Тілдің даму барысында жаңа сапалық белгілердің көріне бастауы

Тілдің даму барысында жаңа сапалық белгілердің көріне бастауы

Қазақтың төл жазба әдеби тілі – бір жылдың (бір мерзімнің), бір-екі адамның еңбегі немесе бір-екі баспасөз органдарының шыға бастауы арқылы тұтқиылдан пайда болған құбылыс емес. Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің бастауы Абай, Ыбырай сияқты қаламгерлер есімімен, «Түркістан уалаяты газеті», «Дала уалаяты газеттерінің» шығуымен байланыстырыла сөз етіліп жүргені мәлім. Бірақ бұл – осыларға дейін ұлттық жазба әдеби тіліміздің алғашқы нышандары болмады деген таным емес. Ұлттық жазба әдеби тілге келу үшін тілде сапалық өзгерістер мен дамудың жаңа белгілері болуы шарт. Мұндай белгілер қазақ топырағында өткен ғасырдың орта тұсынан бастап айқын және молынан көріне бастады. Атап айтқанда, тілдік, стильдік, поэтикалық жаңа сипаттар пайда болды.

Дулат ақынның тілі

Көркем әдебиет стилінде жаңа белгілерді анық көрсете бастаған үлгілер – Дулат Бабатайұлының өлең-жырлары. Дулат та – Махамбет сияқты, алдыңғы дәуірлердегі қазақ поэзиясының тілдік-стильдік құралдарын барынша пайдалана отырып, оларды жаңаға ұластырушы, жаңа үлгілерді ұсынушы қаламгер. Біз бұл жерде стильдік-тілдік сипаты жағынан бұрынғы дидактикалық толғаулармен келетін «Ата-ананың ақылы», «Бұл заманғы адамның» деп басталатын екі ұзақ толғауы мен «Асқар таудың сәні жоқ» сияқты шығармаларды Дулат шығармашылығындағы жыраулық мектептің жалғасы деп танудан бойымызды аулақ салып отырмыз. Оған себеп – осы толғаулар кірген «Өсиетнама» деген атпен 1880 жылы Қазанда басылған кітапты күні бүгінге дейін түгелімен Дулаттікі деп келгеніміздің жаңсақтық екендігі. Зерттеуші Қ.Өмірәлиев бұл кітаптағы өлең-толғаулардың көбі Шортанбайдікі, бірері Шал ақындікі екендігін текстологиялық салыстырулар жүргізіп, бұлтартқызбай дәлелдеп берді[1]. Біз бұл пікірге мейлінше ден қоямыз.

Тегінде, Дулат – жыраулық дәстүрден бас тартқан, ақын- дықтың жаңа үлгісін бастаған адам. Оның жыраулар поэзиясына сырттай ұқсас түсетін жері – 7-8 буынды жыр ағымындағы өлең өлшемі. Ақын Дулат өз поэзиясын тек қана осы өлшемде жазған. Ал құрылымдық-тақырыптық бітімі жағынан оның өлеңдері – бұрынғы толғаулардан мүлдем өзгеше түсетін шығармалар. Қазақ өлеңінің шоғырларға[2] (яғни тирадаларға) бөлінуі және әр шоғырдың тілдік құралдар арқылы бір-бірінен айқын бөлініп көрінуі Дулаттан басталады. Шоғыр (оны кейде абзац деп те атайды) – өлең құрылымына тән дүние. Әр шоғырдың тармақтары бір ұйқаспен топтастырылады және әрқайсысы бір тақырыпты қамтиды. Мысалы, Дулаттың «Тырнақтай меңі болған соң» деп басталатын өлеңі 9 шоғырға бөлінген:

  • — ш о ғ ы р:

Тырнақтай меңі болған соң,

Тарлан тартып оңған соң,

Түріне кір қонған соң,

Мінсіз, меңсіз, кіршіксіз,

Шаңқан болмай, қылаң ба?

Мұның ұйқасы – болған соң, оңған соң, қонған соң.

  • — ш о ғ ы р:

Ту ұстап, тұлпар жаратпай,

Алдынан топ таратпай,

Елді аузына қаратпай,

Жай отындай оқ атпай,

Анадан тудым дегенмен, Бастамаса ел, ұлан ба?

Мұның ұйқасы өз алдына: олар да – тұлғалас етістіктер: жаратпай, таратпай

Және бір ерекше көрсететін нәрсе – әр шоғырдың ең соңғы тармақтары өзара ұйқасып (қылаң ба, ұлан ба, Тұранда, қараңға, мұнан да, бұлан да, құлан да, қыран да) өлең тұтастығын жасайды. Бұл – нағыз жазба поэзияның белгісі. Мұның жүйеге айналып өте айқын көрінген тұсы – Абайдың өлеңдері. Абай шоғырды тек сыртқы көрінісі – ұйқас бірлігі арқылы емес, мағыналық- экспрессивтік, яғни модальдық реңкі жағынан өз алдына дербестік сипат беру арқылы да жетілдірген (мысалы, «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңін алыңыз).

Шумақсыз (астрофикалық) дүниелердің мұндай мазмұндықкомпозициялық тұтастықтарға[3] ажыратылуы Дулатта едәуір кездеседі. «Жау көргенде көздейсің» деген өлеңі – 3 шоғыр, олар өз ішінен бір ұйқаспен шоғырланса, әр шоғыр соңғы ұйқастары арқылы байланысып, өлең тұтастығын құрап тұр.

Ал бірқатар өлеңдері шоғырларға бөлінгенмен, әр шоғыр- дың соңғы жолдары ұйқаспайды, демек, бұл арқылы өлең тұтастығы берілмейді (ол – әрине, шарт та емес). Мысалы, «Сөзім бар да, көзім жоқ» өлеңі, біздіңше, 4 шоғырдан тұрады. «Күнәм жойқын, тәубем аз» деп басталатын жыры 6 жол – бір шоғыр, әр шоғырдың мағыналық та, ұйқастық та тұтас- тығын сақтаған. Ақынның «Қылығың қылжақ туысқан» өлеңі де 9 шоғырдан тұрады, бұл туындының тақырыптықкомпозициялық құрылысы тіпті қызық: алғашқы шоғыр – кіріспе: онда, негізгі идея айтылады, ол – өзін қоршаған «бәрі тегін жертезек» сияқты қылығы «қылжақ туысқан, қырт пен мылжың ағайынның» қайсысын таңдап алайын деген күңі- реніс, келесі шоғырлардың әрқайсысы солардың топ-топ- тары: «шаруа десе – жиреңдеп, қымыз аңдып қыдырған» ұл, «аңдығаны мал болған» бай, «шешесін тыңдамай кеткен қыз», содан соң осылар құраған заман сипаты – «қайран талай жыл», «шарғы соққан із», «ұлғайып пәле қау басып, зая кеткен дәм мен тұз», «ер шөгіп, есер ер жеткен қайран заман». Бұл – нағыз профессионалдық сауатты, мәдениетті поэзия үдесінен шыққан құрылым. Дулаттың көп өлеңі осылайша жазба поэзия үлгісінде туған.

Көркемсөз дүниесіндегі жаңалықтардың бірі – образдар саласында. Образ тіл элементтері арқылы жасалады. Соны образ тілдік тұлғалар мен тәсілдерде өзгерістер мен жаңа- лықтар әкеледі. Дулат бұл орайда да екі қырынан көрінеді: бірі – бұрынғы қазақ поэзиясы қолданып, қазақ әдеби тілінде нормаға айналған материалды еркін және орынды (шебер) пайдаланған тұста, екіншісі – тың, жаңа сападағы образдарды ұсынған сәттерінде.

Бірінші орайда Дулат қара қылды қақ жару, арғымақ аттай аңқылдау, қыран құстай саңқылдау, көл қорыған қызғыштай, еңбегі еш, тұзы сор, бел шешпей жорту, айдын ала ту алып жауға тию немесе ту ұстап тұлпар жарату, азуын айға білеу сияқты кәнігі образдарды пайдаланады. Тіпті кей тармақтарда:

Толғаулы найза қолға алып, Тұйғын құстай толғанып,

немесе:

Түйені жұтсаң – түгімен Бәлені жұтсаң – бүгімен…

Алты малта ас қылып,

Сары садақ асынып,

Егескен жауды қашырып…

Белін шешіп жатпастан…

Аққудайын таранған,

Өкшесіне қарайған… –

деп, халық ауыз әдебиеті үлгілеріндегі дайын клишелерді келтіреді.

Тек поэтикалық образдарды ұсынуда емес, жалпы тұрақты тіркестер мен дәстүрлі эпитетпен келген тіркестерді пайдалануда да Дулат, ең алдымен, өзіне дейінгі қазақ әдеби тілінің бай қазынасына иек артады. Оның өлеңдерінде орнымен жұмсалған: тұғырдан түсу, шепті бұзу, олжаны ортаға салу, жағасы сөгілу, қара қазан, сары бала, кең дүние, жалған дүние сияқты тұрақты тіркестер ортақ қор болса, осылардың қатарынан образды эпитеттермен келген тіркестерді де молынан көреміз.

Дулат та өзінің алдындағылар сияқты қару-жарақ, сауыт- сайман, жауға мінер аттардың атауларын эпитетпен қолда- нады, тек айырмашылық – Дулаттың көбінесе дайын анықта- уыштардан гөрі, мағыналары соларға жуық, солар типтес өзге баламаларын беретіндігінде. Мысалы, Дулатта: айбарлы ақ орда (салыстыр, Қазтуғандарда: еңсесі биік боз орда, қалайылаған қасты орда), шаншулы найза (алдыңғыларда: толғамалы найза) т.б. Бұл – қазақ поэзиясының ұзақ уақыт дәстүрлі болып келген көркемдеуіш амалдарының бірі.

Сонымен қатар Дулатта жаңа сапалық өзгерістердің эле- менттері де айқын сезіледі. Фразеология әлемінде ақын екі түрлі жаңалықты енгізген: бірі – жаңа перифрастикалық тіркестер жасауы, екіншісі – жаңа фразеологизмдер ұсынуы.

Перифраз (немесе перифраза) дегеніміз – бір нәрсені немесе құбылысты сол нәрсенің (құбылыстың) бір белгісін, қасиетін көрсетіп, суреттеп атау[4]. Бұл – тіл-тілдің қай-қайсысында да бар амал. Қазақ тілінде де (біз ілгеріде талдаған өлеңтолғауларда) дүние, әлем дегенді «сегіз қиыр, шартарап» деп атау, өмірді «жалған дүние» деп суреттеген атаулар кездесіп отыратын. Бірақ бұрынғы ақын-жыраулар бұл тәсілді жаңа фразеологизмдер тудыруда өнімді түрде қолданбайтын.

Дулат болса – перифрастика амалын едәуір жандандырған ақын. Ол өз заманын «толқынды теңіз» деп суреттеп атайды: қазақ қоғамының өз тұсындағы саяси-әлеуметтік күйжағдайын ой-пікірде, іс-әрекетте, саясатта, талап-талғамда жел қайық сияқты жеңіл дүниелерді бетінде қалқытпайтын «толқынды теңізге» балап атайды. Жекпе-жекке шыққан екі батырдың біреуінің жеңіліп, қаза табуын «тіршілік пен өлімнің ұзақ дауы шешілген» деп суреттеуі де – соны перифраз: адам өмірінің өзі – «тіршілік пен өлімнің дауы, ұзақ дауы», өлім – сол даудың шешілуі, дауласушы жақтардың біреуінің жеңуі. Немесе арман- аңсағанына жете алмай, тірлікте тапқан рухани олжасынан гөрі, өкініші басым болып өткен өмірді «құмар ойнап ұтылған саудагер сарт» деп атауы да – дәл айтылған, тың перифраз. Заманындағы әр алуан қайшылықтарды шеше алмай қиналған, ел басшысы – пысықтарға разы емес ойшылдың образын беруге «саулы иіп Дулат жүр, місе тұтып тұлыпты» деген перифразды ұсынады. Міне, осы типтес образдар Дулатта едәуір мол және тұңғыш рет бой көрсеткен.

Дулаттан өзіне дейінгі көркем әдебиетте көп кездеспейтін және бір тәсіл басталады. Ол – мағыналары жағынан бір-біріне жанаспайтын сөздерді тіркестіру. Мысалы, «Әкеңнің айтқан аз сөзін, Құтысына көңліңнің, Төгіп алма, дәлдеп құй» деген жолдарында ақын көңілдің құтысы, сөзді құю деген сияқты тіркестер жасайды. Мағыналары жагынан көңіл мен құты сөздері – түйіспейтін, «ауылдары алшақ қонған» дүниелер: көңілдің құтысы шындыққа сай емес: құты – сауыт, ол нақты бір затқа ғана телінеді: оқ-дәрінің құтысы, насыбай салатын құты, ал көңіл деген – қолға ұстап, көзбен көріп, құтыға салуға болатын нақты зат емес, дерексіз ұғым. Сондай-ақ сөз деген де – зат емес, оны да құтыға суша, сүтше құюға болмайды. Бірақ икемі күшейген, әдісі көбейген әдеби тіл мұндай қабыспайтын дүниеліктерді қабыстырып, жаңа ассоциация беретін (шендестіріп жаңаша қабылдайтын) образ жасай алады. Бұл тәсіл қазақ әдеби тілінде ХIX ғасырдың орта шенінен бастап жиі көріне бастады деуге болады.

Дулаттың жоғарғы тіркестерінен басқа: жырдан алқа тағу, әділетке шөлдеу, көкірегінде қонақ жоқ, сұлулық сәулетінің сағымы, ұйқы беріп, қайғы алу, жырмен жуыну, жетімдіктің белі деген тіркестері – сөздің экспрессиялық бояуын қалың- датқан тың поэтикалық сөздер (поэтизмдер). Бұл реттегі жаңа тіркестердің қолданылуы Дулатта басталғанымен, оның жүйелі түрдегі поэтикалық құралға айналуы Абайдың еншісіне тиді.

Салыстыру, теңеу дегендер – көркемдеуіш құралдардың ішінде өте әріден келе жатқан, қазақ әдебиеті еркін және жиі пайдаланғандарының бірі. Қазақ әдебиеті әрі қарай да бұдан іргесін аулақ салмайды. Айырмашылығы – соңғы кезеңдерде көбінесе әлдеқайда кереғар, алшақ дүниелер салыстырылады, теңестіріледі, сол арқылы тосын, күтпеген соны образдар жасалады. Бұл орайда да Дулат өз қолтаңбасын танытады. Оның Дүниежемтік, мен төбет, Соны бақпай не бақтым дегені жасалу қалыбы (моделі) жағынан бұрынғыша: шендес- тірілетіндердің бір қарсы тұсы (полюсі) – табиғат, екіншісі – адам, тіршілік, дүние, ал мағынасы, одан туатын ассоциация тың: бұрын дүниені жемтікке, адамды төбетке теңеп, ақындықты жемтік аңдыған иттің тіршілігіне балау – болмаған дүние.

Дулаттың: Ел тереңге сүңгіді, қармайтұғын қалмай тал дегенінде де заман қайшылығы мен өзен-көлдің тұңғиығын, тереңін шендестіру – астарлап айтудың шебер үлгісі, ол – экспрессивтік бояуы, беретін ассоциациясы жағынан жаңа образ.

Заман сырын ұғуға тырысқан, заманмен ілесе отырған ақындар өз тұсыңда туған жаңа ұғымдарды атауға, жаңа образдарды сол заман түсінігіне сай түрде жасауға ұмтылады. XIX ғасыр, әсіресе оның II ширегінен бермен қарайғы кезеңі – қазақ жеріне әлеуметтік-саяси жаңа қатынастардың, шаруашылық- тың жаңа түрлерінің айтарлықтай ене бастаған тұсы. Сондықтан бұл тұстағы қазақтың әдеби тілінен осы жаңалықтарды атай- тын тек соны сөздерді (кірмесі болсын, мағынасы ауысып жаса- лған байырғысы болсын) ғана емес, заман көрінісінен алынған жаңа тіркестерді де көреміз. Бұл ретте Дулаттың алты батпан кір, саудасы біткен сарт, жалаң бастанып ұл кетті, параны көздеу сияқты тіркестерін, Шортанбайдың бір қалаштық тиын, насихат шашу, малды қағаздату, күймелі шана міну, салдатқа айдау, абақтыда жату сияқты жай тіркестері мен образды дүниелерін, Сүйінбайдың кедейдің жалғыз аты, Меке дүзін көру, мұжықтың аты деген сөз қисындарын атауға болады. Бұлардың барлығы – заман көрінісінен алынғандар.

Заманға ілесіп отыру – дәстүрлі шарттылықты бұзу деген сөз, қалыпты дүниелерді (стандарт пен штамптарды) ығыс- тырып, жаңа атауларды, жаңа сөз тіркестерін, жаңа поэтикалық құралдарды туғызуға жол ашу деген сөз. Демек, бұл – тілге, оның әдеби түріне сапалық белгі беретін әрекет. Осы процесс XIX ғасырдың орта тұсында батылырақ жүре бастағаны байқалады.

Жазба әдеби тілдің дамуындағы заңдылықтардың бірі өзге тілдерден сөз алу сипатында (тәртібінде) көрінеді. Ауызша дамыған әдеби тілдің лексикалық қабатында да кірме сөздер бар болатын, олардың негізі – халықтың сөйлеу тілінде әбден қалыптасқандар болып келеді. Ал XIX ғасырдың орта тұсынан бастап, әсіресе Дулат, Шортанбай сияқты қаламгерлер тілінде араб-парсы сөздерінің бірқатары жазба әдебиет пен оқу-білім арқылы енген элементтер екені байқалады. Олардың ішінде әсіресе мұсылман дініне, оқу-білімге қатыстылары молырақ орын алған және едәуір бөлігі халық тілінде қалыптасқан тұлғасынан гөрі, жазба тілдегі түрінде берілген: ’ақыл, хақын жеу, ахирет, ’адил, шафағат, ’аделет, адет беһсмилла, айып, уа’да, а’раб, фарсы, а’за, ’алал, ’айбат, ’алам, муһмин, Хұда, а’лан, а’заб, руза, харам, ’адлдік, меһр, хисаб, хаһар, Сүбхан, Алла, рұхсат, кәмирһе, ’умр, раббы, сүннет, фарз, ’ибрат, а’рип пәндә, әдһәм, а’ сила т.б. (мұнда арабша айн дыбысы таңбасымен берілді, бұл дыбыспен келген сөздер қазақ тіліне енгенде ғ дыбысымен айтылып кеткен, сондықтан осы күнгі жазуымызда араб жазуында айн әрпі бар кейбір сөздер ғ арқылы таңбаланып жүр: ғақыл, ғадет, ғаділ, ғаделет, уағда т.т.

Грамматикалық сөз түрлендіру мен сөз тудыру жүйесін- де әдеби норманың бағыты әлдеқайда айқындалып, принцип- терінің тұрақтала түсуі де тіл дамуының сапалық белгілерінен саналады. Бұл ретте XIX ғасырдың 50-60-жылдарындагы қазақтың ауызша әдеби тілі қазіргі қазақ әдеби тіліне біртабан жақындай түседі. Сөздің септелуі, тәуелденуі, көптік тұлғаларда түрленуі, етіс, рай, көсемше, есімше категорияларында өзгеруі осы күнгі қалпында тұрақталған, бұл салада варианттылық жоққа тән. Сөз жасауда -лық, -шы, -ты,сы сияқты қазақ тілінің өз жұрнақтары активтену бағытын алған. Жаңа ұғымдарды атауда, алдымен, қазақ тілінің өз мүмкіншілігін пайдалану принциптері ұсталған.

Міне, осылардың барлығы – қазақтың байырғы ауызша әдеби тілі дамуының сапалық жаңа кезеңін бастауға қажет алғышарттар болды. Бұл жаңа бағыт-принциптердің едәуірі сапалық құбылыстар ретінде жазба әдеби тілге тән сипаттарды білдірді. Олар XIX ғасырдың 60-70-жылдарында айқын көрініп, тарих сахнасына келген қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің іргетасын қалап, оның заттық, тілдік-стильдік негіздерін жасады.

[1] Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры мен стилі. — Алматы, 1983. — 216-237-б.

[2] Біз қазақ өлеңінің синтаксисі мен композициялық құрылымы жағына қатысты біраз категорияларды тұңғыш рет сөз ету үстінде бірқатар терминдерді де ұсынған едік. Солардың бірі – өлендегі тирада (абзац) дегенді қазақша шоғыр деп атадық (Сыздықова Р .  Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. — Алматы: Ғылым, 1970.

— 99-б.).

[3] Бұл да – біз ұсынған термин: орыс филологиясында «синтаксическое целое» дегенді синтаксистік тұтастық деп, ал жалпы поэзиядағы «целое» деген терминмен аталатын категорияларды тұтастық дегенді жөн көреміз.

[4] Ахманова О. С. Словарь лингвистических терминов. — М., 1966. — С. 312.

Р.Сыздықова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *