Лексика құрамы және ондағы өзгерістер

Лексика құрамы және ондағы өзгерістер

XIX ғасырдың I жартысындағы (60-70-жылдарына дейінгі) қазақтың төл әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі – алдыңғы дәуірлерден сұрыпталып, нормаланып келген сөз байлығы болды. Оның басымы – қазақтың өз сөздері, екінші қабаты – араб-парсылық кірме сөздер. Әдетте, сөздік – заман айнасы. Сондықтан бұл кезеңде өздері білдіретін зат, ұғымдардың өмірден бірте-бірте қалып бара жатқанына қарай және сөз мағынасының ішкі семантикалық қозғалыс заңына орай кейбір сөз топтарының тіл тәжірибесінен ығыса бастауы немесе керісінше, қазақ даласына XIX ғасырда келе бастаған жаңа әлеуметіік, экономикалық құбылыстарға байланысты көптеген соны сөздердің пайда болуы сияқты процестер жүріп жатты. Дегенмен бұл процесс әлі де күрт түрде емес, баяу, біртебірте өзгеру сипатында болды. Бұған, біздіңше, екі фактор себеп болды. Бірі – бұрынғы ұғым, зат, құбылыстардың қоғам өмірінен әлі де үзілді-кесілді кетпегендігі. Мысалы, кәдеден қалып бара жатқан қару-жарақ атаулары мен қазақ қоғамының ішкі саяси-әкімшілік құрылысына қатысты сөздердің көпшілігі XIX ғасырдың I жартысында әлі де актив элементтер түрінде сақталды.

Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі ілгергі дәуірлердегі жаугершілік мотивтегі әдебиет үлгілерінің тілін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Демек, жаугер- шілікке қатысты бұрынғы образдар, оларды жасайтын тілдік құрал- тәсілдер молынан пайдаланылды. Бұл әсіресе жауынгер ақын Махамбетте күшті сезіледі. Оның тілінде бұрынғы найза, садақ, сүңгі, жебе, қорамсақ, адырна, сауыт, оқ, кіреуке, дулыға деген қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары да, қол, шерік (әскер), ер, жолдас, азамат («дружинник» мағынасында), аламан сияқты «қару ұстайтындардың» атаулары да өз мағыналарында еркін жұмсалады. Олар бұрынғыша тұрақты эпитеттермен келіп, образ жасауға да актив қатысады: алты құлаш ақ найза, толғамалы найза, қималы найза, қоңыраулы найза; садақ толған сай кез оқ, қызыл сырлы жебе, қозы жаурын оқ, сұр жебелі оқ т.б. Бұл кезеңде тек Махамбет емес, жалпы батырлық, жаугершілік тақырыпты да сөз еткен өзге ақындар да бұрынғы әскери сөз қоймасына жүгінеді. Мысалы, «Еспембет» поэмасында Дулат та кіреуке, жеңсіз берен, адырна, бадана көз тоғыз тор сауыт, сары ырғай садақ, найза, семсер, оқ, білтелі сөздерін қолданады. Сонымен қатар бұларда әскер сөзі жандана бастайды, ол бұрынғы шерік, қол сөздерінің тепе-тең баламасы ретінде жиі жұмсалады. Бірақ осы атаулар әдебиет үлгілерінде азая береді. Тіпті «Мен едім Исатайдың Шерниязы» деп өткен Шернияз ақында соғысқа, ұрысқа қатысты сөздер әлдеқайда кем ұшырасады. XIX ғасырдың I жартысындағы аты аталғандардан өзгелерде олар тіпті жоққа тән.

Тілдегі өзгерістердің қауырт болмауының екінші себебі – әдеби тілдің дамуындағы іліктестікке байланысты. Мысалы, орда, хандық, «жұрт» мағынасындағы байтақ, «қазақ халқы» ұғымын білдіретін алаш, «рулас, ағайын» мәніндегі қарындас, «алыс, шет аймақ» мағынасындағы қырым, «тұтқын» мағы- насындағы жетім «заңды, заңсыз» деген ұғымдарды беретін теңдікті,. теңдіксіз сөздері, «ұл, бала» мағынасындағы көбеген, көбек, ұлан, «ойрандалу, жаудан жеңілу» ұғымындағы бүлу, «қоластындағы халық» мәніндегі астана жұрт, аса жұрт, әлеуметтік топ ұғымындағы бұзық, оның синонимі – тентек, «ұрыс» мағынасындағы соғыс, «жазу» мағынасындағы сызу («Шежіре туған адамның көкірегі сызған хатпен тең» – Дулат) сөздерінің XIX ғасырдың 60-70-жылдарына дейінгі қазақ әдеби тілінде орын алып келуі – әдеби тіл дәстүрінің жемісі.

Бұл сөздердің барлығы бұрынғы эпитеттерімен, тіркесу үлгілерімен (модельдерімен) сақталып, әрдайым дерлік образ үшін қолданылады. Махамбет: Алты сан алаш ат бөліп, Тізгінін берсе қолыма десе, алты сан алаш «көпшілік, ел» дегенді білдіріп, тұтас сөйлем «қолға ерік тисе, еркім болса» дегеннің образын жасайды. Шортанбай: Текті құс қарар қырымға дегенінде бұрынғы мәтелді қолданып отыр. Дулат: «Ту ұстап, тұлпар мініп, елді аузына қаратпаған адам жігіт пе» деген идеяны білдіру үшін бұрынғы ұлан сөзін қолданады, осы көне тұлға арқылы экспрессияны күшейтеді, образ жасайды.

Егер XIX ғасырдың I жартысындағы әдеби тілде бір алуан көнерген сөздер сақталған деген пікір айтсақ, ол осы фактілерге қарап айтылады.

Сонымен қатар бұл кезеңде қоғам өмірін, оның әлеуметтік, экономикалық жай-күйін, өзгеріс-жаңалықтарын суреттеу – көркем әдебиеттің басты тақырыбы болғандықтан, ел басқа- руға, әкімшілікке, әлеуметтік құрылысқа қатысты ұғымдарды атайтын сөздердің бұрынғылары (мысалы, хан, ханзада, ханым, ханша, төре, сұлтан, бек, би, ақсүйек, қазы, бай, кедей, төлеңгіт, жатақ, қарашы, қара, қара қазақ, қара жұрт т.б.) өздерінің атауыш (номинатив) мағыналарында актив қолда- нылып, сөздік қорына қосыла бастайды. Айталық, патша сөзі екі түрлі мағынада жұмсалады: бірі – жалпы билеушіні атайды, ол образ үшін айтылады. Екіншісі – нақты бір әмірші – Ресей империясының монархын атайды. Сол сияқты халық сөзі екі түрлі мағынада жұмсала бастайды: бірі және бастысы – оның «жұрт, көпшілік» ұғымында қолданылуы. Мысалы: «Қоластында халқының бәрін бірдей көрген соң» (Дулат); «халқымнан безіп барамын» (Алмажан); «Сүйткен бір қайран халқым-ай, Қасыма бір келмедің» (Махамбет). Екіншісі – осы күнгідей жалпы мағынада.

XIX ғасырдың орта тұсынан бастап ене бастаған жаңа сөздердің бірі – Шортанбай сияқты ақындардың таным тұр- ғысынан бағаланған зар заман, ақыр заман, заман ақыр тіркес- тері. Соңғы тіркес, әдетте, діни ұғымға қатысты бұрыннан бар болғанмен, енді ол зар заман дегеннің синонимі ретінде де келеді (осы атаудан шығарып, кейін қазақ әдебиеттану ғылымында «зар заман ақындары» деген терминдік тіркес те қолданылып кеткені мәлім).

Әсіресе бұл кезде тілде билеуші топ пен бағынышты қалың бұқараны, бай мен кедейді қарама-қарсы қойып, ажыратып атау тенденциясы күшті: хан/қара халық, қара жұрт; ақсүйек/ қара; бай/кедей/жарлы т.б. Бұл топқа патша үкіметінің қазақ даласын билеу жөніндегі 1822, 1868 жылдардағы реформаларынан кейін енген аға сұлтан, болыс, майыр, старшын, онбасы, елубасы, ұлық, тілмаш, қара шығын, алым-салық, шаңырақ салығы, зекет, қайыр, абақты, малды қағаздату сияқты сөздер жатады. Ондаған жаңа ұғымдардың атаулары қазақ тілінің өзіңде бұрыннан бар сөздер болғанмен, олардың ендігі беретін мағыналары нақтылы бір әкімшілікке, шаруашылықта байланысты жаңа болып келеді.

Сауданың, оның ішінде орыс саудасының қазақ жерінде күшейе түсуіне байланысты қолданылатын сөздердің ішінде бұрыннан бар сауда, саудагер, ақша, бұл, сату, батпан, таразы сияқтылар жиірек ұшыраса бастайды. Оның үстіне пайда, өсім, несие, қарыз деген сөздер терминдік дәрежеге көтеріліп, белгілі бір сауда-ақша операцияларының атауларын білдіретін болады. Сірә, теңге, сом, тиын, кір сияқты сөздер осы кезеңде ғана енген немесе активтенген элементтер болар.

Шаруашылықтың жаңа түрлеріне байланысты ылауға ат алу, ат жалдау, кіре тарту, шаруа жию, шаруа істеу тәрізді нақтылы іс-әрекеттердің аналитикалық атаулары пайда болып, көркем әдебиет тіліне енеді. Бұлар бірте-бірте атаулық (кейде тіпті терминдік) сипат алады.

Біздіңше, қазақ тілінде сайлау, атқамінер, ел пысығы деген сөздер де – өткен ғасырдың орта тұсында пайда болғандар. Сайлау – әкімшілік жүйесіндегі жаңа тәртіпке сай актінің атауы.

Қазақ қоғамының жаңа кезеңіндегі әлеуметтік топтардың атауларының ішінде 50-70 -жылдардағы әдеби тілде жиі қолданылған сөздердің бірі – ұлық. Бұл да – қазақ жеріндегі орыс империясының жаңа әкімшілік саясаты мен құрылысына қатысты терминделе бастаған атау. Бұл сөзбен қазақтардың өз ішінен шыққан әкімдерін де, орыс әкімшілігінің билеу- шілерін де атайды: «Орыстың көрсе ұлығын…»,  «жақсы болса ұлығы, өз елін жаудай таламас» (Барақ сұлтан жайында – Дулат) немесе: «Қазіргі қазақ ұлығы» (Дулат). Оның есесіне кейбір әкімшілік атаулары ығыса бастайды. Хандық институты жойылуымен байланысты 50-60-жылдардағы әдеби тілде хан сөзі көбінесе образ үшін ғана жұмсалады.

Әкімшілік жүйесіндегі адамдардың пара алуы, ірі байлар- дың мал ұрлығын кәсіпке, дағдылы әрекетке айналдыруы қазақ әдеби тілінде парақор, ұры, ұры-қары сөздерін де әлеуметтік терминология саласына шығарған. Бұл кездегі әдеби тілде қолданылған ұры сөзі жай ұрының емес, қоғамдық мәні бар актіге өз бетімен және көбінесе арнайы жұмсаумен араласатын адамды білдіреді. Сондықтан да Дулат: Ақтайлақ пен Аққожа, Құрық берді ұрыға дейді.

Көркем әдебиет тіліне еркін және жиі ене бастаған сөздер- дің келесі тобы – оқу-ағарту, мәдениетке қатыстылар. Бірін- шіден, біртабан ілгері жылжыған қазақ қоғамында оқу, рухани дүниенің сөз бола бастауы – занды құбылыс, екіншіден, Махамбет, Дулат, Шортанбайлар мұсылманша сауатты ақындар болғандықтан, оқу-білімді, өнерді сөз етпей немесе осы сала- ларға қатысты сөздерді не тура мағынасында, не образ үшін пайдаланбай отыра алмағандары және түсінікті. Сондықтан өткен ғасырдың I жартысында-ақ, әсіресе, 50-70-жылдарынан бастап, қазақтың төл әдеби тілінде молда/молла, сабақ, сабақ алу, сабақ оқу, хат («жазба дүние» мағынасында), сызу («жазу» мағынасында), сызған хат, кітап, кітап сөзі, оқымалды («білімді»), ұстаз, өнер, ғалым («сауатты адам»), ақын, шайыр, ділмар, шешен, жыршы, жыр, жаршы (сірә, жыршы болуы тиіс), медресе, өнерпаз, әріп («29 әріптің жайын білмек керек-дүр»), ғалым, мәселе кітап, бәйіт («өлең»), сөз («өлең, туынды»), насихат («ақыл»), қалам, сия сөздері қолданылады.

Бұлардың ішінде хат, насихат, ғалым, сызу сөздері ол кезде осы күнгі мағынасынан өзгеше жұмсалған, қалғандарының мағынасы қазіргі кездегідей түрде қалыптасып, бізге жеткен. Әсіресе өнер, өнерпаз, ақын, кітап, «оқуға» байланысты мәндегі сабақ, сабақ оқу, «мұғалім» мәніндегі ұстаз сөздерінің осы күнгі мағыналары XIX ғасырдың орта шендерінде пайда болып, қалыптасқан деп табамыз.

Біз талдап отырған кезеңдегі әдеби үлгілердің тілінде бұл күнде сол мағынада актив жұмсалмайтын  және бір алуан сөздер бар. Олардың бірқатарын не көне, не жергілікті сөз деуге де болмайды. Мысалы, Махамбет шығармаларында ереуіл, қалықпан, қу толағай бастану, мінкен, қырқарлану, керіскен керіскендей шандозым»), емсеу, жемсеу, кескекті ер, мейманасы тасқан, зымыран, алаулау (соғысу), мараю («Астыма мінген арғымақ, Аяндай түсіп марай ма?») деген сөздер – не сол дәуір үшін, не қазіргі кезең үшін норма да, актив те емес. Олар Махамбеттен өзгелерде ақын қолданған ұғымда кездеспейді. Бұлардың бірсыпырасының білдірген мән-мағынасын біз сөздердің қолданылу тарихына арналған бір еңбегімізде бұрынырақ көрсеткен болатынбыз: ереуіл – монғол сөзі, мағынасы «тың, күшті», бұл контексте жорыққа алып шығатын қосалқы (запастағы) атты білдіреді; қалықпан – құстың, ірі жыртқыш құстың аты, түбірі қалық – көне түркі тілдерінде «аспан» деген мағынаны білдіретін сөз, ол Махамбет текстінде мықтылықтың, айбарлылықтың символы («Мен қара құстан туған қалықпан… », «Жалаулы найза қолға алып, Қалықпандай қомданып»); қу толағай сөзі «тақыр бас, жалаңаш бас» дегенді білдіреді (бұл сөз Шал ақында да бар: «Тау толағай көрінер тасы кетсе»; Дулатта да бар: «Төрт түлікке толтырды, толағай тұлдыр қыратын»); қырқарлану «тізбек құру, қатар түзу» деген мәнді, емсеу «сусау, шөлдеу», жемсеу «жем жегісі келу» дегендерді, алаулау «шабуылдау, соғысу» дегенді білдіреді[1].

Сол сияқты Дулат, Шортанбайлардағы мәт, жолан, мұза («мініп шығар мұзаға»), топырыш, кегежекегеже туған, кер кеткен»), әкпіш, ырғын (ит ырғын да көл-көсір), ылат («Алпыс келдің арсаңдап, Нөсер жауған ылаттай») сөздері де – көп үлгілерге ортақ, әдеби нормадағы элементтер емес. Оларды қаламгердің өзі жасаған жаңа сөздер (неологизмдер) деуге де болмайды. Сол сияқты Шортанбай өлеңдеріңдегі көксім, шернеу, селебе (мұнда ол «қылыш, пышақ» дегенді білдірмейді) сөздері де көпшілікке таныс емес.

Қазақтың ескі жазба әдеби тіліне тән кейбір сөздер мен тұлғалар бұл кезең ақындарында кездесіп отырады. Мысалы: «Кетпей де нешік етермін» (Махамбет), «Амалым нешік Құдайға» (Шортанбай). Мұндай сирек сөздердің кездесу фактісі – XIX ғасыр ақындарының тіл байлығын сарқа пайдалана білгендіктерінің белгісі. Әсіресе образ үшін толағай, қалықпан, жолан, топырыш, ылат, мәт (мат) тәрізді сөздерді кәдеге асырулары – ізденістің, тілдегі шығармашылық әрекеттің куәсы.

Сөз болып отырған кезендегі лексика құрамында кездесетін жергілікті ерекшеліктердің көрінісіне келсек, мыналарды айтуға болады. XIX ғасырдың I жартысында қазақ даласының батыс аймақтарынан шыққан ақындар тілінде қазірде әдеби нормаға жатпайтын біраз сөз бар. Олардың бірқатары бір кезде Қазақстанның көптеген өлкелерінде жиі қолданылып, жергілікті элементке кейін айналғандар. Мысалы, «ел», «жұрт» мағынасындағы байтақ сөзі – көбінесе эпостық жырлар мен батыс аймақтарынан шыққан ақындарда кездесетін диалектілік архаизм. Бұл күнде сой сөзін «ата тек», «нәсіл» мағынасындағы батыс говорларына тән диалектілік сөз деп жүрміз. Ол өткендегі «батыс» ақындарында да жиірек қолданылған: «Мен ақ сұңқар құстың сойы едім», «Мен кескекті ердің сойымын» (Махамбет), «Асыл сойдың баласы», «Шығаруға сой керек» (Шернияз). Сонымен катар бұл сөзді қазақ жерінің екінші қиыры – Аякөзде туып-өскен, бар өмірі осы өлкеде өткен Дулаттан да кездестіреміз: «Адал сойы мен емес Пірдің сөзін тұтынған». Мұны Абайдың баласы – Ақылбай ақыннан да табамыз: «Үлбіреген ақ тәнді, көзі көкшіл, Не қылса да ол жақсы адам сойлы» («Зұлыс» поэмасынан). Соған қарағанда, бұл сөз өткенде жалпыхалықтық тілге тән, бірақ сирек қолданылатын ортақ элемент болғанға ұқсайды.

Махамбет, Шернияз, Алмажан, Байтоқ, Жанұзақтарда кездесетін шандоз, зәуде (кездейсоқ), жігі-жапар болу (ынтасымен кірісу), сыңайы (реті, шамасы), жандасу (өліспей берілмеу), қасқару, жұрт сұрау (ел билеу) сөздері қазірде қазақ тілінің батыс говорларына тән диалектизмдер қатарында қаралады. Сондай-ақ XIX ғасыр әдеби үлгілерінің мәтіндерінен қазірде оңтүстік-шығыс говорларына тән бірқатар сөздерді табамыз. Мысалы, Шортанбайда шата сөзі (әкесі белгісіз бала), Дулатта тантық (мылжың), дегдар (асыл), бошалаң (бос, ынжық), бияпыр т.б. сөздер кездеседі.

Бұл көрсетілген сөздер қазіргі қазақ лексикасының әдеби нормасы бойынша диалектизмдер болып саналғанымен, олар өткен дәуірлерде әдеби тіл элементтеріне жатады. Өйткені ұлттық жазба тіл қалыптасқанға дейінгі әдеби тіл нормасын жасауға сол тілдің барлық говорлары қатысады.

[1] Бұлар жөніндегі толық талдауларды мына кітаптан қараңыз: Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. — Алматы, 1980.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *