XIX ғасырдың I жартысы – алдыңғы кезендердегі ауызша әдеби тілді синтездеу дәуірі

XIX ғасырдың I жартысы – алдыңғы кезендердегі

ауызша әдеби тілді синтездеу дәуірі

XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ көркем әдебиеті бұрынғысынша поэзия түрінде әрі қарай жалғасқаны жоғарыда айтылды. Бұрынғы жыраулар мектебі әлсірей түсіп, ақындар бел алды. Соған орай көркемсөз шеберлері бұрынғы өсиет, ақыл-насихат, философиялық толғаныс түрінде келетін жырлардан гөрі, нақты тақырыптарды сөз етуге жиірек бара бастайды. Бірақ бұл бетбұрыстың тілдегі, әдеби тәсіламалдардағы көрінісі бірден, шұғыл болмағаны байқалады. Жаңа сапаға көшу дәстүрлі әдіс-тәсілдер мен көркемдеу құралдарынан қол үзбей, оларды пайдалана отырып, жүзеге асырыла бастайды. Сонымен қатар қазақ әдеби тілінде (поэзия тілінде) жаңа элементтер пайда болады.

Махамбет өлеңдерінің тілі

Осы аралықта – ескіні жинақтап, түйіндеп, жаңаны бастауда – қазақтың төл әдеби тілінде із қалдырған сөз шеберлері тұрды. Солардың бірі емес, бірегейі – Махамбет Өтемісұлы болды. Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ әдебиет пен әдеби тілдегі орны – жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нәрі мен барын алып, оны ақындық дәстүрге қиюластырған қаламгер.

Ең алдымен, Махамбет – нақтылы тақырыпты сөз еткен ақын[1]. Ол Шалкиіз, Бұхарлардай ақылгөй, кеңесші емес, бұр- ынғы жыраулардай өмір мен болмысты, айналадағы тұрмыс- тіршілікті сырттан бақылап, толғаушы да емес. Сол өмірге өзі қоян-қолтық араласушы, осы тіршіліктің өз тұсындағы оқиғалары мен іс-әрекеттеріне тікелей қатысушы. Сондықтан да Махамбет – жырау емес, ақын. Ақылшы емес, айтушы.

Тақырыбы көбіне-көп нақты болғандықтан, оның еншісіне сол нақтылыққа сай жаңа образдар мен жеке сөздерді әдеби тілге қосу үлесі тиген. Бірақ жаңа бағытты бекітіп, жеткізуде Махамбет өзіне дейінгі қазақ поэзиясының, оның ішінде жыраулар мектебінің ең жақсы, ең күшті құрал-тәсілдерін кәдеге асырады. Ақын шығармаларының дені 7-8 буынды жыр өлшемімен келуі тегін емес, ол – осы ұштастықтың салдары. Әрине, бұл жалғастық тек өлең өлшемінде ғана емес, сол өлеңнің, өлеңдегі ойдың берілу тәсілінде анық көрінеді.

Махамбет шығармаларының көбінде нақты тақырыпты жырлау үстінде бұрынғы Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттерде кездесетін образдар (тармақтар) қайталанады. Мысалы, «Тайманның ұлы Исатайдың» портретін беретін өлеңдерінің бірінде өзінің негізгі айтпақ ойы:

Тайманның ұлы Исатай – Ағайынның басы еді, Алтын ердің қасы еді.

Исатайды өлтіріп,

Қырсық та шалған біздің ел,– деген жолдар болса, осының алдындағы Исатай портретін беретін тармақтары:

Арғымақтан туған қазанат Шабуыл болса – нанғысыз.

Қазанаттан туған қазмойын Күніне көз көрім жер шалғысыз. Айырдан туған жанпоз бар Нарға жүгін салғысыз.

Аруанадан туған мая бар

Асылын айуан десе нанғысыз…[2]деген түрінде XV-ХVIII ғасырлар поэзиясында кездесетін параллельдер болып келеді (мүмкін, бұл – Махамбет мұрасын жеткізушілердің қоспасы да болар: оған дейінгі әдеби үлгілердің ел жадындағы мазмұндас, идеялас келетіндерін Махамбет сияқты ардагерінің еншісіне «бере салу» халық психологиясына қайшы келмейді. Тіпті бұл жағдайда да ақын творчествосының өзінен бұрынғы поэзия дәстүрімен іліктес- тігі жоққа шығарылмайды: оны өзге, төмеңдегі фактілер де дәлелдей алады).

Ең нақты тақырыпқа жырланған «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі» деген шығармасының өзіңде Махамбет өткендегі әдеби тіл өрнектерін бір-екі тармақ етіп те, жеке бөліктер түрін- де де енгізеді. Мысалы, біздің осы күнгі өлең түріне келтіріп жазуымызға орай 12 бөлімнен тұратын бұл шығарманың I бөлімі түгелімен дерлік өткен үлгілерден алынған тармақтар, ал қалған бөлімдерінде:

Бөліне көшкен еліңді Бөріккен қойдай қылармын. Жарыла көшкен еліңді Жаралы қойдай қылармын…

Керегесін кескілеп, Отын етсем деп едім.

Туырлығын тілгілеп,

Тоқым етсем деп едім, – деген сияқты жолдар жыраулар толғауларымен ұштасып жатыр. Бұл – Махамбет поэзиясы тілінің ерекшелігінің бірі болып табылады. Осы белгісі арқылы Махамбеттің әдеби тіліміздің даму барысындағы орны да ерекше шығады: оны өзіне дейін поэтикалық дәстүрді жинақтаушы (синтездеуші) ақын ретінде танытады. Махамбет – өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан, шыңдалған, елек көзінен өткен табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа бағытта жалғастыруға бет алған суреткер.

Ақынның бұл қызметі шығармашылығының өн бойынан сезіледі. Өзіне дейінгі әдеби тілдің, әсіресе жыраулар тілінің бар байлығын пайдаланды деген сөз оның тек көркемдеу тәсілдерін қайталауына ғана емес, сөздік құрамына да, фразео- логиялық құрамына да жатады. Махамбет шығармаларының лексикалық сипаты өзінің алдындағы әдеби үлгілермен әуендес: мұның да негізі – қазақтың төл сөздері. Өлендерінің басты тақырыбына орай Махамбет те жаугершілік лексика тобын молынан қолданады. Олар – қару-жарақ, сауыт-сайман аттары: найза, қылыш, мылтық, білтелі, садақ, жай, дулыға, кебе, кіреуке, жебе, сауыт, қорамсақ, сүңгі, семсер т.т. Бұлар негізінен Махамбеттің өзі қатысқан ұрыс-соғысты суреттеуден гөрі, жоғарыда келтірілгендей, өткен дәуірлерден келе жатқан әдеби штамптарды образ үшін пайдаланған тұстарында көбірек жұмсалған. Мысалы, өзінің портретін берген бір өлеңінде: «Белгілі туған ер едім, Беліме садақ, асынған» десе, бұл жердегі садақ сөзі портреттің дәлдігі үшін емес, образ үшін алынған, өйткені беліне садақ асыну – бейнелі тіркесі ұрысқа сай ер-азаматтың символы болып табылады.

Жаугершілік лексика тобының образ үшін молынан қолда- нылғандығы олардың тұрақты эпитеттермен келген сәттерін- де тіпті анық көрінеді. Махамбетте де найза сөзі жалаң түрінен гөрі, егеулі найза, жалаулы найза, алты құлаш ақ найза, толғамалы найза, қималы найза, қоңыраулы найза деген эпитетті түрлерінде қолданылған. Сары жебе, сұр жебе, балдағы алтын ақ болат, қарқыны күшті көк семсер дегендер де осы қатардан табылады.

Жаугершілікке қатысты тек есім сөздер емес, етістіктер де ақын тілінде едәуір орын алады және олардың басымы бұрын қалыптасқан жеке сөздер мен тіркестер болып келеді: әскер жиып аттану, жауға тию, қамалды бұзу, оқ ату, оқ тию, жау тоқтату, садақ асыну, қанға боялу, қанды көбік жұтқызу, жандасу, қырылу, кескілесу т.б.

Махамбет тіліндегі екінші бір көзге түсетін белгі – көне сөздердің қолданылуы. Ол көнелер – бұрынғы поэзия тілінен келе жатқандар. Махамбеттің өзіне дейінгі әдеби дәстүрмен іліктестігінің тағы бір айғағы осы жерде. XV-ХVIII ғасырларда Қырым жері мен Азаулы (Азов), Дон, Еділ, Жайық бойларында жасап өткен Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттерде кездесетін сой (асыл тек), тарлан, тарпаң, араша, баттауық, сайғақ, ЕділЖайық, емсеу, жемсеу («Еділді көріп емсеген, Жайықты көріп жемсеген») сияқты сөздердің Махамбетте сақталу себебі – бір жағынан, оның өткендегі әдебі тіл байлығын жақсы пайдалануы болса, екінші жағынан, осы жырауларға Махамбеттің мекен- тұрағы жағынан жақындығы деуге болады. Өйткені бұл сөздер осы жыраулар дәстүрін ілгері апарушы Бұхарда кездеспейді немесе ақындық мектебін әрі қарай алып кеткен Дулат, Шортанбай, Шөжелерде де бұл көнелер жоқ.

Махамбет сөздігінде бұлардан басқа қазірде мағыналары күңгірт немесе өзгеше болып келетін бір топ сөздердің қолданылғандығын көрсетуге болады. Мысалы, қалықпан (құстың атауы), ереуіл (тың ат), толағай (тақыр бас), жетім (тұтқын), керіскек (аң?), қырқарлану (тізбектелу), зымыран (аң?), ала (азбан), алаулау (соғысу, ұрысу), маңғыстау (ілгері басу, жүру, адымдау), қары (туысқан), астана жұрт (бағынышты ел), қарашы (кеңесші) т.б. сөздер – қазіргі тілі- мізде кемде-кем жұмсалатын, сирек кездесетін элементтер. Бұлардың Махамбет ішіндегі көрінісі ақынның сөз қазынасын поэтикалық талғамға салып сұрыптай білген суреткер екенін танытады.

Махамбеттің сөзқолданысындағы және бір ерекшелік – әдеби-көркемдеу тәсілдеріне қатысты. Жоғарыда айтылды, ақынның көптеген эпитет, теңеу, метафоралары өзіне дейінгі бай ауыз әдебиеті мен ақын-жыраулар тілінен алынған. Сонымен қатар Махамбеттің өзі қосқан тың образдары қазақ поэтикасына әкелген үлесі болды. Бір ғана ел қамын жеген ердің, халқы үшін күрескен азаматтың образын білдіретін теңеулердің Махамбет бірнеше вариантын ұсынады. Мысалы, қызғыштай болған есіл ер, еркек қойдай бөлініп, қырқарланып өткен ер, таудан мұнартып ұшқан тарланым, кермиық, керіскендей шандозым, қас бәйтерек, шамданса – шалқасынан түсер асау, шамырқанса – шатынап сынар болат, түбін қазған бәйтерек, тауда ойнаған қарт марал, шарға ұстаған қара балта, ақсұңқар құстың сойы, екі тарлан бөрі, құстан туған құмай, қарақұстан туған қалықпан, суаруы қанық көк сүңгі дегендердің барлығы да – Исатайдай батырдың, оның соңына ергендердің теңеулері мен метафоралары. Бұлардың ішінде Исатайдан айрылған өзін түбін қазған бәйтерекке теңеуі, көтеріліс жеңіліп, арманда қалған күрескер образын шарға шауып мұқалған алмасқа, сұғуын таппай тот алған, суаруы қанық көк сүңгіге теңеуі – Махамбетке дейінгі поэтика қазынасында болмаған дүниелер. Сол сияқты қалықпандай қомданып жаумен айқасу, ағыны қатты Жайықты тіземен бұзып өту, қырдан қиқу төгілу (естілу емес, төгілуі), қайраңнан алған шабақтай қия бір соғып ас ету, адырнаны ала өгіздей мөңіретуі, Темірқазық жастану, қу толағай бастану сияқты образдар да – соны. Бұлар – Махамбет жаңалықтары.

Ақынның бұлар тәрізді метафоралы, теңеулі образдары қазақ поэзиясы тілін жоғары сатыға көтерді, осындай қолданыс арқылы жаңа образдар жасауда қазақ тілінің мүмкіндігі ора- сан зор екендігін танытты. Оның үстіне бұл образдардың айтылмақ ойға (шығарма идеясына) дәл келіп, қиысып жатуы қазақ поэзиясында мазмұн мен түрдің үндесуі дегенге үлес қосты деп тұжырымдауға болады.

Махамбет тілінде күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты сөздер жоққа тән, бұл – ақынның негізгі тақырыбына байланысты. Өлеңдерінің мазмұны өзі қатысқан көтеріліс, ханға, патшаға қарсы күрес болғандықтан, тұрмыстың өзге жақтары сөз болмайды. Тілші әлеуметтік-саяси салаға жататын хан, қара, қарашы, ақ сүйек тәрізді сөздерді ақын қоғам тақырыбында айтқан өлеңдерінде емес, күрес мазмұнды шығармаларында қолданған.

Сөйтіп, Махамбет – ХIX ғасырдың I жартысындағы қазақ әдеби тілінің әрі қарайғы дамуына үлес қосқан әрі өзіне дейінгі әдеби тіл дәстүрін жинақтап, бар қазынасын кәдеге асырып, жаңа бағытқа бет бұрған суреткер. Ол бағыт Абай негізін қалаған ұлттық жазба әдеби тілге апаратын принциптерді ұстағанынан көрінеді.

[1] Махамбет «қаламына» телініп жүрген «Жапанға біткен бәйтерек», «Айналайын, Ақ Жайық» деп басталатын толғауларды біз ақын мұрасына қоспадық. Олар – авторы белгісіздеу ортақ үлгілердің бірі.

[2] Мұны Шалкиіздегі мына жолдармен салыстырыңыз: Айырдан туған жанпоз бар Жүгін нарға салғысыз.

Арғымақтан туған будан бар, Күнінде көрінім жерді алғысыз. Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз…

Бұл жолдардың тіпті Шалкиіздікі болмауы да мүмкін, ол да – авторы беймағлұмданған ортақ үлгілер болуы әбден ықтимал.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *