түркі» тіліндік сипат аталған стиль мәтіндерінің орфографиясында, сөз таңдауда, морфологиялық тұлға-тәсіл- дерді пайдалануда, тіпті синтаксистік құрылымында да көрі- неді. Бұл белгілерді жеке-жеке талдасақ, олар мынадай.
Орфографияда. Араб графикасымен жарияланған мәтін- дерде қосымшалардың қазақ тіліне тән фонетикалық варианттары кейде еленбейді, нәтижесінде көптік жалғау тек —лар түрінде, табыс септік —ны, ілік септік -ның, жатыс —та, шығыс —нан түрінде беріледі: оқуны, қазақлар, адамдар, арыздар, мекемелерні. Немесе қатаң дыбысқа аяқталатын сөздерге — дын, -дың, -дар сияқты ұяңнан басталатын қосымша жалғап жазады: хазратдар, қазақдар, халқдың, халықдық т.т.; жұрнақтардың да түбірмен үндесуі көбінесе көрсетілмейді: айыплан, сабаблы, башлатқан т.б. Бұл белгілермен қатар сөз басында қазақша ж дыбысы келетін жерлерде (j) й әрпін жазу: йыл, йаш, йазұлады, йахшы, йаман; ш әрпінің орнына ч: барча, чақлы, үчүн; с әрпінің орнына ш; түйе башлатқан бір тоғұз, іш (іс), кіші (кісі), йаш т.б. жазу дәстүрі сақталады. Бірақ ерекше көрсететін жайт – бұл орфограммалар қатаң сақталмайды, сондықтан йер ~ жер, іш~ іс, бойұнча ~ сайлауынша сияқты бір сөздің немесе форманттың қазақша – «түркіше « екі вариантта жазылғаны жиі кездеседі. Тек мұнда қазақтарға арналып аударылған мәтіндерде қазақ сөздерін қолдану бағыты бой көрсеткен. Араб-парсы сөздері түпнұсқа тілдегіше жазылған.
Ал орыс графикасымен берілген ресми құжаттар мәтін- дерінде бұл көрсетілген орфографиялық ерекшеліктердің бірде-біреуі жоқ, мысалы, қазақ тілінің 1897 жылғы календарында «Көшпелі халықты басқарып тұру турасында» деген атпен 1891 жылғы «Степное положениеден» аударылып беріл- ген текстің жазуында қазақ тілінің ауызша айтудағы фоне- тикалық заңдылықтарын мейлінше сақтау принципі ұста- лынған. Соның нәтижесінде ерін үндестігі: ÿйдöн, öзÿкÿн, болуп; түбір мен қосымшалардың дыбыс үндестіктері де: кöшпели, калықтың жерлери, ағаштар; араб-парсы сөздерінің ауызекі сөйлеу тілдегі қазақша қалыптасқан варианта берілуі де: қалық; локсат, жа, ақим, иктіар, қисап, адет, ар бир; штрап, болус, уез, земленке, аулнай, қандилат, песир, нагрет т.б. орын алған. Мұнда орыс сөздерінің жазылуы екі түрлі принципте: бірі – жоғарыда айтылған сөйлеу тілінде қалыптасқан түрінше жазу, екіншісі – орысша орфограммасын сақтап немесе соған мейлінше жақындатып жазу. Мысалы, статья, Внутринних дел Министр, военный губернатор, начальник, правление, закон, волостной съезд, волостной управитель, Министерство Государственных Имуществ, Общества, чиновник т.б. сөздер осы көрсетілген түрінде жазылған.
Морфология саласында. Ортаазиялық тіл элементтерінен өткен шақ есімшенің —мыш жұрнақты «оғұздық» вариантын қолдану (қыпшақтық —ған дегеннің орнына: отырмыш, айтылмыш, шығармыш), етістіктің III жақтағы —ды қосымшасының орнына —дүр вариантын келтіру (естіләдүр, көрінедүр) және осы формантты предикаттықты білдіру қызметінде жұмсау (йазмай тұрғандүр, ықтиярлылардүр); етістіктің III жақта көпше аспектісін —лар жұрнағымен білдіру (бардылар, қой- салар), тұйық етістіктің —у жұрнағын —ғу вариантымен беру (еткучі, жазғучы, тұрғучы) сияқтылар және илан, бірлән, уа һәм, аның үчүн, лекин, һәм лекин шылауларын жиі қолдану, ауыспалы шақ есімшенің —тын~тұғын қосымшасының орнына тұрған сөзін келтіру орын алады. Мысалға Семей облысының әскери губернаторының 1892 жылғы 450-нөмірлі жарлығынан үзінділер келтірейік (араб жазуынан транкрипциялап береміз):
«1882-чі жылда 2 сентябрьде 107 нөмірі илән шығармыш жария бұйрұғы менен дала уалайатын билеп тұрғучы генерал губернатыр ма’лум етуб ештурген еді… ’арз бергучілер әсіресе қазақлар өздері орысша тілні білмек түгул жазу сызуны да білмейді, сонүң үчүн орысша жаза тұрған ’арзаларына не жазыб, не қойғаның ’арз бергучінің өзі де білмейді… төрелер менен һәр бір меһкәмәларны жамандап болмайдылар… ’арз жазучыменен сызучының да кім екені һәм қандай екені…» («Дала уалаятының газеті», 1892, 7 февраль, 6-саны).
Бірақ бұл көрсетілген морфологиялық «шағатаизмдер» де жүйелі түрде келмейді: қазақ тіліндегі ресми іс қағаздары стилінде бұл белгінің де іргесі сөгіле бастаған: жоғарғы көрсетілген тұлға-амалдардың қазақ тіліндік варианттары да параллель қолданылған. Мысалы, көрсетілген «Жарлықта»: басқа кішілер қолдарын қояды (қоядылар емес), жазыб сызылатын ’арз т.б.
Лексика саласында. Жазба әдеби тіл көрінісі ретінде араб сөздерінің көбірек қолданылатынын атауға болады. Ол сөздер жоғары лауазымдарды атайтын стандарттар: патша хазратлары (Его Величество), генерал-губернатор хазратлары; әр алуан ресми атаулар-терминдер ретінде келген маһкама (учреждение), хизмет (служба), міндетлі хизмет, хисаб баптары (список служебный), бұйрық қағазы (приговоры), халық (общества, которые выбирает должность волостного управителя), жария бұйрық (приказ опубликованный, обнародованный), уалайат (территория по определенному административному делению) ’арз (прошение, подаваемое на имя лиц), тартиб ~ тәртіп (порядок, распоряжение), қазына (государственная казна, собственность), низам (положение).
XIX ғасырдың II жартысындағы қазақтар үшін жазылған (аударылған) ресми іс-қағаздары тілінің алдыңғы дәуірлердегі осы стильдегі үлгілерден айырмасы да болды. Ол – бұл әдебиетке орыс тілінің тікелей еткен әсерінде. Ең алдымен, жоғарыда айтылды, үкімет тарапынан жазылған бұйрық-жар- лықтар, ережелер, қағидалар, үкімдер т.т. әуелі орыс тілінде болып, қазақшасы солардан аударма түрінде дүниеге келді. Сондықтан бұл үлгілерге орыс сөздері әлдеқайда мол қатыс- ты. Олардың бір тобы қазақтар үшін бейтаныс дерексіз ұғым- дардың, нақты заттардың, белгілі актілердің атаулары болып келеді: пригауар (приговор), сбор, выборный, аулнай, жалованье, раскладка, знак, статья (заңның, ереженің баптары), содья, списка, аренда, полиция.
Олардың бірқатары орыс тіліндегі сын есім мен зат есім тіркесі күйінде өзгертілмей қолданылады, көбінесе тіркестер компоненттерінің род, числоға қарай қиысуы сақтала бермейді (демек, біршама «қазақшалану» дәрежесіне ие болатындай көрінеді). Мысалы: Областной правление, увольнительный приговор, уездный начальник, волостной управитель, аулнай старшиналар, Внутренних Дел Министр, Степной генерал- губернатор, военный губернатор, Оренбургский Новолиния районы, государственный совет, податной инспектор, казенная палата, докладной лист т.б.
Бұл мысалдардың барлығы бір ғана жоғарыда аталған 1891 жылғы «Степное положение» дегеннің қазақша мәтінінен келтірілді. Бұл сияқты орыс графикасымен берілген мәтіндер- де ғана емес, «Дала уалаяты», «Түркістан уалаяты» газеттері- нің беттерінде де араб жазуымен жарияланған ресми құжат- тарда жалаң да, тіркес түрінде де орыс сөздері едәуір кезде- седі. Мысалы, «Дала уалаяты газетінің» 1892 жылғы 7 фев- ральдағы нөмірінде жарияланған «Жарлықтың» мәтінінен уайенный губірнатыр, оязнай нәчәлнік тіркестерін, политсиа сөзін оқимыз. Өзге ресми материалда да – осындай. Әсіресе военный губернатор, государственный совет сияқты орысша сын есім тұлғасындағы сөздермен келген тіркестердің қолданылуы – талданып отырған кезеңдегі ресми қағаздар стиліне тән белгінің бірі деуге болады. Бұл – біріншіден, осы тіркестермен берілген ұғым, зат, лауазым, мекеме т.б. атауларын тұтас бір сөз ретінде қабылдаудың нәтижесі болса, екіншіден, осы күнгідей бұл тіркестердегі сын есімдерді аудару тәжірибесінің жоқтығы, яғни қиындығы байқалады. Үшіншіден, оларды аударудың қажеттігін сезіну де әлі пайда болмаған-ды. Сондықтан жалғыз ресми қағаздар стилінде емес, жалпы қазақ әдеби тілінде орыс тіліндегі күрделі атаулар құрамындағы сын есім тұлғасын сол күйінде сақтап қолдану белгілі бір кезеңнің (XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың алғашқы онжылдықтарының) дағдысы болғанға ұқсайды.
Лексика құрамындағы екінші ерекшелігі – кейбір канцеля- ризмдердің (ресми іс-қағаздары стиліне тән стандарт сөздер мен тұлғалардың) пайда болып тұрақтала түсуінде. Мысалы, бұйрық-жарлықтарға бір нәрсені міндеттеу ұғымға білдіретін етістік тұлғасы (орысша: должно быть, должны делать то… то… деген сияқты) қазақша көбінесе шартты рай мен керек сөзінің тіркесі арқылы берілетін болған. Мысалы… аталған «Жарлықтағы»… жоғары көрсетілміш тәртіп бойынша қол қоюшылардан басқа екі кісі куәландырып қолдарын қойсалар керек деген сөйлем – орысша: …должно быть подписи двух свидетелей…» дегеннің аудармасы. Немесе: 1897 жылғы Календарьда берілген «Ереженің» әрбір пункті осы түлғамен келеді. 142-пункт: Волостной управитель, аулнай старшиналар карамақындағы уйлордун кобойгöнун азайғанын тексирип қарап тұрса керек…(179-б.). Оба ауруынан сақтандыру шаралары туралы циркулярдан үзінді: «… һәм оның (обамен ауырған адамның – Р.С.) қасына артық адамдарды һеч қашан жібермесе керек… ауру жатқан үйдің ішінде тұрып тамақ ішіп-жемеселер керек… ауырған адам төсекте жатса керек («Дала уалаяты газеті», 1892, 12 июнь, 21-саны). Бұларда көрсетілген тұлғалар – не пускать, не должны есть и пить, должны лежать в постели дегендердің аудармасы. Бұлардағы қойсалар керек, тұрса керек деген тұлға осы күнгі қоюлары керек, тұрулары керек дегеннің баламасы ретінде немесе қойсын, тұрсын түріндегі бұйрық рай тұлғасының қызметінде келген.
Стильдік стандарт элементтер қатарына мағлұмдүр (известно), төменде(гі), жоғарыда(ғы), бұйырамын, бұйырыладүр, тағайын қылынады, аталмыш, бойунча, турадағы, пәлен болыс- қа не мекемеге қараған,… атына деген сияқты сөздер де жатады. Бұлар да – құжаттардың, әсіресе бұйрық-жарлық мазмұн- дамаларының көбінде белгілі бір ұғымда қолданылып отыратын сөздер, олардың бірсыпырасы калька жолымен жасалғаны байқалады: төмендегі – нижеследующий, жоғарғы көрсетілген – вышеуказанный, жоғарыда аталмыш – вышеназванный, бекітіледі, тағайын болады – назначается, атына – на имя…
Осы стильдің келесі белгісі өзіне тән кейбір терминдері қалыптаса бастайды, олардың дені қазақ сөздерінен жасалған- дар болып келеді. Мысалы, приказ термині бұйрық, распоряжение – жарлық (кейде екеуі ажыратылмай да жүреді), положение – ереже, прошение – ’арз, арыз, подпись – қол (қою), кибитковладелец – үй иесі, повинности – алық-салық, чиновник – төре, начальник – ұлық, абақты (лабақты), набақты т.б.
Әсіресе заң-законға қатысты ресми құжаттарда заң тер- миндері негізінен қазақша қалыптасады. Бұған осы саладағы ұғым атауларының бұрыннан қазақтардың әдет-ғұрып заңы («Обычное право») бойынша жасалып, тұрақталып қалғаны үлкен себепкер болды. Олар: дау, бітім, билік, кеңес (заседание), айғақ, құн, жаза, жауапкер, іс қорғау (защита), тергеу (судопроизводство), мойнына алу (признание), даугер, тоғыз, бір тоғыз…, төре, төбе басы, шығын, тергеу, іс қорғау, іс (дело служебное) сияқты сөздер.
Бұл саладағы қалыптасқан терминдердің ішінде бұрыннан келе жатқан араб-парсы сөздері де, жаңадан еніп, едәуір тұрақталып үлгерген орыс сөздері де бар. Олар: куә(һ), куә(һ) лік, кунә, кефіл… кепіл ’арз, салауат айп /айып шари’ат / шариғат, міндетті істер (обязанности), содья, мировой содья, сот, закон, статья, қызмет (служба), падсалық қызмет (государственная служба), общество (население), түрме, сот, каталешке, пауерени (поверенный), залок, адуакат/адбекет т.б.
Орыс әдеби тілінде XIX ғасырдың аяқ шенінде -ание, —ение, —ивание сияқты суффикстермен жасалып, іс-әрекет атауларын білдіретін, етістік түбірлі есім сөздер активтенген болатын[1], солардың баламасы қазақ тілінде көбінесе —у жұрнақты көмекші етістік қатысқан тіркес арқылы берілген. Мысалы, айыпқа тарту, ісін қара қылу, жазаға тарту – наказание, мойнына алу – признание, мойнына салу – доказание, жан беру – присяга, присягивание. Ал бұл күнде мұндай абстракт есім-терминдер —да қосымшасымен жасалған тұйық етістікпен (-у жұрнақты) беріледі: айыптау, қаралау, жазалау, мойындату, мойындау т.т.
Қорыта келгенде, өткен ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде ресми іс-қағаздары стилі едәуір дамыды. Оған басты себептердің бірі – Ресей үкіметінің әр алуан әскери, әкім- шілік, заң-тәртіп орындарының бұйрық-жарлықтары, ереженұсқауларының қазақшаға аударылып жариялануы болды. Тіпті ресми орындарға жазылатын өтініш-шағымдарды қазақ- тардың өз ана тілінде жазуларына рұқсат етілуі де[2] бұған септігін тигізген болса керек.
Қазақ тілінің аталған функционалдық стилі бұрыннан қалыптасқан «жазба» дәстүрге біртабан жақындау тұрды, «түркілік» элементтер, әсіресе морфологиялық тұлға-тәсілдер саласында едәуір қолданылды. Сонымен қатар бұрынғы (XVIIXVII ғасырлардағы) ресми-эпистолярлық стильден үлкен айырмасы да болды: сөз болып отырған кезеңде қазақша іс қағаздары орыс тілінің тікелей әсерін қабылдады, орыс тілі элементтері де молынан араласты. Мұнда терминология саласында да, грамматикалық тұлға-тәсілдерді пайдалануда да нормалану процесі әлсіз болды. Бір ұғымды екі-үш сөзбен білдіру, орысша-қазақша, арабша-қазақша, арабша-парсыша-орысша параллельдер орын алды: қақ ~ жалованье, низам ~ закон ~ заң, расход ~ шығын, кеңсе ~ маһкама, паложение ~ ереже т.т.
Қазақ тіліндегі ресми іс-қағаздарының баспа жүзінде жарық көріп, газеттер арқылы көпшілікке таратылғанымен, оның тіл тәжірибесі әлі өзге функционалдық стильдерге әсерін тигізе алмады. Орыс тіліндегідей, ресми қағаздар қолданған кейбір сөз үлгілері көркем әдебиетке (мысалы, Салтыков-Щедрин тіліндегі канцеляризмдер сияқты) немесе газет тілі мен публицистикаға жүйелі түрде араласа алған жоқ.
Ал функционалдық ерекшелігіне келсек, бұлар – аударма құжаттар болғандықтан, орыс тіліндегі ресми іс-қағаздардың стилін ұстады: әуелі ол бұйрық-жарлықтың не жөнінде және кімнің тарапынан екендігі көрсетіледі, мәтін ішінде бұйрық иесінің бұйырамын, талап қыламын немесе бекітіледілер сияқты тікелей іс-әрекетін білдіретін сөздер келеді. Кейбір құжаттар, әсіресе «Положениелер» пункттерге бөлініп беріледі.
[1] Виноградов В.В. Очерки по истории русского литературного языка ХУІІ-ХІХ вв. — М., 1938. — С.413.
[2] Бұл жөнінде жоғарыда мәтіні мысалға келтірілген Семей облысының әскери генерал-губернаторының 1892 ж. 20-21 январьда шығарған №459 жарлығы болды //Дала уалаятының газеті. — 1892, февраль.
Р.СЫЗДЫҚОВА